Мағжанның ойлау стилі

/image/2023/10/16/crop-8_10_279x496_unnamed-1.jpg

Стилистика ғылымының негізгі өзегі – ойлау стилі. Стилистика – ең алдымен стиль туралы ғылым. Стилистика қарастыратын «стиль» ұғымы күрделі де қызықты. Стилистика ғылымында жалпы стильге қатысты ғылыми анықтама, ережелермен қатар жалпы стильдің кең мағынасында алғанда сан алуан түсінігі ұшырасады. Оның басты факторлары, біріншіден, стилистика ғылымының тарихи даму жағдайымен түсіндіріледі, екіншіден, «стиль» ұғымының күрделілігінен туындайды. Стиль – латынша stylos (қазақша – жазу құралы) деген сөз. Латын тілінде кейіннен стиль сөзі «жазу мәнері», «мәнерлеу өнері» деген мағынада көп функционалды сипатқа ие болды. Стиль белгілі бір тілдегі лексикалық, грамматикалық және фонетикалық тәсілдердің қолданылу принциптері деген анықтама жалпы тіл ғылымында ұзақ уақыт қолданылып келді. Алайда, стильге басқа да ізгіліктендіру саласындағы ғылымдар қаншама анықтама мен ғылыми тұжырымдар мен концепциялар ұсынып жатыр. Стильге кейін берілген анықтамалар мен ғылыми концепциялар жоғарыда айтылған анықтаманың тар мағынада айтылғанын дәлелдейді. Жалпы дәстүрлі практикалық стилистикада «стиль» термині тілдің нормативті-стилистикалық ережелеріне сәйкес келу дәрежесін білдіреді (мысалы, «жақсы стиль», «нашар стиль»). Стиль терминінің кең мағынасы сөйлеу мәнерін білдіріп келсе, тар мағынасы жеке шығарманың немесе жазушы шығармашылығының тілдік ерекшелігі (көркем әдебиет стилистикасы тұрғысынан алғанда) дегенді білдіреді. Соңғы мағынасында «стиль» термині әдебиеттану ғылымында да қолданылады. А.Байтұрсынов стильді тіл қисыны мен лұғат қисынының бірігуі деп таниды.

 

Алкебаева Д.А.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

профессоры, филология ғылымдарының докторы

Алкебаева Д.А.

Стиль түр мен мазмұнның бірлігін қалыптастырып, көркем мәтіннің тұтастығын қамтамасыз етеді. И.В.Гете мен Г.Гегель стильді дүниені танудың көркем белгісі деген ғылыми тұжырым ұсынған болатын. Стиль жайында В.В.Виноградов «стиль көп мәндес» деген пікір айтса, зерттеуші Л.Шепилова стильді әдіс ретінде танып, «әдіс – өмірді образ арқылы көрудің айрықша түрі» дейді. Жалпы филологиялық зерттеулерде әдіс – өмірді образ арқылы көрудің айрықша түрі деген түсінік әдебиеттану ғылымы бойынша көркемдік әдіспен байланыстырылып түсіндіріледі. Көркемдік әдіс туралы ғылыми анықтамалар сан алуан болып ке¬леді, осылайша жеке жазушының стилі, ақынның стилі деген түсінік қалыптасып кетті.

Стиль филологиялық зерттеулерде тіл көрінісі ретінде өнердегі стильден ерекшеленіп, шығарманың мағыналы түрі, эстетикалық. тұтастық ретінде мойындалды. М.М.Бахтин стильге ерекше мән беріп, пікірталас қарама-қайшылықтары жаңа стильді қалыптастырушы күшке ие болады деген еді. Қазақ әдебиеттану ғылымында стиль ұғымына жазушының тілі, сөйлем құрылысы, мәнері, шығармаларының композициясы, оқиға дамыту әдістері, тақырып таңдаулары, жанрлық ерекшеліктері, тағы басқа компоненттер кіреді. Ең орталық мәселе идеялық мазмұн болып саналады. Белгілі бір идеяны оқырмандарына қай жазушы қалай айтып береді, олардың ой-сезімдеріне қалай әсер етіп, көздеген негізгі нысаналарына қандай шеберлік әдістерді пайдалану арқылы жетеді деген мәселелерді анықтауды мақсатқа алады.

