Ақтөбелік полицейлер қаладағы терактіге қатысы бар үш күдіктіні қамауға алды. Олар 5 маусым күні Дмитрий Таңатаров бастаған радикалдармен бірге ДАИШ (ҚР аумағында қызметіне заңмен тыйым салынған ұйым – ред.) көсемдерінің бірі жолдаған аудиоүндеу тыңдаған көрінеді, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Күдікті үшеу өткен аптада ұсталғанымен, ол туралы ақпарат кеше тараған. Олар қару дүкенін тонау мен әскери бөлімге шабуыл жасауға қатыспағаны айтылуда. Үшеуі де енді әзірленіп жатқан теракт туралы тиісті органдарға хабар бермегені үшін жауапқа тартылатын болады.
Естеріңізге салсақ, Ақтөбе қаласында 5 маусым күні бір топ радикал қару-жарақ дүкендерін тонап, сондағы Ұлттық ұланның әскери бөліміне шабуыл жасаған еді. Лаңкестердің қолынан 7 адам қаза тапты. Арнайы операция кезінде 18 күдіктінің көзі жойылған болатын.
Ақтөбедегі оқиғаны Елбасы Н. Назарбаев салафизм ағымына ерген радикалдардың жасаған террористік әрекеті деп бағалады.