Дмитрий Медведев, РФ премьер-министрі: НАТО МЕН РЕСЕЙ ҚЫРҒИ-ҚАБАҚ СОҒЫСТЫҢ АЛДЫНДА ТҰР (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170708220401346_small.jpg

Мюнхенде өтіп жатқан қауіпсіздік жөніндегі конференцияда сөз алған РФ премьері Дмитрий Медведев НАТО елдері мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың шиеленіскенін, жағдайдың қырғи-қабақ соғыс кезіндені ахуалға қайта шегінгенін айтты, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.

«Біртұтас Еуропа ақыры болмады, біздің экономикаларымыз өте баяу өсуде. Таяу Шығыс елдерінде, Солтүстік Африкада жағдай ушықты. Миграциялық коллапс орын алуда. Еуроодақ пен Ресей қарым-қатынасы бұзылды, Украинада азаматтық соғыс болуда», - деген Д. Медведев НАТО мен РФ қарым-қатынасына қатысты да ойын білдірді.

«Күн сайы бізді біресе НАТО үшін, біресе жеке Еуропа үшін, енді бірде Америка, тағы басқа елдер үшін үлкен қауіп деп жариялап жатады. Орыстар ядролық соғыс бастайтыны туралы қорқынышты фильмдер түсірілуде. Кейде мен «Біз 2016 жылда жүрміз бе, жоқ әлде 1962 жылдамыз ба?» деген ойға қаламын», - деді ол.

Алайда, Ресеймен соғысатындай НАТО жынды емес деген НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенбергтің жауабы Медведевті мазақ қылғандай сөз болды.

«Кейбіреулер НАТО Ресеймен соғысуға құштар айкезбе (лунатик – ред.) деп алаңдайды. Мен бұл алаңдаушылықты түсінемін, бірақ онымен келісе алмаймын», - деген Йенс Столтенберг әскери ұйымның Мәскеумен конструктивті диалог жүргізуге қабылетті екенін жеткізді.

Германияның сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер де Suddeutsche Zeitung неміс газетіне қырғи-қабақ соғыстың ауылы алыс екенін айтқан.

«Біз мүлдем қырғи-қабақ соғыс жағдайында емеспіз. Мен оның сөзін біз қырғи-қабақ соғысы кезеңіне қайта келмеуге тырысайық деп түсіндім», - деген Германия сыртқы істер министрі.

Медведевтің бұл баяндамасынан ұққанымыз, теке-тірес қажытқан Ресей билігі Еуропа мен басқа да өркениетті елдерге бастапқы ниетінен айнығанын, кикілжіңді ымыраласа шешуге мүдделі екенін емеурінмен білдіргісі келетін сияқты. Ол емеурінді және орыс басшысы өзі емес, осы уақытқа дейін жер-көкке күлкі болып біткен Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың емес, әлемдік қауымдастық алдында саясаткер ретінде әлі де сүйкімі сарқыла қоймаған Дмитрий Медведевтің аузымен айтқызып отыр.

Дархан Мұқан

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар