Алматы қаласын Гоголь-Зенков-Мақатаев-Абдуллиндер көшелерінің арасында ішкі істер органдары жедел іздестіру шарасын өткізуде, - деп хабарлайды Qamshy.kz Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметі аталған іс-шараның 18 шілдеде Алматы қаласында болған терактіге қатысы жоқтығын хабарлады.
Сондай-ақ, баспасөз хабарламасында «Барлық азаматтардың сабырлық сақтауын сұраймыз. Тек ресми ақпараттарды ғана басшылыққа алуды және тексерілмеген мәліметтерді таратпауды сұраймыз. Жалған ақпарат тарату ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік жүктейтінін естеріңізге саламыз», - делінген.
Естеріңізге салсақ, 18 шілде күні Алматы қаласында Р. Күлікбаев деген азамат аудандық полиция басқармасы мен ҰҚК департаментіне шабуыл жасап, 6 адамды өлтірді. Оның төртеуі – полиция қызметкері, біреуі зейнеткер, енді бірі – шекара қызметінің офицері. Сондай-ақ, оның сол оқиғадан бұрын «Алматыда жеңіл жүрісті Өзбекстан Республикасының азаматшасын өлтіргені» хабарланды.
Полицейлер мен бейбіт азаматтарға оқ атқан күдікті қамауға алынған болатын.