Дианамен 20 жылдан кейін кездесіп тұрмын. 20 жыл бұрын ол Қазақстаннан кеткен. Еуропаға тұрмысқа шыққан. Диананың ата-анасы қазақ болғанмен, отбасы Қазақстан тәуелсіздік алған кездің өзінде қазақ тілін де, қазақтың өзін де менсінбейтін. Олардың өз ұлтын менсінбейтінін Диананың аулада ойнап жүрген інісінен байқайтынбыз. Тілеу ауладағы қазақ балаларымен есеппен араласатын. Яғни, кімнің ойыншығы бар, сонымен ғана ойнайтын. Бірақ ойыны ұзаққа созылмайтын. Бес-он минуттың ішінде әлгі баланың затын сындырады немесе құрылыс жүріп жатқан аумаққа лақтырып жібереді. Қызғаныштан болар бәлкім. Онымен қоймай, әлгі баланы пайдаланып алып, «мамбет» деп мазақтайтын. Тілеу бұл сөзді шет елдік автокөлігі бар үйдің балаларына қатысты айтпайтын. Мәшинесі жоқ қазақ баласының бәрі ол үшін «мамбет». Ал орыс, украин, ұйғыр, т.б. ұлттың балаларына қорлайтын сөз айтпайды. Қазақ елін, тілін (тарихын айтпағанда) менсінбейтін, қор санайтын отбасында өсіп жатқаны содан білінеді.
Әпкесі Диана ол кезде студент еді. Аққұба, әдеміше келген, өзі інісі сияқты емес, сыпайы. Бірақ табиғаты қанша нәзік болса да отбасында түзу тәрбие алмаса бәрі бекер екен. Сол Диана бір күні жоғалып кетті. Бұрын университеттен қайтып келе жатқанын ойнап жүрген балалар көретінбіз. Қайда кеткенін білмей қалдық. Бұл отбасы жалпы ешкіммен араласпайды. Тіпті отағасының Оңтүстіктен келген туыстары келгенде Диананың анасы кіргізбей, сырттан кеткенін көргенбіз. Сөйтіп Диананың қайда кеткенін басқалар білмей қалды.
Сонымен 20 жыл өткенде Диананы көрдім. Қасында бес-алты жасар қызы мен бір жасқа толмаған ұлы бар. Есімдері еуропаша. Там-тұм әңгіме айтты. Шешіліп сөйлемеді. Еуропаның қақ ортасындағы бір елге тұрмысқа шығыпты. Содан келгені осы. Анасы ешкімге сыр білдірмейтін, өзінен өзгенің бәрін жау көретін кісі еді, соның ықпалы сезіледі. Диананың қызы орысша қақсап тұр. өзі ұлына орыс тілінде бірдеңелерді айтып қояды. Қазақша түсінсе де сөйлемейді. Қазақша сұрағыңа орысша жауап береді. Әлемдегі кең тараған тілдің бірі болған соң балаларын орыс тілімен ауыздандырыпты.
«Күйеуіңіз балалармен қай тілде сөйлеседі?» деп сұрадым. «Әртүрлі тілде» деп жауап берді ол. «Неміс, ағылшын, француз...» Қазақ тілінде емес әрине. «Қазақстанға не үшін келдіңіз?» деп сұрамақ болғанымда «Диана!» деп, анасы шақырып алды. Қызының қазақтармен сөйлескенін жақтырмай қалды-ау, шамасы.
Иә, қазаққа қарсы отбасында туып-өсіп, Еуропаға тиген қыз қазақ тілін қайтсін?!
Дана Қамшыбек