Қазаққа төнер қауіп жоқ, өзіміз басшы болмасақ

/uploads/thumbnail/20170708151720756_small.jpg

Соңғы кездері Ресей мен Украина арасындағы шиеленістің, әсіресе, Ресей президенті Владимир Путиннің Украина құрамындағы Қырым автономиялық республикасын Ресей Федерациясына қосу туралы заңға қол қойып, Қырымды аннексиялау құжатының бір-ақ күнде бекітілуі отандастарымызды, соның ішінде, елі мен жерін, оның тәуелсіздігін сүйетін, бойында намысы бар кез-келген азаматты барынша алаңдатқаны анық әрі жалғасты алаңдату үстінде. Бұқаралық ақпарат құралдарында еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне, соның ішінде солтүстік облыстарға, тіпті, жалпы елімізге, қала берді бүкіл Орталық Азиялық елдерге қауіп-қатер төнді деп жар салулар мен болжам жасаулар көбейіп кетті. Бұның бәрі тек өзіміздің ішкі сенімсіздігінен туылған бос үрей ғана.

Менің ойымша дәл осы Украинаның тағдырының біздің елде қайталануының негізі әлсіз, мүмкіндігі төмен. Себебі: біріншіден, екі елдің осы кездегі қоғамдық-саяси жағдайында зор айырмашылық бар. Украинада біраз уақытқа жалғасқан шиеленістер елдің экономикалық және ішкі саяси тұрақтылығын қатты әлсіретті. Соның салдарынан президент Виктор Янукович Ресей асты да, билікке басқа адамдар келді. Олардың билікті толықтай игеріп, оң-солын анықтап алуына Ресей мұрша бермеді. Ал біздегі жағдай басқа, бұлардың бірде-бірі біздің елде жоқ, сондықтан сыртқы күштердің әсеріне біздің үкіметтің жоспарлы түрде тойтарыс беруіне мүмкіндігі бар.

Mongolia_desktop_wallpaper

Екіншіден, бізді қорғайтын халықаралық келісімдер мен шарттар бар. Соның бірі және бірегейі 1994 жылы Будапештте қол қойылған келісім. Ол келісім бойынша АҚШ, Англия және Ресей Қазақстанның ядросыз ел болуына орай, Қазақстанның дербестігіне, иелік құқығына және қазіргі шекарасына құрмет ететіндіктерін, қарулы күшпен аумақтық тұтастығына, саяси дербестігіне қауіп төндірмейтіндіктерін құжат арқылы растаған. Бұл келісімге 1995 жылы Қытай мен Францияда қол қойған. Демек, Қазақстанның қолында саяси тұтастығын қорғаудың  халықаралық бекітілген құжаты бар. Алайда, ондай келісімдер Украинада да болған, Қырымды қосып алуда  Ресей бірқатар келісімдерді бұзды. Олардың арасында БҰҰ жарғысы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық кеңесі жарғысы, 1975 жылғы Хельсинки келісімі, 1997 жылғы Украина-Ресей екіжақты келісім-шарты, жуырда мерзімі ұзартылған құжат - Қара теңіз флотын жалға алу жөніндегі келісім бар. Олай болса,   бұл халықаралық келісімнің құны болмағаны ма? -деп сұрақ қойуыңыз мүмкін. Әрине, бұл келісім Ресейдің алдына көлденең тартылды. Алайда, Ресей оны теріске шығарудың жолын тапты,  тапқан жолы: Украинаның ол кездегі үкіметі басқа болды, бүгінгі үкіметімен келісім жасаған жоқпыз-деді. Ал бізде 1991 жылдан бері бір үкімет. Ресейдің сылтау табар орны жоқ. Үкіметтің ұзақ отыруының бір пайдасы осы болар.      Бұдан басқа да құжаттар бар, оны да айтайын.  Оның бірі, 1996 жылыдың сәуірінде Қытайдың Шаңхай қаласында Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Қытай және Тәжікстан елдері арасындағы келісім. Одан сырт, Қазақстан мен Ресей арасында 1992 жылы 25 мамырда қол қойысқан достық, селбестік және өзара көмек шарты бар. Бұл шарт бойынша екі елдің аумақтық тұтастығы мен иелік құқығын өзара сақтау және құрмет ету міндеттері анық көрсетілген. Қазақстан Ресейден басқа, өзінің ұлттық тәуелсіздігіне кепілдік ететін басқа да алпауыт елдермен өзара келісімі бар. Мысалы, 1994 жылы ақпанда АҚШ-та қол қойылған "Демократиялық серіктестік қарым-қатынастар ережесі"-деп аталатын күні бүгінге дейін екі елдің негізгі заңды құжаты болып келе жатқан келісім бар. Мұнда да АҚШ үшін Қазақстанның қауіпсіздігі, дербестігі, иелік құқығы мен аумақтық тұтастығы аса маңызды, төтенше келелі мәселе екендігі көрсетілген. Оның үстіне еліміз БҰҰ таныған егеменді ел, әрі 1996 жылы еліміз БҰҰ бойынша бейбітшілікті қорғау қимылына қатысу құқығына ие болған мемлекет. Осы тектес құжаттар мен келісімдер елеміздің тәуелсіздігінің халықаралық заңдық кепілі болмақ.

