Ыстамбұлдағы жағдай бойынша телеарналар оқиға орындарынан ақпараттар беруде, оларды көре отырып болып жатқан оқиғаны толыққанды бағалап шығу мүмкін емес, - дейді Түркияда білім алып жүрген қазақстандық Нұрат Ілияс.
Ол Ыстамбұл университетінде 3 жылдан бері түркология мамандығы бойынша докторантурада оқиды, - деп хабарлайды Qamshy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Оның айтуынша, кешегі оқиғалар басталған кез жергілікті уақытпен кешкі сағат 20-21 шамасы. Бастапқыда әуеде әскери ұшақтар мен тікұшақтардың ұшуы жиілеп кеткен. Алайда ол бұл әскери оқу-жаттығу шығар деп мән бермеген. Түнгі 23-тер шамасында БАҚ жаңалықтарынан соң ғана елде әскери төңкерістің басталғаны белгілі болған.
«Қазір дүрбелең біршама саябырсыды. Үкіметке қолдау білдірушілер Түркияның туын ұстап орталықтағы алаңдарға аттанды, сол жерде жақтастарымен билікке қолдау көрсетуде. Олардың қатарында түркиялық байырғы тұрғын қазақтар да бар», - дейді Н.Ілияс.
Бірқатар ақпарат агенттіктер осы уақытта Түркияда әлеуметтік желілердің жұмысы шектелді деп жария еткен. Алайда Ыстамбұлда интернет жылдамдығы төмендегенімен өшпеген, кейін таңға қарай оның жылдамдығы қалпына келген.
Бір-екі сағат бұрын телеарналар жұмысы белсендірек болып, БАҚ оқиға орындарынан ақпараттар, бейнекөрілімдер бере бастаған. Ақпараттың көптігі, әрі саналуандығы нақты оқиғаны толыққанды бағалауға мүмкіндік бермей отыр, дейді Нұрат Ілияс.
Ол көріп-білгендерін Фейсбуктегі парақшасында жариялап отырды.
© сурет Нұрат Ілиястың парақшасынан алынды