• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

17 Мамыр, 11:26:14
Алматы
+35°

11 Желтоқсан, 2023 Барлық аймақтар

Жүрегіне жылу іздепті. Тозған ЖЭО-ны жөндеудің орнына

Рухани жалғыздығы бізге қымбатқа түсті. Қыста қалалар қатып, халық бүрсеңдейтін болды.

Фото: ашық дерек көздерінен алынған

Биыл да қыс келе салысымен Қазақстанның әр аймағында апат басталды. Жылыту жүйелері жарысқа кіріскендей кезек-кезек істен шығып, жылдағы жағдай тағы қайталануын бастады. Халық ашулы.

Жергілікті биліктердің жаз бойы ай қарап келгені ме, қыс түскелі бері Степногорск, Екібастұз, Ақтау, Балқаш, Теміртау, Риддер мен Жаңаөзенде жылу жүйелері істен шығып, шұғыл жөндеуді талап етті.

Жаңаөзен қалалық ауруханасының автономды қазандығы бұзылып, жаңа босанған әйелдер суықта жылусыз жатты. Оларға жылытқыш қолдануға рұқсат бермеген.  

"Перзентханада жел соғып, перде қозғалып тұр. Терезелерді көрпемен бітеп қойған. Мұндай суыққа шыдау мүмкін емес. Бұған дейін басқа палатада болдық, мұнда жылырақ болғандықтан, бізді осында ауыстырды. Жылытқыш сұрап едік, перзентхананың электр кернеуі шыдамайтынын айтып, оны қолдануға тыйым салды. Балалармен осында жатырмыз. Мұнда жаңа туған нәрестелер мен жаңа босанған әйелдер жатыр", – дейді Instagram-да видеосы тараған жаңаөзендік бір әйел. 

Осы перзентханада босанған әйелдер былтыр қаңтарда дәл осылай жылу өшіп қалғанын, краннан қашан да тек суық су ағатынын жарыса жазды. Әлия Тілеу дейтін әйел қыста сол перзентханада босанып, суықтан нәрестесі пневмонияға шалдыққанына шағымданады.

Күні кеше Риддерде кабель үзіліп, қазандық жұмысы тоқтады. Теміртауда ҚарГРЭС-1-де багер насос апаттан кейін ажыратылған.

Жыл сайын Қазақстан қалаларының тұрғындары «Құдайым, осы қыстан аман алып шықсыншы» деп тілейтін болды. Ақтаулықтар да қаладағы бітпейтін апаттарға, одан туындайтын қолайсыздықтарға наразы.

Күн бұдан да қатты суытса не болар екен? Жылыту маусымына дайынбыз дегені қайда?! 27-ші шағын аудан биыл әбден азап шекті. Жылыту маусымы басталғалы бір апта болмай, жылу берілу тоқтап қалды. «Ақтауда күнде бір нәрсе сынады. Сусыз отыр едік, енді жылусыз қалдық. Осы қалаға көшіп келгеннен бері түсінгенім – бұл қаланың сау, бүтін жері жоқ сияқты», деп жазыпты тағы бір тұрғын.

Президент іле-шала апат болған учаскелердегі жағдайды шұғыл реттеп, халықты жылумен және сумен қамтуды тез арада қалпына келтіруді, барлық елдімекендегі коммуналдық желілердің үздіксіз жұмысын жолға қоюды талап етті.

Ал экс-дипомат, саясаткер Қазбек Бейсебаев мұның бәрін селқостықтың нәтижесі дейді.

Қазақстан жазы ыстық, қысы суық климаттық аймақта орналасқан. Елдің басым бөлігінде қыз аязды келеді. Ендеше жылумен қамту мәселесі біз үшін бірінші орында тұруы керек.

Жылу беру маусымы аяқтала салысымен барлық жабдықтар мен жүйелерді тексеріп, жөндеуге дереу кірісуіміз қажет еді. Негізі, өзінің жеке үйінде тұратын ауыл мен қала тұрғындары осылай істейді. Ал биліктің бұған неге дұрыс көңіл бөлмейтіні үлкен сұрақ. Мұның айғағы – былтыр қатып қалған Екібастұз бен қазіргі апаттар.

– Жылу жүйесінде апат неге көбейді?

– Жауабы анық. Тозған, бүкіл республика бойынша күрделі жөндеуді қажет етеді. Жөндеу мен профилактикалық жөндеу жұмыстарын жүргізбеген. Алдау, сыртын әшекейлеу, қатырдық деп репортаж тарату бірінші орында. Билік мегажобаларға қыруар қаржы бөліп, соның қызығын көруді көбірек ойлайды.

Ресми түрде 2,5 млрд доллар жұмсалған ЭКСПО көрмесін мысалға келтіруге болады. Іс жүзінде көрменің шығыны одан да көп болды. Бұл ақшаға бүкіл елдің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын толығымен жаңартып, жылумен қамту жағын ретке келтіруге болар еді. Бірақ жүрегі мен жүйкесі жалғыздықтан күйзелген бір атаның уақыты болмады, ол Нобель сыйлығын көксеу мен билікті ұлдарыма қалай қалдырсам дегенді ойлаумен отырыпты. Бүкіл мемлекеттік аппарат елге емес, бір кісіге жұмыс істегенін айта кетейік. Оның рухани жалғыздығы бізге қымбатқа түсті. Енді оның азабынан азаматтарымыз тоңып өлуі мүмкін.

Әсем Жұмақан

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: жылу маусымы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір