Қуаныш Сүйінішқызынан басталған «Сыпатай жырына» (№2417.06.11 ж. Қазақ әдебиеті газеті) «болдым» деп нүкте қойған едім. Эл. поштама МАХАЕВА АЙТКҮЛ ШАЙЫМҚҰЛҚЫЗЫның «Қазақ-Қырғыз саяси байланыстарының тарихы» (XVIII ғасырдың екінші жартысы-XX ғасырдың бас кезі) тарих ғылымының докторы дәрежесін қорғау үшін жазған дисертациясын (285 бет) салып жіберіпті. Бірден айта кетейін автордың (Айткүл ханымның) маған салып жіберетін жөні жоқ. Мені танымайды. Айтысқа қатысып, атын былғаған жоқ. Бүркеншік атпен жазып жүрсе өзі біледі. Ғылыми кеңесшілері (академик, К.Н.Нұрпейіс және тарих ғылымдарының докторы, профессор К.Л.Есмағамбетов 2009 ж. Алматы) салып жіберген ғылым кандидаты Бүрлібаев Әлібек, өзін «шынайы тарихшымын» деп жүрген Сұрат Сұрқиятовтар болу керек деп топшылаймын. Екеуі де Сыпатайдың жырын жырлап айтыстың бел ортасынан ойып орын алып, ауызына келгенін құсып, қарғыстан басқа айта алмайтын белсенділер. Менің бір досым баяғыдағы коллективтендіру кезінен «Сталинді мақтап кандидат болдым. Сталинді жамандап доктор болдым» деуші еді. Сол ойыма түсіп Кенесарыға Сыпатайды қалай қарсы қойғанын, сатқындығын қалай жасырып, жуып шайғандығын іздеп зерделеп көрдім. Айткүл ханым бірден Кенесарыны «дінсіздерге қарсы одақ құруды» көздеп Бұқар, Хиуа, Қоқан хандықтарымен дипломатиялық келіссөздер жүргізді деп тілге тиек етесіз. Кенесары бұл үш хандыққа көзінің тірісінде қарым қатнас жасап, хат жазысқан жоқ. Әкесі мен ағасының кегін алуды ойлады, алғашқы соғысын Меркі қаласында бастап Тәнеке батыр бастап келген 500 найман сарбаздарымен, өзінің 200-дей батырларымен Ақыртөбе шайқасында жеңіске жетті.
Мен Сыпатай атасының бойынан ұлттың ар намысына тиетін сатқындық, кісі қанын арқалаған жауыздықты Айткүл ханымның дисертациясынын, докторлығынан (архив емес) тауып отырмын. Кенесарыны 12 мың әскер жинадым, қырғыздармен соғысамыз деп Кекілік тауының табанына, Майтөбенің шұңқырына адам қашып құтылмастай қамауға көшіріп әкелген. (өзі көшіп келген жоқ) Сөйтіп, «ханды райынан қайтаруға, Кенесары мен Орман манапты жарастыруға шақырып» өтірік мүләиімсиді. Елшіліктердің ісі сәтсіздікпен аяқталып «елшіге өлім жоқ, жаушылықта қорлық жоқ» деген қағиданы сақтамай, құлақ мұрындарынан айырып қайтарады. Соғысарға дәрмен жоқ, Сыпатайдың бұрыннан ойланып жасаған сатқындығы жүзеге асып Кенесары ажал құрығында қалады. Сұраншы, Саурық батырлар құсап «жоқ біз қырғызбен соғыспаймыз» деп бөлініп кетпеді. Ондай адамдық қасиет танытқанда Кенесары «ажал апанына» көшіп бармас еді.
1846 жылы Жетісуға басып кірмей ағайындықпен көшіп келгенде қырғыз манаптары «әр жерден 30-40 барымташы аттандырып Кенесарыға қараған елдің жылқыларын, малдарын талай бастайды.» «Ел болайық, бірігейік» деген ұсыныспен келгенде бұл қандай саяси қарым қатнас? Малын тонап жатқанда Кенесары неге қарымта қайтармайды? Өтіріктің де жөні бар емес пе? Айткүл ханым! Кенесары қырғызға үш жүз төлеңгіт-өзінің өрен жарандары, екі жүздей батырларымен ғана келген. Сіз 1500 сарбазынан өлідей, 2000 сарбазын тұтқынға түсіріп, 500-дей қыздарын ташкенттіктерге сатып жібергенін жазасыз. (Кенесарыда қыздардан құрылған сарбаз бар екенін Ұлы тарихшы Е. Бекмахановтан, жазушы І. Есенберлиннен оқымаппын) Сөйтесізде, «Кенесары қырғыздарды шаппақшы екен» деген қауесеттен қорқып, елшілерінің құлақ, мұрнын кесіп қыр көрсеттіріп, қорлайсың да, мол тарту таралғыға «бір сұлу қызды жасауымен қосып, бір арғымақ ат, қымбат тарту-таралғымен елші жібересіз. Өзіңде түйсік бар ма, Ханым! Әскерін қырып салсаң, (сіздің есебіңізше үш жарым мың) қырғызбен соғысатын адам қалған жоқ қой. Қалай соғысады? Талғажу жасап отырған соңғы тоғыз байталын тағы ұрлатып алдырасыз. Сыпатай соққызған Қанай бидің кесенесін Кенесарыға қиратқызып, жауап ретінде Сыпатайдың ағасы Андас батырдың кесенесін қырғыздарға қираттырасың. Екеуі де өздерінің туған жиендері емес пе, жазығы қанша? Солар үшін қызмет істеп жүрген жоқ па? «Тастай қырғыз» деген осыдан қалған.
Айткүл ханым! Қырғыз қазақ арасында Сұраншы, Саурық елшілікте жүрген жоқ. Сыпатай атаңыз сатқындық, жымысқы істермен күн өткізіп жан бағып жүрді. Біле білсеңіз Сайрамда Сұраншының, Қастекте Саурықтың, Шымкентте Байзақ датқаның өліміне себепші болғанда сол сатқын.. (Қазақ әдебиеті газетінде «Сыпатайдың саяси келбеті-САТҚЫНДЫҚ» деген мақалам Қ.Сүйінішқызына жауап ретінде шыққан) Сыпатайды батыр етіп көрсету үшін Кенесарының алдынан пұшайман болған екі жігітті ханның ұлықсатынсыз қолдарын шешіп сүйреп ала жөнелді дейсіз. 44 сұлтанды қолымен шапқан, Жаппастың биін тірідей отқа өртеген Кенесары оған дейін де тісін қайрап жүргенде, алдына келген Сыпатайды тірі жібермейтіні хақ еді. Әрі қарай «менің қырғыз деген жауым жоқ» дегіздіресіз де Сыпатай бастаған ботпайларды қырғызға қарсы жорыққа Кенесары туы астына жинатасыз. Ботпайлардың арасында өмір сүрмеген, батырлық, ерлік шешендік, билік көрсете алмаған адам қалай әскер жинайды. Жазушы Аян Нысаналиннің тапсырыспен жазылған «Жүрекжұтқан» мақаласында «Сыпатайдың азат басы бұғалықтан босамай, кіріптарлық күн кешті. Ағайындар (ботпайлар) арасында арыстандай аласұрып, (арпалысып емес) жолбарыстай жан жарақатын жалады» деп жазады. Жүрекжұтқан батыр атаңыздың сиқы осы. Әскерді жинаған Кенесарының бөлесі Шымыр-Байзақ датқа. Кенен Әзірбаев айтқандай «өзінің мекен жайлау, қыстауы болмаған, ботпайлар арасында өспеген, жерінен топырақ бұйырмаған адам» қалай әскер жинайды? Докторлық дисертацияның басты кейіпкері етуге қалай дәтіңіз барды?
1847 жылдың басында Кенесарыға Жантай мен Орман бастаған манаптарға «жауласуға емес, елдесуге келгенін» айтқыздырып, елшілер алмастырып пәтуаға келмеген қырғыздарға 100.000 мың әскер жинатып Кенесарыны Кекілік тауының бөктерінде соғыстырасыз. «Қазақ жасағын Байзақ датқа, Сыпатай, Қарақойлы-Тілеуберді, Аққойлы-Бәйетке басқартасыз. Майтөбеде орныққан Кенесары жасағы ешқандай соғыс жүргізбеген, оған себеп сіздің Сыпатай атаңыз 12 мың әскерді алып түн жамылып қашып кеткен деп жазады тарихшылар. Байзақ датқаны да тастап кетті. 100.000 әскер Манаста да болған жоқ, қазірде жоқ. Сыпатай атаңыздың сатқындығынан соғыс болған жоқ. Ағыбай, Наурызбай, найман сарбаздарын бастап келген Тәнеке батырларға қоршауды бұзып шығуға батасын беріп Бұғыбай, Бұқарбай тағы бірнеше батырлармен «ханның басын хан алар, қардың басын қар алар» қағидасымен қалып қалады. Ағыбай мен Наурызбай сыртта жүрсе Орман манаптың өлтіртуге дәті шыдамас деген сенімде болады. «Қазақ қолының жеңілуіне Сыпатай мен Рүстем төренің ұрыс даласын тастап, сатып кетуі себеп болды» деп сыңаржақтықпен қарауға болмайды деп түйіндейсіз. Өзіңіз айтыңызшы, 100.000 әскермен 300 адам (қатын қалаш, тамақ істейтін аспаздар) қалай соғысады?
Айткүл ханым! Сатқын атаңызға: «Менің қырғыз деген жауым жоқ. Аман қалатын Абылайдың тұқымы, өлетін біз бе...» дегіздіресіз де қазақ жасақтары арасында іріткі туды дейсіз. Іріткі туғызған кім? Өзіңіз жазып отырғандай Сыпатай сатқын емес пе? О баста соғысамын деп келген адам өлімнен қорықпау керек еді ғой. Соғыс бар жерде өлім бар. Қайран Кеңкең (Кеңес Нұрпейіс) дисертацияңызды оқымай, бетіңізге қарап отырып қол қоя салған ба? Кенесарының кім екенін, Сыпатайдың кім екенін ажырата алмаған ба? Сіз құсап Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысымен САТҚЫНДЫҚТЫҢ арасынан саяси байланыс іздеп неге әуре болғысы келмеген бе? Әскерді алып кетуінің арқасында «қазақ-қырғыз арасындағы соғыс өртінің тез өшуіне әсерін тигізді» дейсіз. Әрине «соғыс өртінің» тез өшуіне ханның басы алынып, Наурызбайын өлтірген сатқындық түбіне жету басты себеп болды. Сол кездің өзінде-ақ, қырғыздардың қорқау қасқырларына айналған сыпатайшылар ұлттық мүдделерді аяқ асты етіп, ұлттық (қазақтық) мұраттарды талқандау үрдістерін жүргізуге мұрындық болған. «Бүгінгі күні көп қиыншылықтармен (қандай қиыншылық) жетіп отырған тәуелсіз мемлекетімізге Кенесары қарсы болған дейді жерден жеті қоян тапқан, Әпендім. Кенесарының ұлт-азаттық қозғалысын «көтеріліс» деп атау екіжүзділік дейді сіз «танитын», менің сол Әпендім-Әлібек Бүрлібаев. Айткүл ханым жазған Кекілік тауының баурайына Сыпатай бастап көшіп барған хан Кененің тамақтық жылқыларын, мүйізді қараларын, уақ малдарын қырғыздар барымталап, ең соғы тоғыз байталын айдап кеткенде, аш қалмас үшін Ағыбай бастаған батырларын жұмсап малдарын қайтарып алады. Сонда ел тонау, шапқыншылық жорығын кім жасап отыр? Жіберген елшілерінің құлақ мұрнын кесіп кім қорлап отыр? Қырғыздар емес пе? Айткүл ханым жазады, Әлібек Бүрлібаев жоққа шығарады. Онда несін жіберіп отыр Айткүл ханымның дисертациясын? Өзің оқып, өзің біліп ханымды мазақ қылмағаның дұрыс емес пе еді, Әпендім! Әлде, ол сыпатайшылардың талқанын жеп, көжесін ішіп сыпатайшыларға қарыздар болып қалған ба?
Айткүл ханымның дисертациясы - анти Кенесарылық ДИСЕРТАЦИЯ болып шыққан. Ұлт-азаттық қозғалысының мәнісін қасақана түсінбеу академик пен профессордың ықпалы ма? Олар неге түземеді, неге бағыт бағдар бермеді? Соғысты бастамас бұрын сәуірдің аяғында боран тұрғызып Кенесары жасақшыларын састыртып аламақ болады. Арқаның алты ай қысына дес бермеген, киіз үйді қыстап шыққан кенесарышылдарға шұңқырдың ішіндегі, ықтасындағы боран сөз болып па? Орман манап 100.000 жерден от жаққызып «әскер санын көбейтіп» алды дейсіз. Кенесарының Орынбор генерал губернаторларынан сыйлыққа алған бірнеше дүрбілері бар. Жауы да болса қолбасшылығын, әскери дарынын бағалай білген. Таяқ тастам жердегі, таудың басындағы қырғыздардың не істеп, не қойып жатқанын көрмейтін не жыны бар.
Орыс отаршылдары «Кенесарының өлімі арқылы екі туыстас елдің арасына от жағып, жік түсіргенде қандай нәтижеге жеткенін іс жүзінде көрдік» деп ашық айтуға болады дейсіз. Өйткені олар, «тәуелсіздікке ұмтылған екі халықтың тағдырын тәлкекке салды» дегенді тілге тиек етесіз. Ал менің Әпендім - кандидат Бүрлібаев Әлібек «Біз ресейге «колония» болған жоқпыз, ол қазақ ғалымдарының далбасасы» дейді. Сіз сонда қазақ ғалымы емессіз бе? Ол өзін Ресей ғалымымын деп есептейді. Қазақстанда қорғатпай қойыпты. Ниеті сатқын адамға қорғатпағаны дұрыс болған. Содан сатқындардан басқаға өкпелі.
Кенесарының қарындасы Бопайдың аузына сөз салып «өлер хан өлді, тірі қалған қазақтардың басына 60 жылқыдан беріп тұтқындарды алып қайтты» дейсіз. Сіздікі ой жотамен соға беретін көркем әдебиет емес, тарихи тағылым беретін дисертация. Жас ұрпаққа жөні түзу білім берсін деп Кеңкең сізге тарих ғылымының докторы атағын алып берген болар. Жарайды 1000 адамды босатқан шығар, құнына беретін 60.000 жылқы Бопайда да, Кенесарыда да болған жоғы анық, оны қайдан тапты, Айткүл ханым? Әр сөзге жауап беру керек емес пе? Бопай бар тұтқынды сатып алса Ағыбай мен Наурызбайдың қоршауды бұзып шыққаны өтірік болғаны ма?
Қырғыз манаптары, билері мен батырларының 12-не алтын медаль, Қалығұлға күміс медаль, ханның басын алған Қ. Тастанбековке алтын медаль, Орман манапқа бірден алтын медаль, полковник шенін қоса бергенін жазасыз. Не деген мырзалық! 14 алтын, бір күміс медаль, бес алтын медальдық полковник шені. Тағы 3000 рубель күміс ақша. Пай – пай Айткүл ханым. Кенесарының басының құнына жете алдыңыз ба? Бұдан кейін қазақ-қырғыз арасында қандай саяси байланыс болуы мүмкін еді. Совет үкіметінің арқасында қырғыз тарихшысы Ы. Абдырахманов жазғандай «ауылы аралас, қойы қоралас, жігіттері жоралас, құдаласып, достасып, жарасып, қайта туған болып кетті» дейді. Түстен кейін маңыраған қой сияқты екінші бір тарихшысы К. Үсенбаев «Кенесарының соғысы қазақ-қырғыз елінің достығына тосқауыл бола алмады» десе «өктемдікке үйреніп қалған хан Кене қайшылықтарды шешу жолы күш екен деп қате пайымдады, мәмлегерлік саясатты пайдалана алмады» деп қоштайды академик Манаш Қозыбаев. Айткүл ханымның қолтығынан қалай-қалай демеген. Кенесары хан Сейдақ қожа мен Шоқпар биге 200-ден астам хатты босқа жаздырды ма? (бір том кітап болып шыққан.)
Егер сіз, Айткүл ханым! XXI ғасырдағы қырғыздың пәленбай президентімен желтоқсанның Бас қолбасшысы, қазақтың күн көсемі, ұлт лидері, ғасыр ғұламасы президент Н. Ә. Назарбаев арасындағы саяси байланысты тілге тиек етсеңіз құлаққа кіреді. Нағыз ғұлама тарихшы болатыныңызға мен күмән келтірмес едім.
Менің поштама Сіздің дисертацияыңызды жіберген Әлібек Бүрлібаев пен Сұрат Сұрқиятовтың екеуінің біреуі болу керек. «Міне көр, біздің атамыздың атын атап дисертация жазып, докторлық қорғаған» деген мақтанышын жасыра алмаған.
Материал қолыма тиген соң менде «Сыпатайдың сатқындығы» деген «докторлығымды» қорғап алғашқы рефератымды жаздым. Қабыл алып, бағасын берерсіз?!
Садық Смағұл