Сәуір айының соңында Атырауда болған митинг жер реформасына наразы халықтың сол кездегі ақырғы амалы еді. Мәселенің маңыздылығына басқаша назар аударту мүмкін емес еді. Одан Ақтөбе, Қызылорда, Семей қалаларында да халықтық наразылық шаралары өтті. Алматылықтар Жалпыреспубликалық митинг өтеді делінген 21 мамырды күтпей 7 мамырда митингке шықпақ болды. Біраз белсенділерді сол күні таңертең үйлерінен полиция алып кетіп жатты.
Елбасы жариялаған мораторий мен жер реформасы жөніндегі комиссия шиеленісе бастаған халық наразылығын едәуір басқандай болды. алайда, жалпыхалықтық митинг жоспарланған 21 мамыр қарсаңында Астана, Алматы, Атырау, Орал, Ақтөбе сынды бірқатар қалаларда белсенділер қамауға алынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Макс Боқаев, Талғат Аян, Жанат Есентаев, Махамбет Әбжан сынды бірқатар жігіттердің үстінен әлеуметтік, ұлттық араздық туғызды деген айыппен қылмыстық іс қозғалып отыр. Халықаралық құқыққорғау ұйымдары, азаматтық қоғам мүшелері бұл тұтқындауларды айыптап, конституциялық құқығын пайдаланып, маңызды мемлекеттік мәселеге үн қатқаны үшін қамалған азаматтарды босатуды талап етуде. Үкімет жанындағы Жер комиссиясының отырысында да осы қуғындалған азаматтардың ісі сөз болды, Бас прокурордың орынбасарының алдына мәселе қойылды. Алматыда құрылған «Араша» комитеті де батыста қамауда отырған жігіттерге көмектесудің түрлі жолдарын қарастыруда.
Ендігі жерде қудалау органдарының мақсаты түсініксіз болып отыр. Ол қамалған азаматтардың ешқайсысы кісі өлтіріп, ұрлық жасауға, басқа да қылмыстарға шақырмады, тек биліктен жердің шет елдерге жалға берілмеуін, жеке меншікке сатылмауын талап етіп, халықтың ойын жоғарыға жеткізудің жолын іздеді. Сол – қылмыс па? Айдың күннің аманында арақ ішіп, көлікпен адам басып жатқандар, кісі ұрлап, ақша тонап, іздеуде жүрген қылмыскерлермен ол азаматтарды қалайша қатар қоямыз?
Жер реформасына наразылық белсенділерді қанша қудалап, оқшауласа да Елбасының құлағына жетті. Президент шала заңға мораторий жариялап, арнайы комиссия құрғызды. Ол комиссия заңның, басқа да құжаттардың олқы тұстарын анықтап, парламентке ұсыныс жасамақ. Комиссия құрамына енбеген немесе одан бас тартқан қоғамдық белсенділер де өз ұсыныстарын ортаға салуда. Қалай болғанда да билік жер мәселесінде қателескенін түсінді, халықтың ойымен санасты. Енді екі тарап мәселені оңтайлы шешуге әрекеттенуде. Онда неге Макс Боқаев пен Талғат Аян бастаған бірнеше адам әлі қамауда отыр? Олардың үстінен қозғалған іс неге тоқтатылмайды? Олар осы жер мәселесін көтеріп алаңға шықты емес пе? Жер комиссиясының құрылып жұмыс бастауы сол Т. Аян мен М. Боқаев, т.б. азаматтар қаққан дабылдың дұрыстығын дәлелдеген жоқ па?
Жомарт Абдоллаұлы