CENTRASBAT 2000

Үшіншіден, еліміз алпауыт елдердің экономикалық мүдделері тоғысқан аймақ. Елімізде  мол табиғи ресурстарының қорының болуы  еліміз үшін көптеген дамыған елдердің мүддесін тоқайластырып, сырт күштердің басымдылығын тең ұстауға мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан байлығы мол, жері кең Қазақстанды ешбір мүдделі ел жеке бір мемлекеттің иелігіне беріп қойып қарап отырмасы анық. Тіпті, Ресеймен мүдделік тұрғысынан ұқсастығы бар Қытай да Украина мәселесінде БҰҰ қауіпсіздік кеңесінде  Украинаның аумақтық тұтастығын қолдау туралы АҚШ ұсынған жобаға дауыс берерде  бейтараптық сақтап, қалыс қалғанын білеміз. Алайда, мәселе Қазақстанмен болғанда оның қалыс қалмайтына анық. Оның екі себебі бар: бірі еліміздің қара алтыны мен астығына байланысты экономикалық жағы болса, екіншіден, өз ішіндегі саяси тұрақтылыққа әсер етеді деп алаңдуы. Елбасының көп жақтылы саясат ұстануының бір себебі осында жатыр. Соңғы кезекті үкімет отырысында үкіметке жүктелген шетелдік инвесторларды көптеп тартуды талап етуінің бір ұшы осында болса керек.

Төртіншіден, Ресейдің ендігі басты назарда ұстағаны Қазақстан емес, ол Украинаның шығыс аймағы. Он аймақта екі оттың ортасында қалған орыс тілді азаматтар көп, Ресей олардың мәселесін бір жақты етуі тиіс. Оны да Қырымдағы сценаримен жаулауға кірісе ме, жоқ әлде басқа әдіс қолдана ма? Ол жағы әзірге белгісіз. Қалайда бір шара қолдануы мүмкін. Өйткені, шара қолданбаса өз қандастарын отқа итеріп, соңында тайқып шығып кеткендік болады. Ол Путиннің беделіне нұқсан етері анық. Ал шара қолданар болса, ол Қырымнан бетер қиынға түсері бек мүмкін. Қырымға кірерде басты екі түрлі себепті көрсетті. Біріншісі, Қара теңіздегі әскери теңіз флотының мүддесі, екіншіден, сондағы орыс тілді азаматтардың құқықтық мүдесін қорғау. Ал шығыс аймаққа келгенде соңғы уәжі ғана қалады. Ол уәж БҰҰ-ның бітімгершілік аясында шешім табатын әлеуметтік мәселеге саяды. Оның үстіне халықаралық ұйымдар Ресейдің жалғасты тайраңдауына қарап отырмас. Себебі, Ресейдің баяғы Кеңес Одағы кезіндегідей күш алып кетуі Батыстың да, Қытайдың да, мұсылман әлемінің де қалағаны емес.

kazakhstan_city-wallpaper

Бесіншіден,  Ресейдің түпкі ойы келмеске кеткен Кеңес Одағын жаңғырту негізінде әлемдегі басты ойыншыға айналу болса, онда Қазақстанның солтүстік аймақтарын Қырым тәсілімен тартып алып, Қазақстанмен және басқа да елдермен алакөз болудың қажеті жоқ. Қайта, экономикалық тұрғыдан жаулап алу тәсілін қолданып, сол арқылы Қазақстанды айтпағанда тұтас Орталық Азияны өзінің алақанында ұстайтын "Тәуелсіз, бірақ тәуелді" нысанға айналдырып қойуы олар үшін тиімді болары анық.

Алтыншыдан, Елбасының халықаралық аренадағы саяси тұлға ретіндегі басымдылығы мен танымдылығы Қырым дағдарысының біздің елде қайталанбайтындығының бір көрінісі. Қәзіргі Украина басшыларының қайсы танымал? қайсы әлемдік деңгейде мойындалған саясаткер? Ешқайсысы. Ал Елбасы Батыс пен Шығысқа бірдей танымал, сөзі өтімді тұлға. Оның үстіне Елбасы өзі тәуелсіздігін жариялаған елді өзі көзі тірісінде, өзі билік тұғырында тұрған кезде басқа біреудің жетегіне тәуелсіздікті жетелетіп жібермесі анық. Ол өз ойын талай мәрте: егер қандай бір ұйым Қазақстанның егемендігіне қатер төндіретін болса, Қазақстан ол ұйымнан шығуға дайын -деп ашық айтты.

Қазақстан қатардағы дамушы ел болса да, көптеген халықаралық ұйымдарға мүше және ЕҚЫҰ сияқты танымал ұйымдарға да төрағалық етті, әрі әлемдік деңгейдегі экономикалық және саяси, сондай-ақ діни келісімдерді Астана және Алматы қалаларында қатарынан өткізіп келеді,   Осының барлығы да Елбасының Қазақстанды, қазақты әлемге әдейі таныту мақсатынан туған іс-шаралар еді. Осы танытудың өзі де еліміздің сыртқы беделін асқақтатып,  әлде қалай келеңсіздіктер туындаса әлем жұртшылығы білмейтін қайдағы бір ел емес, қайта, әлем халқы бей-жай қарай алмайтын  ел мәртебесіне  ие етті. Бұл да болса, Елбасының көреген саясатының бір жемісі.

Жетіншіден, қазақ халқы және оның құлдық санадан азат жас ұрпағының ерік-жігері мен қайрат-күші 23 жылдық тәуелсіздік кезеңде ұлт намысы оянып, тәуелсіздіктің тәтті дәмін сезініп үлгірдік. Бодандықтың да зары ұмытылған жоқ. Таңдау анық, міндет айқан. Сондықтан қойдай қоңыр болсақта, жылқыдай тектілік бойымызда бар.

EEC8B372-CD08-435B-BFF8-09367482BDB5_mw1024_n_s

Қорыта айтқанда, бізге дәл осы кезеңде үрейден гөрі сенімнің болғаны дұрыс. Сенімсіздік күллі сәтсіздіктің басы. Ал сенім жеңістің анасы. Бос үрей, далбаса қорқу  адамның күшін алып, үмітін кесетін, шарасыздықтың шырмауына шатитын  сұр жыланның өзі. Алайда, мен, бізде бәрі жақсы,  қам-қайғысыз жатыңдар деуден аулақпын. Дана халқымыз "Жау жоқ деме, жар астында"-дейді. Мына қым-қуыт дүниеде жаудың қай тұстан шығарын болжап білу қиын. Сондықтан қашанда сақтық керек, сақтықпен бірге үздіксіз даму керек.  Қазақта "Шығысына иесі басшы"-деген аталы сөз бар. Бұл әрқандай шығын немесе жоғалту иесінің ой-санасы мен іс-әрекетіне байланысты дегенді меңзейді.  Тәуелсіздік те солай, өзіміздің ойымыз бен ісіміз дұрыс болмаса, оның қолдан шығып кетуі өте оңай. Осы өзіміздің басшы болуымыз үкіметімізден бастап әр бір азаматымызға дейін жалғасатын жауапкершілік. Дұрыс болмаған саяси шешімдер, зиянды экономикалық келісімдер, қатерлі одақтастар, басқарудағы бюрократиялық, әміршіл-әкімшілдік, ұрлық-қарлық, жалқаулық, еріншектік, жемқорлық, сатқындық, намыссыздық, имансыздық, білімсіздік, кедейлік т.б. осы тектес келеңсіздіктердің барлығы да өзіміз басшы болып тәуелсіздікті тұғырынан тайдырудың  тәсілдері  болмақ.

Олай болса, не істеуіміз керек? -деген сұрақ туары хақ. Менің түсінігімше, мүмкін болса қолға алуға тиісті маңызды іс-шаралар қатарына  мыналарды атар едім:

- Кедендік Одақ шеңберіндегі жалғасты интеграциялану үрдісін баяулату тиіс. Таяу уақытта қалыптасқалы отырған Біртұтас Еуразиялық экономикалық кеңістік шарттарын қайта қарау немесе бас тарту керек.

