Оралмандарға қатысты қиындық тек квота мәселесімен ғана шектеліп тұрған жоқ. Еліміздегі қағазбастылық та олардың әбден ығырын шығарған. Шеттегі қазақтар елімізге келіп тіркеуге тұрып, Қазақстан азаматтығына қол жеткізу үшін бас-аяғы бір жыл уақытын жұмсайды екен. Егер елдегі осындай бюрократия қандастардың қанын осылай «қайната» берсе, осыдан кейін мұнда кім келеді? Мәселен 1954 жылы атақонысынан ауып, тар жол тайғақ кешуден өткен қазақтар Түркияға барғанда, жергілікті билік органдары қандастарымыздың құжаттарын еш қиындықсыз рәсімдеп берген екен. Басқа жеңілдіктерді айтпағанның өзінде, оларға қоғамдық көліктерде тегін жүруге де жағдай жасапты. Арнайы бейімдеу орталықтарын ашып қоюы да үлкен көмек болғаны анық. Сондай бауырмал Түркия елінен оралған қандастарымыз Қазақстанға келіп, мұндағы қағазбастылық «жүйеге» таңғалатынын айтады. Қазақстанның Түркия мемлекетіндей көмек көрсете алмауы, расында да, қатты қынжылтады. Жасыратыны жоқ, шеттен келген ағайындарды орыстілді жерлестеріміз «орысша білмейсіңдер» деп айыптайтын көрінеді. Онысымен қоймай, жұмыс та ұсынбайды екен. Осындай жағдайға тап болған кейбіреулер кері қайтып кетіп жатқанға ұқсайды... Себеп сол, қағазбастылықтан ығыр болған. Айтса айтқандай-ақ аталмыш қағазбастылықтан тек оралмандар емес, жергілікті халықтың да әбден ығыры шыққан. Әсіресе Халыққа қызмет көрсету орталығына барған сайын жүйкеңнің жүндей түтілетіні бар. Жап-жас қыздар отырып алып, бір қағазға он рет жүгіртеді. Оның үстіне не орысша, не қазақша жақсы сөйлей алмайтын қыздардың мінездері түйеден түскендей, шетінен дөрекі. Осындайда «халықпен жұмыс жасайтын қызметкерлерге бақылау, түсіндіру жұмыстары неге жүргізілмейді екен ?», – деп налисың. «Елім» деп келгенде өзекке тепкен кейбір қандастарымыздың тірлігі мен сөздері жаныңды осылай қинайды. Шақырарымызды шақырып алып, жатжұрттан келген, жергілікті жердің заңынан, өмір сүру дағдысы мен әдет-ғұрпынан хабары аздау қарадомалақтарымызға қырын қарағанымыз иманды еліміз, қонақжай қазағымыз үшін ұятты-ақ жағдай. Онсыз да тақырға шыққан қамыстай аз қазақтың санын көбейте алмай жатқанда Отанын сағынып келген, елін аңсап келген оралман бауырды тентіретіп қойғанымыз саналылыққа жатпаса керек. Оралмандардың мәселесін шешетін шен-шекпенділер бұдан былай олардың обалын көбірек ойласа екен деп тілейміз. Сіз не дейсіз? Уәзира Артықбаева, оралман: – Мына көші-қон полициясына күнде келеміз. Бар үмітіміз осы квотаға тіреліп отыр. Қазақстанға былтыр көшіп келгенбіз. Сол уақыттан бері квота ала алмай сандалып жүрміз. Отбасымның бар арманы Қазақстанның азаматы атану. Пәтер жалдап, көрінгеннің босағасын сағалап, ілінген жұмысты істеп, күнімізді әзер көріп отырмыз. Күйеуім мүгедек. Жағдайымыз бұдан әрі қалай боларын ойласам мазам қашады. Балтабек Абылаев, ОҚО ІІД көші-қон полициясының бастығы: – Квота қашан бөлінеді деген сұраққа келсек, ол қазір уақытша тоқтатылып отыр. Неге екенін айтайын. Квотаны облыстар бойынша дұрыс бөлу мәселесі Үкіметте қайта қаралып жатыр. Қарап біткен соң ғана біз осы мәселеге қатысты нақты жұмыс істеуге кірісеміз.
Пікір қалдыру