Салафиттер қайдан шықты?

/uploads/thumbnail/20170709042708668_small.jpg

Бұлар қару кезеніп, оңды-солды неге оқ атып жүр?

Меніңше, бұған ең алдымен жастар келешегіне сенімді болуы үшін лайықты жұмыс, баспана және басқасымен қамтамасыз ете алмаған мемлекетіміз кінәлі.

Екіншіден, ИМАМДАРЫМЫЗ бен ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫНЫҢ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ үлкен кінәсі. Тәуелсіздік жылдары мешіттің санын көбейттік рас, бақандай 2 мыңға жеткіздік !!! Тек мешітті көбейткенімізбен сол мінәжат үйлері ішіне Сенім дәнін себе алдық па?! Осы жылдардың бедерінде жамағат алдына еркін шығып, қиын ұғымдарды қарапайым тілмен тәпсірлеп, тура жолға жөн сілтеген бірде-бір Мүфтиді көргем жоқ. Бұл бұл ма, бүкіл біздегі Мүфтият жүйесі тұтастай жең ұшынан жалғасып, қоғамды жегідей жеп жатқан ЖЕМҚОРЛЫҚ, ПАРАҚОРЛЫҚ және заңдастырылған БОПСАЛАУМЕН әбден шырмалған.

Сөзім жалаң болмас үшін дәлел келтірейін. Отбасыда біреу қайтыс болды делік. Түркияда мәселен, имам қайтыс болған үйге өзі барады. Жаназасын шығарып, материалдық көмек, жылу қажет болса, оны да сұрайды. Жылу қажетсінген мұқтаж жанның шығындарының қомақты бөлігін мешіт көтереді. Ешкім ешкімге умаждалған ақша тықпаламайды. Өйткені, ол жақта қайғы шегіп отырған адамға нағыз имамдар көмекке келеді, шынайы Сенім сыйлайды. Бізде болса бәрі керісінше. Алдымен мешітке бару керек, имамды көндіру керек, алып кету-алып бару, төрге отырғызу, етке толтырып, пакет ұсыну, қалтасына ақша салу. Мұның бәрі Исламға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын дөрекі жоралғылар деп білемін.

Бұдан бөлек, тағы да сол Түркия мен Саудиттерде су апаты, зілзала сияқты табиғи апаттар болған жағдайда төтенше жағдай жөніндегі қызметпен бірге молдалар да қоса келеді. Жұртқа тамақ үлестіріп, мал-мүлік үлестіреді. Біздің жалған молдаларға мұндай ізгі іс бастарына кіріп те шықпайды. Осыдан жеті жыл бұрын мен КТК арнасында журналистік зерттеу ұйымдастырдым. Біздің Діни басқарма немен айналысады? деген мәселені көтеріп, мұсылмандар беретін садақа қалай жұмсалатынын зерттедік. Тағы да сол Түркияда кез-келген садақаға фискалды чек қоса жүреді. Әрбір жұмада мешіт имамы жұма-намазда жамағатқа бір аптада қанша сома жиналғанын хабарлап, ұжыммен бірге оның қайда жұмасалатыны туралы шешім қабылдайды. Оның басым бөлігі қайырымдылыққа, ал қалғаны мұқтаж жандарға атаулы көмек ретінде беріледі.

Сол тұста мен меншікті тілшілерімізге облыстардағы мешіттерге барып, камералар көзінше садақа жиналған жәшіктердегі ақшаны санау сәтін түсіріп алуды сұрадым. Қазіргідей есімде, жеті бірдей облыстағы тілшілерімізге бұлай жасауға рұқсат берген жоқ. Тек Ақтөбеде алдында ғана имам келіскен сияқты еді, алайда кешкісін камерамен барғанда айнып шыға келді. Айтуынша, діни басқармадағылар телефон соғып, түсірілім жасалса, имам жұмыссыз қалатынын қатаң ескерткен екен.

Осылай болғасын, садақа, пітір мен басқа да қайырымдылықтардың есеп-қисабын өзімізше жүргізіп көрдік. Ең бір қарапайым есептегеннің өзінде мешіттеріміздің жылдық айналымы 70 миллион доллардан кем емес болды. Халық саны аз біздің ел үшін бұл қыруар қаржы. Діни басқарманың барлық шығыны бұл соманың үштен бірін де құрамайды деп ойлаймын. Қалғанының барлығы шын мұқтаж жандарға жұмсалса болушы еді. Алайда өзбасым осы жылдардың ішінде имамдардың біреуге үй салып беріп, біреудің оқуын төлеп бергенін естімеппін.

Бұл Мүфтият емес, вертикал бойынша жолға қойылған жемқорлық пирамидасы. Мұны мен ғана емес, жүздеген балалар да түсінеді. Олар мәрмәрмен апталып, күмбезін алтын жалатқан мұнаралы сарайлардан сенім таба алмай қынжылып, өзге дүмше діндерге ұрынып қалып жатуы да содан. Осы жағдай өзгермейінше, сәлафиттер қаптаған үстіне қаптай береді.

Ағынан жарылғандағы сөзім осы.

Арман Шораев, Фейсбук парақшасынан алынды.

Қатысты Мақалалар