Жемқорлық қылмыстар жасады деп айыпталып, сегіз жылға бас бостандығынан айрылған бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтың қылмыстық ісінде сот шешімімен тәркіленуі тиіс мүліктің тізімі болмай шыққан, - деп хабарлайды Qamshy.kz informburo.kz-ке сілтеме жасап.
Сотталған С. Ахметовтен тәркіленетін ештеңе жоқ екені сот орындаушылары сот шешімін жүзеге асыруға кіріскенде белгілі болған.
С. Ахметовке қатысты сот үкімінде тәркіленуге жататын мүлік тізімінің жоқтығы кезекті сот барысында анықталған.
Сот орындаушы іс жүзінде Ахметовке тиесілі делінген «Топар жылыжайлары» ЖШС-нан оның үлесін бөліп беруді сұрап сотқа өтініш берген. Судья болса үкімнің түсінікіз тұстарын түсіндіру туралы қаулы шығарып, серіктестіктің 95 пайыз үлесі С. Ахметовке, қалғаны бұрынғы директоры Александр Забировқа тиесілі екенін көрсеткен.
Алайда, прокуратура сот қаулысына наразылық білдіріп, кәсіпорынды түгелдей С. Ахметовке тиесілі деп тануды талап еткен. Осы жерде жылыжайдың тәркіленуге жатпайтыны, тіпті, тәркіленетін мүліктер енгізілген тізімнің жоқтығы анықталған. Бұл туралы сотта мүдделі тарап «ҚазАгроҚаржы» АҚ (жылыжай аталған АҚ-да кепілде тұрған – ред.) өкілі хабарлаған. Жылыжай тәркіленген жағдайда «ҚазАгроҚаржы» кепілзаттан және жылыжайға бұрын берілген қаржының қайтарылу мүмкіндігінен айырылатын көрінеді.
«Ахметовке қатысты сот үкімінде тәркілеуге жататын бірқатар мүліктер жоқ. Сонымен қатар, кепілзатты жоғалтқан жағдайда «Топар жылыжайлары» ЖШС бұрын алынған қаржы мен жылыжай құралдарының лизингін қайтару мүмкіндігінен айырылатынын, соның салдарынан мемлекетке «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы көлемді нұқсан келетінін есккеруіңізді сұраймын. Өйткені, жылыжай кешенінің құрылысына қаражат Ұлттық қордан бөлінген», - дейді «ҚазАгроҚаржы» АҚ өкілі Жанна Тағанасова.
Сот нәтижесінде судья «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ға жақтасып, үкімді түсіндіру туралы қаулының күшін жойған. Сөйтіп, сот орындаушыларының «Топар жылыжайлары» ЖШС-дағы үлесті бөлу туралы сотқа өтініші қанағаттандырылмаған. Осылайша, сот орындаушылары тәркілемек болған жалғыз мүлікке сот тыйым салып отыр.
Осы жағдайға байланысты түсінік берген Қарағанды облыстық сотындағылар істі тергеу кезінде кемшіліктердің орын алғанын айтқан.
«Үкімде тәркіленуге жататын мүліктер тізімі болмады. Өйткені, ол тізім сотқа ұсынылған тергеу материалдарына тіркелмеген. Барлық сұрақтар тергеуге қатысты», - депті облыстық соттың баспасөз қызметі.
Естеріңізге салсақ, С. Ахметов өткен жылы желтоқсан айында сот шешімімен 10 жылға бас бостандығынан айрылды. Биыл 14 наурызда апелляциялық шағымды қараған судья экс-премьердің жазасын 8 жылға дейін қысқартқан болатын. Апелляциялық сот отырысы алдында С. ахметовтың туыстары мен достары мемлекетке келтірілді делінген 2 миллиард 200 миллион теңгені қазынаға қайтарған болатын. Қазір С. Ахметов Қарағанды облысы Қарабас елді мекеніндегі түзеу мекемесінде жазасын өтеуде.
С. Ахметов ісі бойынша барлығы 21 адам тергеуге алынып, айып тағылды. Экс-премьермен бірге сотталған Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев пен Қарағанды қаласының бұрынғы басшысы Мейрам Смағұлов, Қарағанды қаласы Жер қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Ернар Дәрібеков мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.