Рүстем Мәлікұлы Сыздықов, «Нұрлы білім» теріс діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық бірлестігі төрайымының орынбасары (Қарағанды қ.), Қарағанды облысы әкімінің дін мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, ҚР ҚМДБ жанындағы РАНТ мүшесі.
– Жақында Ақтөбеде болған жантүршігерлік оқиғалар қоғамды тағы да қобалжытты. Бұл исламофобияны біздің елде де күшейтпей ме?
– Кейінгі оқиғалар, әрине, Ислам дініне көлеңке түсіргені анық. Әлемдік ауқымдағы тұжырымдарға талдау жасап көрсек, дүние жүзінің, оның ішінде отандық та бұқаралық ақпарат құралдары «Ислам – террордың діні» деген сыңайдағы біржақты пікірге бейім тұрады. Шындығында, Ислам – бейбітшілікке, татулыққа шақыратын дін. Өкінішке қарай, қазіргі жағдайдың өзі сол: дін мәселелерінен хабары жоқ кей адамдар әлгіндей жантүршігерлік істерге барып, өздерін таза исламдамыз деп жариялаған азғантай топтардың әрекетінен дәстүрлі мұсылман қауымы сондай екен деп жатады. Шын мәнінде, олар дәстүрден алшақ сәләфия-ваххабия ағымының өкілдері. Көпке топырақ шашуға болмайды, әрине. Кей азаматтар Ислам дінінің сақал қою, хиджаб кию тәрізді сырт келбеттік сипаттарын құптамайды. Бірақ, дұрыс түсініңіздер, оның бәрі дәстүрлі дін туралы білімнің аздығынан жасалатын тұжырымдар.
– Айыпталушыларға әзірге үкім шығарылған жоқ, тергеу жүргізілуде, алты күдікті қашып жүр, Елбасы Ақтөбеде шабуыл жасағандар «шетелдерден нұсқау алған» деп мәлімдеді. Осындай мәселелермен көптен айналысып жүрген адам ретінде Сіз «Бұл радикалдарға түрткі болған не? Ақтөбеде олардың мақсаты қандай болды?» деген сауалдарға жауап бере аласыз ба?
– Шынтуайтында, Ұлт көшбасшысының айтқаны рас, бұл жерде сырттан бір ықпалдың болғаны анық – қолда бар ақпаратқа сүйенсек, орын алған террорлық әрекетке дейін интернет-кеңістікте жалған халиф әл-Бағдадидің оң қолы әл-Аднанидің Сирия мен Ирактан басқа жерлерде де жиһад жасауға, өз мемлекетінен сыртқа шыға алмағандарды өз елінде зорлық-зомбылық жасауға шақырған үндеуі жарияланды. Оның үстіне, мұндай оқиғаның орын алып отырғаны да бірінші рет емес. 2011-12 жылдары Әбу Мүнзир әш-Шынқити (виртуалды болуы мүмкін) мен Сирия мен Ирак биліктеріне қарсы ұрыс қимылдарына қатысып жүрген қазақстандық Әбу Әниса сияқты радикал сәләфит көсемдерінің үндеуі біздің еліміздегі бірнеше террорлық әрекетке түрткі болды.
Айта кету керек, бұл жастарға түрткі болған – олардың бұрмаланған діни түсінігі, соқыр сенімі. Дін жолындағы оларға діни уағыз айту кездерінде байғұстардың санасын әбден улаған, адами құндылықтар жайлы түсініктері бұрмаланып, «Жұмақтағы мәңгілік өмірге» тезірек жету туралы жалған сенімге байланған. Ондай сенім санасын мықтап ұялаған кез келген пенде, тіпті білімді, зиялы деген адамның өзі «Жұмаққа жету» үшін бәріне, маған десең, өзін-өзі жарып жіберуге, жазықсыз адамның қанын төгуге дайын тұрады. Олардың ойынша, тәуекел етер тұс дәл осы сияқты көрінеді. Оны айтасыз, олар сол әрекетімен қоғамға пайда әкелеріне сенімді болады.
Ақтөбе оқиғасы – заңды билікке қарсы террорлық әрекет, үрей тудыру мен қоғамдық санаға ықпал ету мақсатындағы бейбастақтық пен қоқан-лоққының көрінісі. Ақтөбе өңірінің ешқандай да бір ерекшілігі жоқ. 2011-12 жылдардағы қайғылы оқиғалар көрсеткендей, мұндай трагедия елдің кез келген өңірінде орын алуы мүмкін еді. Өйткені, сәләфия-ваххабия ағымының өкілдері елдің барлық аумақтарында бар екені жасырын емес.
