Алматыда ойран салған Күлікбаевтің үстінен қылмыстық кодекстің сегіз бабы бойынша іс қозғалды (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170709042106354_small.JPG

Оны қылмысқа не итермеледі? Күлекбаевқа жақындары, ұстаздары мен көрші-қолаңы қандай мінездеме береді? «Хабар» арнасының тілшілері осы сұрақтарға жауап іздепті. Бұл туралы Qamshy.kz  хабарлайды. 

Кеше Алматыда ылаң салған 27 жастағы Руслан Күлікбаев Қызылорда облысы Байқоңыр қаласының тумасы.  Жұлдызды қалашықтағы №8 мектепте 9 жыл білім алған. Бұрынғы ұстаздарының сөзінше, сабақ үлгерімі орташа, тәрбиесі де алаңдаушылық тудырмаған.

Гүлнәр Қожағұлова, Байқоңыр қаласы №8 орта мектебінің оқу ісі меңгерушісі:

-Руслан біздің мектепте 2006 жылы 9-сыныпты бітірді. Одан кейін кәсіптік училищеге түскен болатын. Жалпы мектепте де тәртібі айтарлықтай жаман болған жоқ. Өзін жақсы жағынан көрсете білді. Сабақ үлгерімі орташа деп айта аламын. Русланның осындай жағдайға баруы, бұл қалай болды деген сұрақ бізді қатты толғандырды. Барлығымыз, мұғалімдер мектеп болып қиналып кеттік. Тіпті не ойларымызды да білген жоқпыз.

Алматы облысының Ынтымақ ауылында болса Күлікбаевтың қайын жұрты тұрады. Бірақ қылмыскер әйелі мен бала-шағасын алып кеткен.  Құқық қорғау қызметкерлері оның зайыбынан түсінік алу үшін Байқоңырдан шақыртты. Қазір ол Алматыда.  Ынтымақта 5-6 жыл тұратын көршілері күдікті осы уақыт аралығында келмегенін айтады. Олар оның жүзін тек кешегі жағдайдан кейін жаңалықтардан көрген.

Нұрмұханбет Исатаев, ауыл тұрғыны:

-5-6 жыл болды тұрғаныма. Ешқашан көрген жоқпын.

Құрықталғанның әрекетін психолог мамандар талдауға тырысты. «Көпбалалы отбасынан шыққан, өзі де екі баланың әкесі бола тұра бұндай қадамға баруы үлкен психологиялық ауытқушылықтың белгісі», – дейді маман.

Зарина Штеер, психолог:

-Оның дәл осы суреттегі бет-бейнесін талдасақ, лидерлік қасиеті жоқ, айтқанды істейтін адам деген сипат берер едім. Түрінен қобалжу, қиналу не жасаған ісіне қайғыру да байқалмайды. Есірткі қолданатын адамға ұқсамайды. Бірақ кекшіл, ашушаң адам сияқты. Ондайлар психикалық ауытқуға бейім келеді.

Күлікбаев бұған дейін бірнеше рет сотты болғаны белгілі. Соңғы рет атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін темір торға жабылған. Өткен жылы жазасын өтеп шыққан.

Салтанат Мұратова, облыстық ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің жетекші маманы:

-Өткен жылы, яғни 2015 жылы жазасын өтеп шықты. Мәліметтерге сүйенсек, ол қазіргі таңда, яғни осы уақытқа дейін Алматы облысында тұрып келген. Алайда семьясы, 2 баласы және әйелі Байқоңыр қаласында тұруда.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректері бойынша, Руслан Күлікбаев соңғы кезде Алматы облысы Іле ауданы Ынтымақ ауылында тұрған. Ұялы телефон сатумен айналысқан.  2010 жылы 27 тамызда Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының үкімімен Қылмыстық Кодекстің 178-бабы 2-бөлігі бойынша сотталған. 2012 жылы 8 мамырда Қызылорда облыстық соты ҚК-нің 251-бабы бойынша 2 жылға және 11 айға бас бостандығынан айырған.  Қазір істі ҰҚК өз бақылауына алды. Ал Ішкі істер министрлігі мәліметінше, Руслан Күлікбаевқа қатысты Қылмыстық Кодексінің 8-бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Қатысты Мақалалар