– Тұңғыш Президент мәртебесі мәселесіне келетін болсақ, Конституцияда бұл Конституциямен және конституциялық заңдармен реттеледі деп жазылған. Жұмыс тобы бұл мәртебені Конституцияның өзінде анықтау керек, бұл норманы нақтылайтын заңдарға емес, Конституцияның өзіне жүгіну керек деген қорытындыға келді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы. Яғни, бұл мәртебе белгіленді. Меніңше, бұл өте маңызды, өйткені оның сіңірген еңбегін, объективті фактіні бәріміз де көрдік, бүкіл әлем көрді, ол Конституцияда бекітіледі, – деді Әбдірасылов.
Қазақстанда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа айрықша мәртебе беретін конституциялық заң онсыз да бар. 2000 жылы қабылданғанн "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы" заң Нұрсұлтан Назарбаевқа айрықша құзыреттер мен кепілдіктер береді.
Мәселен, заңға сәйкес Н.Назарбаев айрықша ерекшелік белгісі - Алтын жұлдыз және "Отан" орденіне, "Халық қаһарманы" (Народный герой) атағына ие.
♦ Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының заңды қызметіне кедергі жасауға, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентін - Елбасын көпшілік алдында қорлауға немесе оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қол сұғуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының бейнесін бүлдіруге жол берілмейді және ондай әрекеттер заңмен қудаланады.
♦ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына ешкімнің тиісуіне болмайды. Ол өзі Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттіктерін орындау кезеңінде жасаған, ал бұлар тоқтатылғаннан кейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы деген өз мәртебесін жүзеге асыруға байланысты әрекеттері үшін жауаптылыққа тартылмайды. Оны ұстап алуға, қамаққа алуға және күзетпен ұстауға, тінтуге, одан жауап алуға не жеке басын жете тексеруге болмайды.
Тиіспеушілік Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі барлық мүлікке, сондай-ақ олар пайдаланатын тұрғын және қызметтік үй-жайларға, қызметтік көлікке, байланыс құралдарына, жазысқан хаттарына, оларға тиесілі құжаттарға қолданылады. Тиіспеушілік Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының қорына және ол құратын өзге де заңды тұлғаларға тиесілі мүлікке де қолданылады.
♦ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі мүлікке, сондай-ақ ол құратын заңды тұлғалардың мүлкіне қандай да бір шектеулер қойылмайды.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің банктік шоттарының банктік құпиялығына және оларға тиіспеушілікке кепілдік беріледі.
Ел ішінде соңғы уақытта, әсіресе қаңтар оқиғасынан кейін Н.Назарбаевты осы айрықша статустан айыру, "ҚР тұңғыш президенті – елбасы" туралы заңды жою туралы ойлар жиі айтылып жүр. Тіпті 18 қаңтарда аталған заңның күшін жою туралы петиция іске қосылып, 54 мыңнан астам қол жиналған.
Пікір қалдыру
пікір