Бюффер «стиль – адам» деп анықтама ұсынып кеткен уақыттан бері бұл жазушының өзіне тән творчестволық ерекшеліктері деген сөз ретінде қарастырылып келген болатын. Бір жазушының басқа қаламгерден ерекшелігі оның өзіне ғана тән қолтаңба деп те танылады. В.Г.Белинский «слог» сөзін стиль мағынасында қолданады: «Слог – сам талант, сама мысль», «в слоге весь человек: слог всегда оригинален как личность, как характер» деген еді. Осы тұрғыдан алғанда ойлау стилі мен талант ұштастырылғанда ойлау стиліне барып тіреледі екен.

Стиль жалпы алғанда шығармашылық процестің, көркемдік ойлау процесінің, көркемдік қарым-қатынастың, туындының факторы болып табылады.

«Стиль әдіске де, дүниетанымға да, суреткердің жеке басы мен жазу машығына да, өз дәуірі жөніндегі ұғымы мен өз шығармашылығының ұлттық сипатына да бірдей қатысты. Жиі айтылып жүрген стиль – жалпы стиль туралы көп сипатты түсінік пен анықтамалардың, пікірлердің кемел тұтастығы деген пікірлердің де маңызы зор. Стиль – жазушының барлық туындыларын түгел қамтиды. Стильді поэтикалық тұрғыдан зерттеген ғалымдар В.Виноградов, М.Бахтин, А.Чичерин, А.Соколов, Г.Поспелов, Л.Тимофеев, В.Ковалев т.б. М.Я.Поляков та стиль мәселесін әдебиеттану тұрғысынан зерттеп, оның жанрға, жалпы көркемдік жүйеге қаты¬сын сөз қылады. Поляковтың ұстанымы «стиль дегеніміз – ізделіп отырған шама, ал, мәтін – шындық» деп, көркем мәтіннің бүкіл табиғаты, оның ерекшелігін тану стильмен байланысты десе, шығарманың көркемдік бейнелеу түрі стиль қасиетіне ие болады.

Жоғарыда айтылған теориялық тұжырымдар мен пікірлерге назар салсақ, стильді ең әуелі экспрессивті мағына үлесіне тиетін және белгілі бір сапаға ие болған форма жүйесі ретінде түсіндіреді. Сол арқылы суреткердің даралығы көрінетіндігін басты назарға алуды стильдің нәтижелі қорытындысы деп айтады. «Поэтикалық тіл» анықталған композицияның бөлімі ретінде қабылданады. Нәтижесінде стиль жалпы категория ретінде өзіне композицияны да, стилистиканы да қосады. Сондықтан әрбір поэтикалық лексиканың ерекшелігі «эстетикалық нысанның барлық композициялық сипатының ескерілуімен құрылады» деген ғылыми анықтамаларда беріліп жатады.

«Стиль әдіске де, дүниетанымға да, суреткердің жеке басы мен жазу машығына да, өз дәуірі жөніндегі ұғымы мен өз шығармашылығының ұлттық сипатына да бірдей қатысты, әрі стиль – әлгі айтқан пікірлердің кемел тұтастығы» деген пікірлер стильді көркем бейнелер арқылы игерілген өмірлік шындықты жеткізудің амалы, оқушыны иландыру мен эстетикалық қуатқа сендіретін жол деп түсіндіріледі. Стильге қатысты ой-тұжырымдардың қай-қайсысы да айналып келгенде, сөздің бейнелі әрі көркем түрде қолданысына келіп тіреледі.

Стиль өнертану саласында да көптеген қызығушылық тудыр¬ғаны белгілі, алуан түрлі анықтама мен ғылыми концепцияларға өте бай. Жалпы лингвистикалық тұрғыдан алғанда стиль шығарманың мағыналы түрі, эстетикалық, көркемдік тұтастық ретінде мойындалды. Сондықтан лингвистикадағы стильге берілген ғылыми анықтама мен ережелер өнердегі стильден ерекшеленіп, өзіндік тұжырым ретінде қалыптасты.