- Көші-қонға байланысты заңдық талаптарды қайта қарап, қос азаматтық алған азаматтарды қатаң жазалап, құзіретті орындарда жұмыс істеуіне жол бермеу керек.

- Оралмандардың келуіне, азаматтық алуына қойылған кедіргілерді алып тастап, бұрынғыдан да артық жеңілдік беруі және бағытты, жоспарлы түрде орналастыру тиіс.

- Білім беру саласы мен әскери-қорғаныс саласын қаржыландыруды барынша тездету және ұтымды ету қажет. Әскери техникаларды Ресейден емес, басқа дамыған елдерден алу тиіс.

- Мемлекеттік сатып алу ісіндегі соның ішінде, әсіресе қорғаныс   саласы бойынша  сыбайлас жемқорлықты қатаң жазалау және оны мемлекетке сатқындық ретінде бағалау қажет.

- Еліміздің тәуелсіздігіне жат пиғылды елдер мен топтардың  ақпараттық құралдарының, радио, телевидение, интернет ресурстарына бақылауды күшейту оның орнын отандық, халыққа адал қызмет ететін арналармен толтыруға күш салу лазым.

- Түркі тілдес елдермен байланысты нығайтып, Кеңестік идеология кезінде бөлініп қалған аралықты барынша жақындату тиіс. "Көп қорқытады, терең батырады" деген бар.

- Мектеп және ЖОО-да отаншылдық тәрбиеге баса мән беру қажет. "Отанды сүю иманнан" дегендей діни басқарманың да осы салаға ат салысуын талап ету тиіс. Дін мемлекеттік идеологиядан бөлек өмір сүретін құбылыс емес, қайта мемлекет мүддесіне жұмыс істеуі құптарлық болады.

- Отандық экономиканы дамытудың сан-салалы жолдарын қарастырып, халықтың әл-ауқатын көтеруге жұмыс істеу керек.

- Ресеймен арадағы әскери палигондар мен Байқоңыр ғарыш айлағына байланысты келісімдерді қайта қарау тиіс. Әрі Байқоңырды жалға алағандығы үшін ақша орнына олардан техника алуды тоқтатып, таза ақша алуды талап ету және соманың көлемін өсіру қажет.

- Билік басындағы азаматтардан басқа, ғалымдарда, өнер адамдары да халық алдында асқан жауапкершілікпен өз міндеттерін адал өтеуге үйрену тиіс. Себебі халықта бала секілді үлкенге қарап өседі.

- Әрбір азамат жақсылыққа жолықса өзінің пысықтығынан, кедергіге тап болса, үкіметтен, басшылықтан немесе біреуден көре кететін жылаңқылықты қойып,  өз бойындағы намысын қайрап, ерінбей еңбектенуге талпыну тиіс.

- Мемлекеттік жәрдемақыны және зейнетақыны молайтып, жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуге шынайы ниетпен көмектесіп, олардың баспаналы болуына, жұмыспен қамтылуына жағдай жасауы тиіс, сол арқылы халық санын көбейтуді қолға алу қажет.

- Шетелдермен болған инвестициялық қатынасты барынша күшейтіп, әкімшілдік бюрократиялықтан қол үзу тиіс.

Абай данамыздың "Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос" -деген ұлағатты үндеуі әлі де өзінің өміршеңдігін жойған жоқ, жоймақ түгіл күн өткен сайын маңызын арттырып,  халқымыздың ауыз біршілігін сақтаудың қаншалық керек екендігін көрсетіп отыр.

Құрметті ағайын, мен қарапайым қазақ азаматы ретінде осы бір аса маңызды тақырыпқа қатысты өз ой-пікірімді жаздым. Алаш азаматтарымен ой бөліскім келеді. Мендік  көңіл мақсаты: "жақсы лебіз жарым ырыс" немесе "не ойласаң сол болады" - дегендей жақсылықты айту, жақсылықты ойлау мен тілеу және соған талпыну.

Қастер Сарқытқанұлы,

экономикалық-әлеуметтік география ғылымдары кандидаты.

Абай ат. ҚазҰПУ магистрантура және докторантура

институтының доценті    

 Сурет: beauty-places.com 

Қамшы сілтейді

Қатысты Мақалалар