«ЕГЕМЕН» НАҒЫЗ ЕЛ ГАЗЕТІНЕ АЙНАЛСЫН

/uploads/thumbnail/20170709035156096_small.JPG

Әдетте «Егемен Қазақстан» газетін «Бас газет», «Ел газеті» деп жатамыз. Ғасырға жуық тарихы бар, қазақ журналистикасының сандаған буыны үшін шығармашылық шеберліктің нағыз ұстаханасы болған басылым жаңа заман ағымында біршама кібіртіктеп қалғанын оқырман қауым ғана сезіп отырған жоқ, қалам ұстаған жігіттердің өзі де мойындайды. Бас басылымның нарықтық жүйеге тез бейімделіп, бәсекеге қабылеттілік бағаланатын жаңа қоғам үдерісіне жылдам еруіне шығармашылық әлеуеті, журналистердің қарым-қабылеті емес, ең алдымен кешегі кеңестік сананың сарқыншағы, мемлекеттік бюрократизм кедергі болғанын барлығымыз көріп, біліп отырмыз.

Елбасы Жарлығымен жақында ғана құрылған Ақпарат және коммуникация министрлігінің басшысы Дәурен Абаев ақпарат саласындағы жұмысын «Егеменнің» президентін ауыстырудан бастағанын әркім әр қилы қабылдаған болар. Жас басшының батыл қадамдарын дұрыс қабылдамаушылық орын алып жатуы да мүмкін. Сәуір айында ғана басшысы ауысқан басылымда кадрлық ауыс-түйіс жасаудың негізгі мақсаты да осы газетті заман көшінен қалдырмай, шын мәніндегі «Бас газетке» айналдыру деп білеміз. Газет басшылығына белгілі ғалым, қарымды публицист Дархан Қыдырәлінің тағайындалуын қоғам да жақсы қабылдады. Әлеуметтік желіде, баспасөзде бұл оқиға ерекше атап өтілуде. Тіпті, мемлекет саясатын ашық сынап жүрген кей саясаткерлер де бұл тағайындаудан үміт күтетіндерін жазып жатыр. Есімі ел ішінде ғана емес, Халықаралық шеңберде танылған, Түркі тілдес елдердің мәдени, тарихи байланысын нығайту, жалпытүркілік құндылықтарды насихаттау бағытында қыруар іс тындырған тарихшының алдында «Егеменді» елдің сүйікті басылымына айналдыру міндеті тұр. Дархан Қыдырәлі мырза ол міндетті де ойдағыдай атқарып шығарына күмәніміз жоқ. Кешелі бері газет ұжымында шығармашылық, техникалық қызметкерлер жиындары өткізіліп, газеттің беделін көтеру, заманға сай әдіс, тәсілдерді меңгеру, әлеуметтік желілердің мүмкіндігін пайдалану сынды нақты мәселелердің сөз етілгенін естіп жатырмыз.

Тағы бір жағымды жаңалық – еліміздің негізгі ақпарат агенттіктерінің бірі «ҚазАқпарат» агенттігі басшысының ауысуы. Отандық интернет журналистиканың көшбасшысына лайық қызмет атқарып отырған ұжымның еңбегі тиісті бағасын алып жүр дей алмаймыз. Тіпті, соңғы жылдарда ақпарат құралының қызметкерлерінің жалақыдан да қиындық көріп жүргенін естіп жүрміз. Министр агенттік басшысын ауыстырғанда осы мәселелерді ескерген болуы керек. «ҚазАқпарат» басшылығына келген Әсел Төлегенованың есімі журналистикадағы жаңа толқын өкілдеріне де, аға буынға да жақсы таныс. «Тенгриньюс» сынды ақпарат алыбында шыңдалған Әселдің ҚазАқпаратты да қазақстандық ақпарат құралдарының көшбасшысына айналдыруға мүмкіндігі жоқ емес.

Қазақ басылымдарын жібермей оқитын, әркез тілекші боп жүретін қарапайым оқырман ретінде елдің негізгі ақпарат құралдарының басшылығына тағайындалған Дархан Қыдырәлі мен Әсел Төлегенованы жаңа лауазымдарымен құттықтай отырып, қызметтеріне табыс тілеймін! Қос жетекші аталған БАҚ-тардың басына бақ боп қонған басшы болсын!

Яхия Жүсіп

Қатысты Мақалалар