Лингвистикалық әдебиеттерде айтылған стиль туралы ғылыми тұжырымдардың негізгі тетігі тілдік және тілдік емес факторларға байланысты. Бұл туралы ғалымдар көптен бері айтып келеді. Атап айтқанда, ғылыми стильдегі ойлау факторы, психологиялық жағдаяттар, ауызекі сөйлеу стиліндегі ситуация мен контекст мәселесі т.б. жатады. Ал жалпы көркем әдебиеттегі ойлау стилі немесе жеке тілдік тұлғаның ойлау стилі туралы ғылыми пайымдау қазақ тілі үшін жаңаша зерттеулерді алға тартады. «Ойлау стилі» – ауқымы кең ұғым. Дүниеде не жүйрік, ойдан жүйрік ешнәрсе жоқ. Жалпы ойлау адамға тән құбылыс екені баршаға мәлім, ойлау туралы айтқанда жеке тілдік тұлғаның ақыл мен танымы, жекелеген қасиеттері, интеллектуалдық қабілет пен логикалық ойлау, т.с.с. мәселелерге иек артып, межеге алынғанда ғана оның ғылыми пайымдаулары мен концепцияларын шығаруға болады.

Жеке тұлғаға қатысты ойлау стилі – туа біткен интеллектуалдық қабілет пен барлық адамға ортақ қасиеттердің ой жүйесі, ақыл мен танымы, ойлауы, психологиясы, білім дәрежесі, өмірлік тәжірибесі т.б. жиынтығы. Жеке тұлғаның ойлау стилі туралы айтқанда, жанама факторлардың рөлі де маңызды орын алады. Жеке тұлғаның эмоциясы мен ой алғырлығы, ойлау актілері (жағдаят, әлеуметтік мәселелер т.с.с.), психологиясы т.б. қасиеттерімен тығыз байланыста қарастырылады.

Когнитивтік лингвистика психолингвистиканың теориялық негізі рәсімделгеннен кейін ғана мүмкін болды. Атап айтқанда, психолингвистер вербальды емес сананың, үнемі өзгеріп, жаңарып тұратын адам санасындағы кванттардан құралатын білімнің, концептортасының бар екенін дәйектеді. Тіл белгілері адам арасында маңызды ақпаратпен алмасу мақсатында пайда болатыны анықталды, жалпыға таралған және коммуникативті қажетті концептер үшін айтсақ, тіл белгілері концептуалды мәндер кеңістігіндегін тек нүктелі деп танылады, концептортасы тілдік құралдармен белгіленетін бөліктен едәуір кеңірек екені анықталды. Осыдан келіп психолингвистика теориялық жетістіктері когнитивтік лингвистика әдістемесін жасаудың негізі болып саналады.

Адам санасы вербалды емес, ол әмбебап пәндік код көмегімен жүзеге асады. Адамдар осы код белгілейтін бірліктер мен әмбебап пәндік код базасын құрауыштармен, концептер көмегімен ойлайды деген ғылыми пікірлердің толассыз көптігі, ойлау, сана мәселесімен тығыз байланысты.

Концепт – адам санасының қатыстылық, ойлау қызметінің жаһандық бірлігі. Адам санасындағы реттелген концепттер жиынтығы оның концептортасын құрайды.

Тіл – адам санасына, оның концептортасына, ойлау бірліктеріне жататын концептер мәні мен құрылымына жетудің бір құралы. Тіл арқылы сананың концептуалды мәнінің едәуір бөлігін танып, экспликациялауға болады. Тілдік бірліктердің лексикалық және грамматикалық семантикасын сипаттауға қолданылатын лингвистикалық әдістер бірте-бірте лингвокогнитивтік зерттеудің әдісіне айналады. Когнитивтік лингвистика тілде қандай да бір концепті репрезентациялайтын (объектілейтін, вербализациялайтын, сырт пішіндейтін) бірліктердің семантикасын зерттейді.

Концептерді объектілейтін тілдік бірліктер семантикасын зерттеу ойлау бірлігі болатын концептлер мәніне ену мүмкіндігін береді. Осыдан келіп қолданылатын тілдік бірліктер мағынасының жиынтығы тіл семантикалық кеңістігін құрайды да мағыналық – мазмұндық, прагмастилистикалық мән тудырады. Жалпы осы сала бойынша зерттеулер нәтижесі мынандай қорытынды жасайды, яғни концепт – концептортаның бірлігі, мағына – тіл семантикалық кеңістігінің бірлігі.

Мағана – тілдік сана элементі, концепт – когнитивтік («жалпы») сана элементі.

Концепт пен мағына – тең шамада ойлау, когнитивтік табиғат құбылыстары. Мағына, коммуникация мақсатында бекітілген тілдік белгі түрінде, ойлау бірлігі ретіндегі концепт бөлігі.

