Илья инстаграмда жүйкемізді жұқартып жүр. Біздің ғана емес-ау, инстаграмға тіркелгендердің бәрінің шығар. Ол – инстаграмға ең көп сурет жүктейтіндердің бірі. Мейлі ғой…
Әйтсе де, жүктеген суреттеріне қарап, чемпионды жаттығу залына жаттығу үшін емес, суретке түсу үшін барады-ау деп ойлап қаласың. Жаттығу залына кіргеннен-ақ Илья «жаттығуға келдім» деп суретін жариялайды. Сосын қанша келі зілтемір көтергенін іледі. Зілтемірді жұлқа көтергенін де, серпе көтергенін де суреттерінен біліп отырасың. Секірсе де, жүгірсе де, қысқасы не істесе де инстаграмға салады. Арасында айна алдында ойланып, өз-өзіне тесіле қалатыны бар. Түстенуге барғанын да фотосынан аңғарасың. Осылайша, азаннан қара кешке дейін чемпионымыз суретке түсумен әуре. Суретінің астына жазылған пікірлерді оқысаң, инстаграмдағылардың бәрі де Ильяны жақсы көреді. Риода да чемпион боларына қалтқысыз сенеді. Мұны салған суретіне бір мезетте 800-ден артық адамның «лайк» басқанынан-ақ байқау қиын емес. Жазылған жақсы пікірлер де соның дәлелі. Алайда, батырымыздың бос нәрсеге уақыт кетіріп жүргені біртүрлі екен. Илья Ильин өз-өзін босаңсытып алмаса болды, әйтеуір. Біз соған алаңдаймыз.
Бұрындары Ильяға не істесе де жарасып тұратын. Мақтанса да, масаттанса да. Ал инстаграмдағы жыртақайлығын жаратпай қалдық. Ертең үлкен додаларға дайындығы дұрыс болмай жатса, жаттығу залында инстаграмға сурет жүктеумен әуреленгені алдынан шығар. Есіңді жи, Илья! Сен бізге үш дүркін Олимпиада чемпионы боламын деп уәде бергенсің!!!
"Ақжелкен"