ЕСЕНҒАЛИ РАУШАНОВ БОЛМАСА…
Қазақтың сөзін Жазушылар одағы емес, бірең-саран ақындар ғана сөйлейтін болды. Соның бірі – Есенғали Раушанов. Өткенде «Мемлекеттіксыйлыққа Гүлнар Салықбайдың өтпей қалғаны масқара!» депкүйіп-пісіп жүргенін көріп: «Шын талантқа, қарындасқа жаны ашыған осындай-ақ болсын» дегенбіз.Өкініштісі, еліміздегі әдеби басылымдар осындай ақындардың «тамырын басып», оқылымды сұхбат бермейді. Әйтпесе, басқа басқа, Есенғали Раушановтың сөзі «өтпей» қалған жері жоқ. Бір ғимаратта жұмыс істегесін бе, ол кісіні қандай ой мазалап жүргенін жақсы білеміз ғой.
Өткен жылы Тахауи Ахтановтың 90 жылдық мерейтойы өтті. Сонда еске алу кешіне арналған шақырубіраз ғимаратқа ілінді. Баспалар үйінде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан. Лифтінің жанындағы хабарландыру бұрышына да Тахаңның суретімен әдемі жарнама жарқ ете қалды. Бірақ сол жарнамаға назар салған жандар кемде-кем болды. Қателеспесек, Тахауи Ахтанов екі айдан аса уақыт лифтінің есігін күзетті. Құрылысшы да, бала-шаға да ары-бері өткенде сүйкеніп, жазушының кеуде тұсын сатпақтап тастапты. Сонда да мән бермей жүре беріппіз. Ал Есағаң… Қадірлі ағасының суреті қор болды деп, әлгі суретті қиып алып, кабинетіне алып кетті. «Жазушының беті сатпақталғаны ұят болды» деп, біз түстен кейін опындық. Есімізді кіргізген сол баяғы Есағаң… Ал Есағаң мүшелікте бар Жазушылародағына ес қашан кірер екен? Онда ендіқазақтың сөзі сөйленіп, мүддесі қорғала ма? Мәселе сонда…
НҰРҒАЛИ НҮСІПЖАНОВ БАТА БЕРЕ АЛМАЙ МА?
Теледидар қарап отырғанбыз. Бір бағдарламада Нұрғали Нүсіпжановтан ас қайыруды өтінді. Қандай бата берер екен деп, экранға тесіле қалғанымыз бар болсын, әнші ағамыз бата бере алмады. Бата беремін деп, ұзын-сонар тост айтып кетті. Төрт жол бата айту түк те қиын емес қой үлкен кісіге. Сөзін түйіндегенде барып, жанындағы адамдардың бата деп қол жайып отырғаны есіне түсті-ау деймін. «Сол үшін алдарыңдағыны алып қойыңдар» демегеніне шүкір дедік. Әншінің сөзге шорқақтығын бұрын да білетінбіз. Десе де, жетпістен асқан ақсақалдың мандытып бата бере алмағаны біртүрлі екен.
Ілгеріде бір үлкен аста жетпістегі ақсақал жазушымыз да бата бере алмады. Ол да тост айтып тұрып алды. Ұяттан жерге шұқидық. Сонда Нұртілеу Иманғалиұлы шыдамай: «Мен бата берейінші», – деп орнынан атып тұрған. Малта езіп тұрған ақсақалдан микрофонды алды да, бата айтты. Берген батасын бата дерсің. Риза болып, ынта-ықыласпен бет сипадық. Сонда Нұртілеу Иманғалиұлы: «Ақсақалдар, бата беріп үйреніңдерші», – деп салған дүйім елдің көзінше. Ашынғандықтан айтты. Бата жаттай алмайтын ақсақалдарға қалай ашынбассың…
"Ақжелкен"