Отандық ғылымда концепт термині алғаш рет С.А.Аскольдов-Алексеевпен 1928 жылы қолданылған. Ғалым концептіні ойлау барысында бір текті шексіз заттар, әрекеттер, ойлау қызметтерін алмастыратын, ойлау құраушысы деп анықтады. Д.С.Лихачев концепт ұғымын тіл иеленушінің білім деңгейі, өзіндік тәжірибесі, кәсіби немесе әлеуметтік тәжірибесіне қарай болмыс құбылыстарын көрсетіп түсіндіретін, жинақтаушы ойлау бірлігі ретінде қолданылған. Д.С. Лихачев бойынша, концепт сөздер мағынасынан туындамайды, ол игерілген мағынаның сөйлеушінің жеке өмір тәжірибесімен байланысының нәтижесі деп таниды.

Е.С.Кубрякова концепт туралы мынандай анықтама ұсынады: «концепт – естің, ментальды лексиконның, концептуалды жүйе мен ми тілінің, әлемнің толық көрінісінің оперативті бірлігі, білім кванты. Ең маңызды концептер тілде көрініс алады».

Индивидумның ойлау стилінде қоғамдағы аналитико-синтетикалық күшке, шындыққа негізделген жеке идея болады. Ойлаудың кең көлемдегі аспектілері негізінен оның космологиялық өлшемі индивидумның әмбебап субстанцияларымен өлшенеді. Адамға табиғатынан берілген идеяның күші ойлаудан туады. Қарым-қатынастың ауқымдылығы және әмбебаптылық қоғамдық құбылыстарға негізделіп, адамның танымы мен ойлауын қалыптастырады.

Ойлау – тоқтаусыз күш. Бұл позиция тұлғаның таным-түсініктері мен қоршаған ортаға деген көзқарасынан анықталады. Адамның қоғамдағы болып жатқан оқиғаларға «мендік» тұрғыдан қарап, өзін әлемнің кішкене бөлігі ретінде сезінуімен айқындалып отырады. Яғни ойлаудың нәтижесі тіл арқылы бекітіліп, ұзақ процесс нәтижесінде белгілі бір ойлау стилі қалыптасады. Олай болса, ақын шығармашылығында өз ойларының көрініс табуы – оның ішкі әлемінің бейнесі, өзіндік ойлау стилі.

Ойлау стилінің көрінісі тұлғаның аса жоғары қабілеттілігімен, өзіндік ерекшелігімен астасқан, жеке «қолтаңбасының» қалыптасуымен байланысты. Яғни, адамның материалдық және рухани-мәдени дамуының нәтижесінде белгілі бір стильді орнатуы. Өз кезегінде ойлау стилі әр ұлттың мәдениетінің феномені ретінде көрінеді. Белгілі бір ұлтқа қатысты «ұлттың рухы», «ұлтжандылық» секілді ұғымдардың шығармаларда реалды бейнеленуі арқылы ақын немесе жазушының ойлау стилі жасалынады.

Осы орайда М.Жұмабаевты өз заманының шынайы бетпердесін ашқан, сол кездегі қоғамдық мәселелерге белсене араласқан, ұлттың жанашыры ретінде көреміз. Демек, осы тұрғыдан алғанда, М.Жұмабаевтың «ойлау стилі» – «ұлттық ойлау стилі», яғни ұлттың рухы Мағжанның ойларынан көрініс тапты.

Мағжан ойдың қаншалықты салмағы бар екенін «Ой» өлеңінде көрсетеді.

Ой деген – у,

Ауызға алсаң қандырад.

Ой деген – у,

Жанды есінен тандырад.

Ой деген – у,

Ішсең мас боласың.

Ой деген – у,

Ішесің де соласың.

Ой – бір теңіз,

Қап-қара боп тебіренед.

Ой – бір теңіз,

Толқындана күңіренед.

Ой – бір теңіз,

Шетсіз, түпсіз, тұңғиық.

Ой – бір теңіз,

Жан түседі жан қиып – деген өлеңінің өзі-ақ ой ақын үшін қаншалықты маңызды әрі күрделі процесс екенін танытып тұр.

