БИОРЕСУРСТАРДЫҢ ҚОРҒАЛУЫН ЖЕР МӘСЕЛЕСІНЕН БӨЛІП ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ

/uploads/thumbnail/20170709031122607_small.jpg

Жерді пайдалануға байланысты Қазақстан Республикасының азаматы ретінде, конституциялық құқығым бойынша мен де Жер реформасы жөніндегі комиссия мүшелеріне өз ұсынысымды айтқым келеді.

Мен көтергелі отырған мәселенің шетін өткен жер комиссиясының отырысының бірінде ақын Жұрсын Ерман, Нұртөре Жүсіп ағамыздың атынан айтып өтті.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған соң 1993 жылы биологиялық алуан түрлілік конвенциясына қол қойды. Конвенцияның талабы бойынша қол қоюшы мемлекеттер мынадай негізгі баптарды орындауға міндеттенді:

1. Әрбір мемлекет өз ресурстарын табиғат қорғау саласындағы саясатының  негізінде қолдана алады және іс-әрекеттері өзге мемлекеттер мен өңірлердің табиғатына зиян келтірмеуін қамтамасыз етуге жауапты;

2. Биологиялық алуан түрлілікті сақтау және тұрақты әрі тиімді пайдалану мақсатында басқа да ортақ мүддесі болған жағдайда мүмкіндігіне байланысты бірігіп іс-әрекет жасайды;

3. Биологиялық алуан түрліліктің құрамдарына, оны сақтауға және тұрақты әрі тиімді пайдалануға кері ықпал ететін немесе ықпал етуі мүмкін процестерге, оның зардаптарына тұрақты бақылау (мониторинг) жүргізіледі;

4. Биологиялық алуан түрлілікті және оның құрамын анықтау, сақтау және тұрақты, тиімді пайдалану шараларын іске асыру мақсатында мамандарды оқыту және даярлау бағдарламаларын дайындайды және іске асырады, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қолдау көрсетеді.

Осы биологиялық алуан түрлілік конвенциясына сай мен мамандығым геоботаника саласын қамтитын жер мәселесіне қатысты өз пікірімді білдіргім келеді. Геоботаника немесе фитоценология – жер бетіндегі өсімдіктердің жамылғысын, бірлестігін, қауымдастығын, олардың таралу заңдылықтарын, құрылымын, құрылысын және өсімдіктердің қоршаған ортамен байланысын зерттейтін ғылым. Бұрын КСРО ауыл шаруашылық министрлігі жетекшілігімен совхоз және колхоз басшылары 10 жылда бір рет жоспарлы түрде өз аумақтарында міндетті геоботаникалық зерттеулер жүргізетін. Зерттеулер нәтижелеріне сай фитоценоздарда қандай өзгерулер болып жатқанын біліп, шара қолданып отыратын.

Бұл өз кезегінде, біріншіден, қазір маңызды күн тәртібіне енген биоалуантүрлілікті сақтау мен қорғауда өсімдік түрлеріне жасалған мониторинг болса, екіншіден, жайылымдық жерлердің нақты азықтық өнімділігін бағалау еді. Сол арқылы жайылымдардың сыйымдылығын есептеп, сол жерлерде жайылатын малдардың саны анықталатын.

Ресми мәліметтерге сүйенсек елімізде 15 мыңға жуық өсімдік түрі бар. Олардың ішінде 730 түрлі өсімдік тек Қазақстан аумағында ғана кездесетін, жер шарының басқа еш жерінде өспейтін эндемдік түрлер. 303 түрлі өсімдік Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» енгізіліп, қорғауға алынған. Ал кең-байтақ даламыздағы зерттелген және әлі толық зерттелмеген пайдалы өсімдіктердің (дәрілік, бал өнімдері алынатын, мал азықтық, техникалық, мәдени, тағамдық т.б.) саны қаншама?.

 Өткендегі және соңғы жер комиссиясының отырысын тыңдап отырсақ, сіздер жалпы жердің пайдалану құқығын жеке және заңды тұлғаларға белгілі мерзімге бермексіздер және осы мәселеле төңірегіндегі ұсыныстарыңызды үкіметке жолдап заңмен бекітпексіздер.

Сіздерден өтінерім сол ұсыныстармен қатар менің де төмендегідей ұсыныстарымды қарап көрерсіздер.

  1. Жерді жеке меншікке пайдалану құқығын алған тұлға сол жердегі барлық биологиялық түрлерді сақтауға міндеттелсін. Ол үшін мемлекет әр 5-10 жыл сайын мониторинг жасап отыруы тиіс. Егерде бір түрді жойған немесе шектен тыс азайтқан жағдайда жерді пайдалану құқығынан айырылсын. Мысалы қазірдің өзінде жеке меншік аумақта, ол жердегі дәрілік өсімдіктерді шетелге заңсыз жиып тасып жатқандығын немесе сол аумақтарда заңсыз аң-құс ауланатындығын айтып кейбір ақпарат құралдары дабыл қағыуда.
  2. Ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізетін отандық ғалымдар мен жұмыс тобына жерді жеке меншікке алған тұлғалар ешқандай кедергі келтірмесін, керісінше қолдау көрсесін. Мысалға кейбір ғылыми-зерттеу экспедициялары кезінде жекеменшік аумақтың иелері кіргізбек түгілі, қақпасынан қаратпайды, аумағы арқылы өтіп жатқан жолдан жүргізбейді.
  3. Жайылымдық жерлердің пайдалану құқығын алушылар жайылымның сиымдылғына қарай мал бағуы тиіс. Егерде жайылымды тоздырған жағдайда (тұяқ кесті болу) пайдалану құқығынан айырлысын. Ол үшін мемлекет жайылымның типіне қарай әр гектарына бағылатын мал санын анықтап беруі керек. Және жоғарыда көрсетілгендей әр 5-10 жыл сайын мониторинг жасап отыруы керек.
  4. Мемлекет жерді игеру және мониторинг жасауға қатысты Ауылшаруашылық, геоботаника, зоология, топырақтану, гидролоия салаларының мамандардын көптеп дайындау керек.

Менің ұсыныс, пікірім қазірше осы. Комиссия мүшелері, ауылшаруашылық және осы ботаникалық ғылым саласында жүрген зиялы қауым бұл туралы өз ойларын айтып, артығын алып, кемін толықтыра жатар деген сенімдемін.

Әлібек Ыдырысұлы

Қатысты Мақалалар