– Сіздердікіндей ұйымдар бүкіл Қазақстан бойынша жұмыстар атқаруда. Жер-жердегі имамдар да алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Қоғамды бүлдірушілермен күреске мұның да жеткіліксіз болғаны ма? Не жетіспейді?
– Біріншіден, елдегі халықтың басым бөлігі діннен хабарсыз, діни сауатын ашуға деген құлқы да жоқ. Дәстүрлі діндердің негізгі тұжырымдарын және олардың теріс ағымдардан айырмасы неде екенін әрбір азамат білуі тиіс. Сонымен қатар, жұмыс істеп жүрген дін қайраткерлерінің көпшілігінде (дінтанушылар, исламтанушылар, саясаттанушылар және түрлі сарапшылар) сонша бір терең діни білім жоқ. Діни салт-дәстүрді ұстанатын да, ұстанбайтын да халықтың (соның ішінде орыс тілді) дінтанушылық сауатын көтере білсек, біз толерантты, тату, қайырымды діни сана мен теріс ағымдардың әпербақан идеологиясына қарсы тұра алар иммунитет қалыптастыра алар едік.
Екіншіден, кейбір елдердің оң тәжірибесінен үлгі алып, аталмыш теріс ағымға заң жүзінде тыйым салу қажет. Айталық, сонау 1999 жылдың өзінде Ресей Федерациясының Дағыстан Республикасында «Дағыстан Республикасының аумағында ваххабиттік және өзге де экстремистік қызметтерге тыйым салу туралы» Заң күшіне енді. 2009 жылдың басында Тәжікстанның Жоғарғы соты да «Сәләфия» діни-фундаменталистік ағымының қызметін заңсыз деп тауып, оның ел аумағында әрекет жасауына тыйым салу туралы шешім шығарды.
– Экстремистер өзгелерді өз қатарына қандай әдістермен тартады және болашақ радикалдардың жасына шек қойыла ма? Олар көбінесе Исламның қандай аяттары мен қағидаларына иек артады?
– Идеологиялық өңдеуге алынатын құрбандардың әлеуметтік портреті қанша уақыт өтсе де өзгерген емес – олардың бәрі дұрыс діни сауаты жоқ жастар (17-30 жас). Теріс ағымның жетекшілері радикалдық идеологияны олардың санасына айдай анық ақиқат ретінде құя біледі, сендіре білетіндері сонша, олармен ешкім таласпайды да. Бұл Құранның кейбір аяттарын бұрмалап түсіндіру жолымен жүзеге асырылады. Азғырушылар оларды сенімі адасқан ізбасарларының санасына құю үшін, кейін сол соқыр сенімдегілерді өз мақсаттарына пайдалану үшін Парсы шығанағындағы петромемлекеттердің сәләфи ғалымдары даярлайтын радикалдық үлгімен қасақана бұрмалайды.
Теріс діни ағымдардың белгілі қазақстандық көшбасшылары өз ізбасарларын мәдени-рухани-моральдық тұрғыдан сәләфия-ваххабия ағымының экстремистік пиғылдағы радикал ғалымдарына (шейх Солих Фаузан, Усеймин және т.б.) бағыттаумен айналысуда. Онда да, Парсы шығанағы елдерінің (Сауд Арабиясы, Египет және т.б.) идеологиялық орталықтарында әрекет етуші ғалымдарды қолдан әспеттеп, қазақстандық жастардың діни санасына сіңіріп жүрген бұл көшбасшылар теріс ағым өкілдерін мәңгүрттендіріп, кейін радикалға айналдырады.
Парсы шығанағы елдерінің шейхтары өз кезектерінде діни түсініктерді өз ыңғайына қарай бұрмалап түсіндіріп, зайырлы заңдарға жау көзімен қарауды, үкіметті мойындамауды, мемлекеттік рәміздерді жақтырмауды насихаттауда; ұрыс қимылдары жүріп жатқан жерлерге барып, заңды билікке қарсы соғысып жатқан содырлық құрылымдарға қосылуға үндеуде.