«Ой» сөзін метафоралап құбылту арқылы ақын өз танымындағы «ой» ұғымын қалай ассоциацияласа, соны реалды түрде бейнелейді. Өзіндік таным-түсінігінің кеңдігі арқылы «ойлаудың» анықтамасын көркем бейнелейді. Ақын ойында әр уақытта дүниенің тілдік бейнесі тұрады. Жалпы тіл ғылымында дүниенің тілдік бейнесі әлем туралы түсінік пен ұғымның адам миында бейнеленуі деп анықтама беріліп жүр. Былайша айтқанда, белгілі бір ұлт тілінде көрініс тапқан, сол ұлт өкілдеріне ортақ, ұжымдық тәжірибе негізінде жасалған білімдер жүйесі. Дүние тіл арқылы танылады, танылған дүние тіл арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Адамның таныған дүниесі, көкірегіне түйгені оның тілінде таңбаланады. Тіл басқа адамның сөзді (тілді) жасау, айту, жазу, тыңдау, қабылдау, бағалау немесе қолдану, есте сақтау құбылыстарымен тығыз байланысты. Бұлардың бәрі жеке адамның, сол арқылы бүкіл халықтың ойлау қабілетіне, сондай-ақ олардың өмір сүру салты мен біліміне, тәжірибесіне тәуелді де болып келеді. Сондықтан да болар, адамның таным-түсінігі, білімі мен санасы, арманы мен тілегі, қуанышы мен қайғысы, тіпті мінез-құлқы да тілден көрініс табады.

Тілші ғалымдардың ішінде бірінші болып неміс ғалымы В.Гумбольдт тіл (язык), ой/сана (мышление) және дүние/әлем (действительность) деген тірек ұғымдарды жинақтай отырып, оларды бір-бірімен байланыстыра қарастырады.

Дүниені, тілді антропоцентристік тұрғыдан зерттеу ой мен тілді басты назарда ұстайды да сол арқылы тілдік ұстанымдарды негіздейді. Ой/сана арқылы дүниені танисың, ал тіл таныған сол зат пен ұғымға ат береді. Тіл – ойдың көрінісі. Ой тіл арқылы жарыққа шығады.

Жалпы тілдік тұлғаның ойлау стилінің даралық сипатын, оның шығармаларының ерекшелігін танытатын мәтіндер негізінде зерттеуге арналған еңбектер қатары көбейе түсуде. Осы тұрғыда стиль мәселесі қазіргі жалпы тіл білімі мен қазақ тіл білімінде төмендегідей бағыттарда зерттелініп келеді: 1) жоғары тілдік тұлғаның тілі когнитивтік-ассоциациялық және когнитивті-прагматикалық интенцияларын назарға алу; 2) ақын немесе жазушы тілін диахрониялық тұрғыдан сараптама жасау; 3) автор образын сөз образы арқылы талдау жасау; 4) шығармадағы кейіпкерлердің тілдік тұлғасын ашу арқылы шығарма авторының ойлау стиліне шығуды мақсат тұтқан зерттеулер; 5) жоғары тілдік тұлға бойындағы қасиеттерді оның ұлттық болмысына сай зерттеу.

М.Жұмабаевтың ойлау стилін былайша топтастыруға болады:

1) Ақын стилінің қалыптасуының негізгі жүйелерін анықтау (тегі, өмір сүрген ортасы, әдеби және тілдік, ұлттық-мәдени ықпал және т.б.);

2) Ақынның стилін қалыптастырушы жеке қасиеттерін танытатын ерекшеліктерді көрсету.

Қоғамдық санада, сонымен қатар жеке тұлғаның санасында сақталатын ұлттық-мәдени тәжірибе сол жеке тұлғаның тілдік әрекетіне де өз таңбасын түсіреді. Нақты айтқанда, ол – ақын тілімен жасалынған, шығармаларының көркем контекстіндегі белгілі бір тілдік бірліктердің таңдалыну тетігін, мәтіннің лексикалық құрылымында жасырынған ақпаратты анықтау, сол арқылы автордың ойлауын, психологиялық ерекшеліктерін көру, интеллектуалдық жеке қабілетін тану.

М.Жұмабаев – көркем туындыларында тілдің жүйелік құралдары арқылы өзінің дүние туралы түсінігі мен көзқарасын адамгершілік идеяларына сәйкестендіріп, жалпы адамдық идеялар туралы таным мен мәнділікке бағасын, мақсат-мүдделерін ойлау стилі арқылы белгілеген ақын. Ақын тұлғасын елдік мұрат-мүддемен, дәстүр, сабақтастық тұрғысынан зерделеуде, оның құндылықтар жүйесін, өмірлік ұстанымын айқындауда, дүниетанымын байыптауда осы мәселелерді негізге ала отырып қарастырудың маңызы зор.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар