БАҚ өкілдері діннің пайдалы жағын насихаттауда белсенді емес

/uploads/thumbnail/20170708151720221_small.jpg
«БАҚ өкілдері діннің пайдалы жағын насихаттауда белсенді емес. Олар керісінше имам мен молдаларды сынап, мешіттердегі өте сирек кездесетін жайсыз жағдайларды көпіртіп, түймедейді түйедей етіп көрсетеді.

Журналистердің көпшілігі сот сергелдеңінен тайсақтап, теріс пиғылды діни топтардың, жалған діни ағымдар мен миссионерлердің жағымсыз әрекеттерін нысанаға алып, әшкерелеуден өздерін аулақ ұстайды. Соңғы кезде БАҚ ұйымдасқан қылмысқа қатысқандардың қай дінге жататынын сұрастырып, оқиғадан діни астар іздеп әуреге түсетін болды». Міне, бұл сарапшылардың «бүгінгі БАҚ дін тақырыбын қалай жазып жүр?» деген сауалға берген бағасы. Сіз мұнымен келісесіз бе?

Бұл пікір Дін істері агенттігінің Мәде­ниеттер мен діндердің халықаралық ор­талығы жанындағы Бұқаралық ақпарат құралдарында діни тақырыпты жариялау бойынша Әдістемелік кеңес өткізген семинарда айтылды. Дін тақырыбында қалам тербеп жүрген журналистерге арналған семинар «Қазақстан – 2050» стратегиясындағы дін саласына қатысты басымдықтарды БАҚ-та жариялау әдістері» тақырыбына арналған еді. Семинарды Бұқаралық ақпарат құрал­дарында діни тақырыпты жариялау бойын­ша әдістемелік кеңестің төрағасы Айдар Әбуов жүргізді. Бас-аяғы екі сағатты құраған басқосуда біраз мәселе айтылды. Мысалы, Дінтанушылар конгресінің төрағасы Ғарифолла Есім біз зайырлы мемлекет болғандықтан, дін мемлекеттен бөлінгенін, сондықтан дін мен мемлекет арасындағы байланыс заң мен дәстүр арқылы жүретінін тілге тиек етті. «Ислам діні қазақ қоғамында дәстүр арқылы өмір сүріп келеді. Бала кезімізде ораза, ауызашар­ды дәстүр деп түсінетінбіз. Оны дін деп түсінген жоқпыз» деп әдемі әңгіме бастаған ғалым әрі депутат мешіттердің жанынан монша салу керек деген ой айтып, ойымызды әрі-сәрі етіп тастады. Әрине, ол кісі өз ұсынысына сай дәйек кел­тірді, десе де өзі айтқан дәстүрмен тәр­биеленген біздің ата-әжелеріміз моншаны харам орынға жатқызатын. Сондықтан монша атаулыны үйден алыстау жерге салуды мақұл көретін. Бұл да біраз тал­қылауды қажет ететін мәселе секілді. Одан кейін сөз алған Бас редакторлар клубының жетекшісі Кенжеболат Жол­дыбай бүгінгі таңда редакциялардың бір салаға маманданған журналисті ұстап тұруға жағдайы жоқ екенін еске салды. «Журналистерді дін тақырыбын жазбайды деп кінәлаудың жөні жоқ. Журналист бас­шы қайда жұмсайды, сонда барады, соны жазады. Ал дін мәселесі тұрақты жазылуы үшін ол мәселе бірінші басшылардың (бас редакторлардың) деңгейінде шешілуі тиіс» деп Үкімет жанынан бас редакторлар кеңесін құруды ұсынды. «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев БАҚ-тағы «атып кетті, шауып кетті» деген мазмұндағы негативті ақпараттардың көптігін сынға алды. «Ата-анасын өлтіріпті, қарындасын зорлапты деген ақпараттарды жариялау керек пе? Кеңес заманында осындай ақпараттарды таратпайтын. Жабулы қазан жабулы күйінде қалатын да, жастар ондай қылмыс туралы ойламайтын еді. Ал бүгін сондай ақпараттарды көп оқып, көп естіген соң, адамдар қылмыстық оқи­ғаларға селт етпейтін болды» дейді наиб имам. Оның айтуынша, «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, БАҚ-та адамды рухани байытатын материалдардың басым болғаны жөн. Дін істері агенттігі Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы Ха­лықаралық ынтымақтастық бөлімінің бас сарапшысы Аманбек Мұқашұлы 2009 жылғы халық санағына сүйеніп, Қазақстан халқының 70,1 пайызы ислам дінін, 26,3 пайызы христиан дінін, 0,1 пайызы буд­дизмді, 581 адам индуизмді ұстанатынын тілге тиек етті. Халықтың 2,8 пайызы еш­бір дінге сенбейді. Қазақтың 98,3 пайызы ислам дінін ұстанады. 43 462 қазақ басқа дінде, 98 мыңнан астам қазақ ешбір дінге сенбейді. «Советтік дәуірмен салыс­тыр­ғанда, елімізде дінге бет бұрғандар саны өте көп. Сондықтан дін тақырыбы БАҚ-та кеңінен жазылуы керек. Алайда бұқаралық ақпарат құралдары ірі діни шараларды қысқа қайырып, ақпарат ретінде ғана бере салады. Сөйтіп, ол шараның рухани тәрбиелік мән-маңызы ашылмаған күйі қала береді» дейді. Айтқандай, біз сөз басында келтірген сарапшы пікірі Аманбек Мұқашұлына тиесілі. Алайда «AYNALINE.KZ » сайтының журналисі Ғабдул-Ғазиз Есембаев Аманбек Мұқашұлының «Журналистер молда мен имамдардың соңына шам алып түсті» деген пікірімен келіспейді. «Журналис­тикадағы 30 жылдық қызметімде ондай мақаланы көрмеппін. Сіз ол деректі қан­дай газеттен алғаныңызды білмедім. Ме­нің пікірімше, сіздер журналистермен жұмыс істеуден бұрын, журналистикада не болып жатыр дегенге назар аударуларыңыз керек еді. Қазақстанда соңғы уақытта 4-5 газет жабылды. Біразының орнын интер­нет-газет пен сайттар басты. Сайтқа кел­сек, оның газеттен айырмасы бар. Сайт­тарға діни сараптамадан гөрі, «Ананди келе жатыр», «Мәдина күйеуге шыққалы жатыр» деген материалдар қызық. Са­лиқалы мақаланы оқу үшін сайтқа 100 адам кірсе, «Ананди келе жатыр» деген материалды оқуға 1000 адам кіреді. Қазір журналистиканы сонымен бағалайды. Сондықтан сіздерге айтар ұсынысым, сайттармен жұмыс істеу керек. Өз басым Павлодар мен Маңғыстаудағы экстремис­терге ақша аударған оқиғаға байланысты мақала жазбақ болып, сіздерге хабарлас­қанымда, бір-бірлеріңізге сілтедіңіздер, сіздер де ешкімнен қо­рықпай жұмыс іс­тесеңіздер екен» деді Ғ.Есем­баев.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

"Айқын"

Қатысты Мақалалар