Діни терминологияны бұрмалап түсіндіру діндар адамды сенім (акида) мәселелерінде әбден шатастырып, таухид, иман, күпірлік, мазхаб, масих және ширк ұғымдары туралы түсінігін тас-талқан етеді. Мұндай сенімге бой алдырған адам қазақ халқының тарихын, мұсылманшылық жолын, ер мен әйел теңдігін, ар-намыс еркіндігін, жаппай сауаттылықты түгелімен жоққа шығарып, Қазақстанның дәстүрлі мұсылмандарын кәпір деп айыптайды және т.б., сонымен қатар, ортағасырлық мұсылмандықты қайта жаңғыртуға бағытталған утопиялық ұмтылысқа бейім тұрады.
– Ақтөбе өңірі басқа жақтардан ерекшелене ме?
– Жоғарыда айтқанымдай, діни тұрғыдан Ақтөбе өңірінің ешқандай ерекшелігі жоқ. Онда да басқа өңірлердегі сияқты түрлі деструктивті ұйымдар, соның ішінде сәләфия-ваххабия радикалдық ағымы етек жайған.
– Балалары радикалдау шырмауына түсіп қалмауы үшін ата-аналар неге көңіл бөлгені жөн?
– Баланың мінез-құлқының ғана емес, сырт келбетінің де өзгере бастауына көңіл аударып отыру қажет. Діни мағынадағы жаңа сөздер айта бастаса назар аударған жөн. Негізі, мағынасы жаман болмаса да, бір сөздерді жиі қайталаса, аса жақсы емес. Сақал өсіріп, шалбарының балағын шолтитып, қара киім киюге әуестене бастауы мүмкін. Дәстүрлі Ислам діні мен қазақтың ұлттық дағдысына сай, мінәжаттан соң немесе ас қайырғанда бет сипамай қояды. «Теледидар көру – һарам іс, яғни күнә; қазіргі оқу мекемелерінде (жалпы білім беретін, орта және жоғары оқу орындарында) оқуға болмайды, олар кәпірдің оқуы» деген сияқты әңгімелер айта бастайды. Мұның бәрі баланың жақындары үшін белгі болуы керек: бұл оның «мен радикал болып барам, ұлттық, моральдық, діни дәстүрлер енді маған жат!» деген жаңа көзқарасының айғақтары. Ал осының бәріне себеп – оның жақындары да дәстүрлі діннің негіздерінен бейхабар. Радикалдық экстремистік ағымдарға керегі де осы. Абайдың мұрасын білмеу, қазақтың алғашқы ұстазы Ыбырай Алтынсаринді, діни сенім мәселесінде Мәшһүр Жүсіп Көпеевті, Шәкәрім Құдайбердиевті, Міржақып Дулатовты, тағы да сол секілді ұлтымыздың ұлы тұлғаларын танымау, өз халқының ұлттық діни-мәдени құндылықтарын білмеудің ақыры осындай қасіретке апарып ұрындырады. «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп» деген сол. Басқа жол жоқ. Қазақтың маңдайалды зиялылары да білген негізгі діни қағидаларды білуіміз керек, олай болмайды екен, балаларымыз ертең діни мәңгүртке айналады. Сондықтан, ата-аналар өз балаларының қандай діни ақпаратты қайдан және кімнен алып жүргенін байқауы керек. Олар ақпаратты ғаламтордан немесе баспа өнімі түрінде (кітаптар, шағын кітапшалар, газет-журналдар, т.б.) алуы мүмкін.
– Ақтөбе оқиғасынан кейін сәләфит қозғалысына тыйым салу мәселесі қызу талқылана бастады. Кей дінтанушылар сәләфизмді бірнеше деңгейге бөледі де, солардың бірі орташа, яки ұстамды сәләфизм деседі. Сәләфизмге тыйым салу мәселесіне Сіз қалай қарайсыз, ол өзі оңай ма? Жалпы, ұстамды сәләфизм деген бола ма? Сәләфизм мен ваххабизм дегеніміз не өзі?
– Алдымен «Дәстүрлі ислам» және «Исламдық радикализм» деген ұғымдарды анықтап алғанымыз дұрыс болар деп ойлаймын.
Қазақстандық мұсылмандар үшін дәстүрлі ислам – осы елдің байырғы халқы ықылым замандарда қабылдаған, оның ұлттық салт-санасымен, мәдениетімен, дүниеге көзқарасымен етене қабысып кеткен, өз іші түгіл, өзге ұлт өкілдерімен де бейбіт, өзара тату өмір сүруді дәріптейтін, Отанға адал, қандай да бір саяси мақсатқа ұмтылмайтын байсалды дін.
Исламистік радикализм – бұрмаланған діни іліммен бүркеніп, сонымен ғана ақталған болатын ұшқары діни көзқарастар мен қарама-қайшы әрекеттердің жиынтығы.
Қазіргі мемлекеттік құрылымды өзгертуге ұмтылып, сол мақсатқа қарапайым мұсылмандардың діни наным-сенімін опасыздықпен пайдаланатын, өздерін «кәпірлермен» күрескерміз деп тантитын радикалдар – исламистік радикализм.
Айта кету керек, сананы радикалдау екі кезеңде жүргізіледі. Біріншісі – маргиналдау кезеңі – өз ізбасарларын идеология тұрғысынан діни-мәдени мәңгүртке айналдыру, құндылықтар жайлы түсінігін өзгерту, оларды сәләфия-ваххабия ағымының экстремистік сарындағы радикал ғалымдарына (Ибн Таймийа, Ибн Каййим, Әлбани, Солих Фаузан, Усеймин және т.б.) табындыру. Онда да, Парсы шығанағы елдерінің (Сауд Арабиясы, Египет және т.б.) идеологиялық орталықтарында әрекет етуші ғалымдарды қолдан әспеттеп, қазақстандық жастардың діни санасына сіңіреді. Бұл көшбасшылар теріс ағым өкілдерін мәңгүрттендіріп, кейін радикалға айналдырады. Бұған қоса, осы мәңгүрттендіру кезеңі жиһад пен радикализмнің негізгі алғышарты саналады. 2000-2010 жылдары «ұстамды» уағыз айтушылардың тәрбиесін көрген қазақстандық жастар естеріңізде ме? Міне, тап солар зорлық-зомбылық пен небір сұмдық тәуекелге бейім болып шықты.
Ваххабит-сәләфиттердің әдетте бейбіт көрінуі – маргиналдандыру мен радикалдандырудың бастапқы кезеңі ғана. Бұл кезде олар өздеріне сенген пақырлардың санасын улаумен, акида, Аллаһтың сипаты, таухид, иман жайлы түсініктерін бұрмалаумен болады. Радикалдандыру бойынша әлемдік деңгейдегі діни сарапшылардың (Шираз Майер, Нибрас Казими, Ваел Иссам, Рәния Әбу Зейд, Хасан Хасан, Эмма Скай, Джоэл Лейберн, Даг Стоун және т.б.) пайымынша, бүгінгі «ұстамды» сәләфиттер ертең нағыз сойқан радикалдарға айналады. Шынында да, бұл пайым дүниенің қай бұрышында болсын шындыққа айналып отыр: кеше ғана қойдан қоңыр тіршілік кешіп жүргендей көрінген сәләфит бүгін қарасаң, террор мен зорлық-зомбылыққа құмар радикал болып шыға келеді.
ҚМДБ өкілдері елден шығып кеткен сәләфиттердің ата-аналарымен сөйлескенде анықталғандай, олардың ешқайсысы да шектен шыққан радикал болмаған. Керісінше, сондай байсалды, «бейбіт» сәләфит-ваххабиттер» болған. Ибн Таймияның «Акида әл-Васатыя» кітабын, осы кітапқа шейх Усейминнің түсініктемелерін, Ибн Абдуль-Ваххабтың «3 негіз» кітабын және басқа да осы тақылеттес дүниелерді оқыған. Шетелдік (шейх Солих Фаузанның «әл Уара уәл Барасы», Нәдір әбу Халид, әбу Мәриям Назратулла және т.б.) және қазақстандық «ұстамды» шейхтардың аудио-, бейнежазба түріндегі уағыздарын тыңдапты.
Радикалданудың екінші кезеңі – бұл тікелей зорлық-зомбылыққа, террорлық әрекетке шақыру. Сәләфия-ваххабия ағымының радикал көшбасшылары, мысалы, Мухаммад Хассан, Арифи, әл-Аднани, әбу Бәкір әл-Бағдади және т.б. әр мұсылман жиһадқа қатысуы керек дегенді ашықтан-ашық жариялайды, олардың кейбірі, тіпті, жиһадты әркім өз елінде жасасын деп азғырып жүр.
Осындай аса қауіпті радикалдық идеология Қазақстанда етек жайып кетпеуі үшін сәләфия-ваххабия ағымына ғана емес, республика аумағындағы барлық дәстүрден тыс күмәнді діни ілімдерге (нурсистер, сулейманистер, гюлленистер, кораниттар, ахмадиттар, жалған сопылар, протестанттық емес ағымдар және т.б.) заң жүзінде тыйым салу қажет деп есептейміз.
Сәләфизм-ваххабизм дегеніміз не? Беделді әлемдік сарапшылардың тұжырымына сүйенсек, бұл кәдімгі, зорлық-зомбылық, адамдарды топастандыру, олардың санасына қасиетті мәтіндерден үзіп-жұлып алып, әдейі қате түсіндіру жолымен билік жүргізу айла-шарғысы. Осы торға қарапайым халықтың оңай түсуін қамтамасыз етін – сәләфизм-ваххабизм өкілдері. Бірнеше діннен қойыртпақ жасап, сонымен адамдардың санасын улау арқылы саяси арам пиғылдарға пайдалануға болады.
Әлемдік сарапшылардың анықтауынша, ваххабизм мен салафизм – нацизм және гитлеризм деген сияқты синоним сөздер. Нацизм – идеология болса, гитлеризм – дәл сол идеологияның оны жүзеге асырған адамның атымен аталған түрі ғана. Біз айтып отырған жағдайда да «сәләфизм» идеология да, ал «ваххабизм» – сол идеологияны жүзеге асырған Мухаммад Абд әл-Ваххабтың тегі.
Халықаралық, яғни әртүрлі мемлекеттерде әрекет ететін болғандықтан, ол бірде таза діни (діни-мәдени-идеологиялық) болғансып, дін бостандығы мен сөз бостандығын жамылады. Мәселен, Қазақстанда қатарына адамдар тартып, оларға идеологиялық уағыздар жүргізіп, араб тілінің сабақтарын, қайырымдылық акцияларын өткізеді. Одан соң жасырын топтар («спящие ячейки») құрады немесе тіпті «жасырын моджахедтер» болады. Тиісінше заңнама болмағандықтан, оларға билік те ешқандай айып таға алмайды. Белгілі бір уақыты келгенде әлгі дайын отырғандар «жаһандық жиһадтың» ана жерден бір, мына жерден бір бұрқ ете қалатын ұрыс қимылдарына немесе бір реттік террорлық әрекетіне пайдаланылады.
Ақтөбеде болған оқиғалар қазақстандық сан түрлі сарапшылардың талдау пікірлеріне себеп болды. Олардың арасынан сәләфизм-ваххабизмді жақтаған шешендер де табылды. Сондай ғалымсымақтар әдемі сөзбен сәләфизм-ваххабизм ағымын ұстамды, бейбіт етіп көрсеткісі келеді. Олар өздерінің «ұстамды» ағайындарын ақтап, бар кінәні такфирит, хариджит сияқты радикалдарға аударғысы келеді. Оның үстіне, дін саласындағы өкілетті органдарда сарапшы, кеңесші болып отырған сондай адамдар діни терроризм мен экстремизмге қарсы күресте стратегиялық, тактикалық әдіс-тәсілдер белгілегенде өкілетті орган басшыларын қасақана шатастырып, жалған түсініктер береді. Қазақстандық дінтанушылардың, теологтар мен басқа да қызметкерлердің, өкілетті мемлекеттік органдардың мәселенің тамырына балта шаба алмай, идеологиялық азғыру – маргиналдандыруға жете алмай, тек болған сұмдық оқиғалардың салдарымен ғана күресіп отырғанының негізгі себебі осы. «Жау кеткесін қылышыңды тасқа шап» демей ме қазақ, Қазақстанның қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін жағдайларға талдау жасап, оларды қылтиып бас көтерген жерінен құртып, алдын алу шараларын жасамағасын не керек. Діни сарындағы терроризммен, экстремизммен тиімді күресу үшін алдымен оның идеологиялық негізін құрту керек дегенді Елбасының өзі бірнеше рет айтқан жоқ па..?
Осы жерде айта кету керек, 2011-12 жылдары болған оқиғалардан кейін мүфтият зиялылары діни терроризм мен экстремизмнің алдын алуға жауапты орындарға сәләфит-ваххабиттерді ұстамды және радикал деп бөлу қате екенін, бұлай қателесудің салдары қоғам үшін де, мемлекет үшін де қауіпті болуы мүмкін екенін бірнеше рет ескертті. Бірақ соған құлақ асқан ешкім болмады. Осындайда ұлы Абайдың сонау ХІХ ғасырдың өзінде айтқан «Жаттың бір тәуір кісісін көрсе, «жарықтық» деп жалбырап қалып, мақтай қалып, өз елінде содан артық адам болса да танымайтұғыны қалай?» (40-шы қара сөз) деген сөзі еске түседі.
– Радикалға айналатындар дәстүрлі ислами әдебиетті оқымайды, имамдардың айтқанын тыңдамайды, керек десеңіз, оларды елемейді де. Дұрыс кітаптар мен кітапшалар жеткілікті шамада шығарылып жатыр, жалған діни ағымдардың қауіптілігі туралы уағыздар да айтылып жатады. Теріс ағымға кіргендер өздерін теріс жолға түстік деп есептемейді ғой, мәселе сонда. Олар өздерінікін жөн, әділ санайды. Солардың көкірек көзін қалай ашуға болады? Олар шетелдерден қаңғып келген әлдекімдерге емес, өзіміздің имамдарға құлақ асуы үшін не істеуге болады?
– Радикалдық теріс ағымдардың әлемдік көшбасшылары өз ізбасарларының алдында қалыптасқан ресми дінбасыларды, олардың ілімін, әдебиетін, тағы басқасын қаралауға үлкен күш салады. Ресми дін өкілдеріне қатыстының бәріне: уағыздарына, кітаптарына, сабақтарына, жиындарына, т.б. оларда қатаң түрде тыйым салынған. Радикалдық ағымдардың жетекшілері өз шәкірттеріне оларды адасқандар, күнәһарлар, тіпті сайтанның құлдары деп түсіндіреді. Яғни, ақиқат жолымен келе жатқан тек біз (радикал ағымдардың көшбасшылары) деседі.
Бұл жерде тосылып қалмау үшін дін саласын өкілдері діни, құқықтық, тарихи білімін тереңдете түсуі қажет. Өйткені, теріс ағым көшбасшылары дәстүрлі Ислам дінінің қағидаттарына күмән келтіріп, дау шығарған кез келген жағдайда оған тізгінді беріп қоймайтындай болу керек.
Қазақстандағы сәләфизм-ваххабизм проблемасы ешқайда кетпегенін, тек «демін ішіне алып, әлдебір қуысқа жасырына қалғанын» ескеруіміз керек. Ол енді басқаша айлаға көшті. Радикал исламистерге өздерін сәләфит-ваххабистерше ұстамауға кеңес беріліп отыр, өйткені, бұған оң қабақ танытайын деп отырған ешкім жоқ. «Сәләфизм-ваххабизм» терминінің өзі кейбір діни «сарапшылар» мен ресми тұлғалардың қолданысынан шығып қалды. Қазір «таблиғи жамағат» туралы сын айтуға болады да, сәләфит-ваххабиттер туралы керек емес сияқты. Мұның салдары да оқыстан болуы ғажап емес.
Сәләфит-ваххабистер енді ханафиттер, яғни дәстүрлі мұсылмандар сияқты көріне бастады. Бірақ идеологиялық наным-сенімдері сол баяғысынша. Дегенмен, сәләфит-ваххабиттердің кей көшбасшылары ғайыптан тайып ханафи-матуридит болып шыға келді. Енді олар діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес бойынша алдын алу шараларын жүзеге асыратын қоғамдық бірлестіктердің «білікті» мамандарына айнала бастады. «Қойды қасқырға бақтыру» дегеніңіз осы шығар...
Қазақстан мұсылмандарына шетелдерден жасалатын кез келген ықпал қауіпті болатынын естен шығармаған абзал. Өйткені, қазақстандықтар шетелдік уағыз айтушының діни-саяси сарындағы сөздеріне ереді, шетелдік діни орталықтарға қарап бой түзейді. Бұл, енді, мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Қазақстан мұсылмандары Мәскеудің, Эр-Рияд пен Анкараның мешіттеріне емес, Астана мен Алматының мешіттеріне бой ұсынуы тиіс.
Бас бостандығынан айыру орындарында экстремистік және террористік әрекеттері үшін отырған азаматтар, сондай-ақ, ұрыс қимылдары жүріп жатқан жақтарға кеткендер сәләфизм-ваххабизм идеологиясын ұстанушылар екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Айта кету керек, солардың ішінде дәстүрлі исламның бірде-бір өкілі жоқ.
Конфессияаралық та, конфессияішілік те азаматтық келісімді, мемлекеттің саяси-әлеуметтік тұрақтылығын сақтап қалу үшін ел халқы Мемлекет басшысының саясатын қолдай білуі керек. Елбасымыз барлық діни мәселелерді шешуді Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасына (ҚР мүфтияты) жүктегені белгілі. Қасиетті Құранда Алла Тағала былай деген: «Әй мүміндер! Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар. …» (Ән-Ниса: 59). Қазақстандықтар үшін өзімізден болған әмір иесі, әрине – Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев.
Елбасы да өз сөзінде: «Соқыр фанатизм біздің бейбітсүйгіш халқымыздың психологиясы мен діліне мүлде жат. Ол Қазақстанның мұсылмандары ұстанатын ханафи мазһабына қарама-қайшы», – деген болатын.
Бұдан шығатын қорытынды, біз, Қазақстан мұсылмандары кез келген мәселеде өз Президентімізге бағынуға тиіспіз. Ал діни мәселелерде ҚР мүфтиятына бой ұсынғанымыз абзал. Әр халықтың өз Президенті, өз мүфтияты бар емес пе. Мысалы, Сауд Арабиясы Корольдігінде өз королі мен өз мүфтияты бар. Түркияның өз Президенті мен өз мүфтияты бар. Пәкістан мен Үндістанның да өз Президенттері, өз мүфтияттары бар, тағысын-тағы. Сол елдердің халқы өз Президенті мен мүфтиятына бағынып отыр. Ал бізде, шынтуайтына келгенде, кей мұсылмандар діни рәсім жасағанда (мысалы, намаз оқығанда), діни (саяси) мәселелер туындаған жағдайда, Президентімізге немесе ҚР мүфтиятына емес, Сауд Арабиясы, Түркия, Пәкістан, Үндістан, тағы басқа жақтардағы діни экстремистік ғалымдарға жүгініп жатады. Кейбір мұсылманның маргиналдандыру торына түсіп, кейін радикалданып жатуының бір үлкен себебі де осы. Ханафи атын жамылған сәләфит-ваххабиттер дін мәселесінде Мемлекет басшысына бағынуға шақырған ханафи мазһабының ұлы ғалымдарының ата жауы. Сәләфит-ваххабиттер ханафи мазһаб жолын ұстанбайды, алайда өздерін «бейбіт», «қайырымды», ел Президентіне қарсы шықпайтын «ханафи» етіп көрсеткісі келеді.
Бірақ, мұсылман халқының өз дініне деген табиғи берілгендігін қазақстандық мұсылмандардың бір бөлігін шетелдік діни орталықтарға бой ұсындыруды мақсат еткен теріс ағым өкілдері арам пиғылдарына пайдаланды. Мұндай саяси мақсаттар бойынша, келешекте Қазақстан мұсылмандарының бір бөлігі өз еліндегі ішкі қарсыласқа айналуы тиіс еді және олар жайлаған аумақ Еуразияны жаһандық геосаяси қайта бөлу кезінде ханталапайға түседі.
Қорыта келе айтарымыз: әсіресе ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында Қазақстанға көптеп келген шетелдік уағыз таратушылар қазақ халқына жат радикалдық сарындағы исламды әкелушілер болатын. Қазақстанға дәрігер (Раббани), араб тілінің мұғалімі, беделді дінтанушы ғалым (Ш.Аляутдинов, Э.Кулиев, А.Ниязи, В.Порохова және т.б.) кейпінде өткен, шетелдік қайырымдылық қорлары қаржыландырған шетелдік миссионерлер қазақ жастарының арасында діни радикализмнің таралуына негізгі себепкерлер болды. Терроризм қасіреті Қазақстанды да айналып өтпей отырған қазіргідей уақытта шетелдерден келіп кеткен қаңғыбас миссионерлер біздің халқымыздың ұлттық тыныштығына қандай лаңның ұрығын салып кеткенін көзіміз көріп отыр. Біз оның тақсыретін әлі талай тартамыз. Тек, әйтеуір, ондай оңбаған уағызшылар Қазақ жеріне енді ешқашан аяқ баспайды деп үміттенеміз.
– Салиқалы сұхбатыңыз үшін үлкен рахмет!
Сұхбаттасқан: Ақбота Мұсабекқызы