Тергеу изоляторына түскен күдіктіні адам төзгісіз әдіспен азаптады деген айыппен бүгін үш полицейге қатысты сот үкімі шықты. Алматы облысы Қарасай аудандық Ішкі істер басқармасының полицейлеріне 2 жылдан 2 жыл 6 айға дейін жаза кесілді. Бірақ айыпталушы тарап бұл үкіммен мүлде келіспейді, Qamshy.kz 31 арнаға сілтеме жасап.
Үш полицейге қатысты қылмыстық қудалау үш жыл бойы бір тоқтап, бір жанданып отырған. Қылмыстық іс материалдары бойынша 2013 жылдың наурыз айында полиция қызметкерлері Қарасай ауданының 39 жастағы тұрғынын есірткі таратумен айналысады деген күдікпен ұстаған. Бірнеше күннен соң күдікті изоляторда өз-өзіне қол жұмсаған. Артынша тәртіп сақшыларына қатысты тергеу ісі басталыпты. Мамыр айында басталған сот отырысының үкімі шықты.
ҰЛАН ЕСБЕРГЕНОВ, Наурызбай аудандық сотының төрағасы:
- Жәбірленуші Ю Ен Гинға келтірілген азаптау әрекеттері үшін кінәлі деп танылып, 2 жылдан 2 жарым жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы оларға тағайындалды.
Алайда бұл үкіммен жәбірленуші тарап та, айыпталушы тарап та келіспейтіндерін білдірді. Жәбірленушілер жаза жеңіл болды десе, айыпталушы жақ негізсіз, дәлелсіз жаза кесілді дейді.
ӘЛІМЖАН ОРАЛБАЙ, Қорғаушы:
- Үкіммен келіспейміз. Міндетті түрде шағым түсіреміз. Нақты дәлел жоқ, тек жанама дәлелдер ғана келтірілді. Тергеу ісінде қателіктер көп болды. Оны судья да атап өтті. Мемлекеттік айыптаушыға қатысты жеке қаулы да шығарылды.
Сот тек жәбірленушінің түсініктемесін негізге алды деген қорғаушы оның бұрын қылмыстық жауапқа тартылып, наркологиялық есепте тұрғанын айтты. Ал сотқа шағымданып, 3 миллион теңге өтемақы талап еткен жәбірленуші тарап марқұмды ақтауға тырысады.
НАТАЛЬЯ ГУСЕВА, Жәбірленуші:
- Істің басынан бастап әділ жүргізілуін талап еттім, бақыладым. Бауырым жайдан жай қол жұмсамады өзіне. Заңсыздық оны суицидке итермеледі.
Полицейлерге қатысты "күдіктіні заңсыз ұстады" деген айып қысқартылып, "азаптады" деген айып бойынша жаза кесілді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.