Бірнеше күннің алдында ғана АҚШ президенттігіне Республика партиясынан ұсынылған кандидат Дональд Трамптың әйелі дүйім жұрттың алдында плагиат жасады, - деп хабарлайды Qamshy.kz тілшісі.
8 жыл бұрын Барак Обаманың әйелі Мишел Обаманың жұрт алдында сөйлеген сөздерін Дональд Трамптың әйелі Меланияның сөзбе-сөз қайталағаны жайындағы ұятты жаңалық әлем ақпарат құралдарында кеңінен тарап кетті.
Мен де бұл ақпаратты алғаш рет көрген кезде Иллинойс штатындағы жалдамалы пәтерімде үй тапсырмаларымды қарап отырған едім. Жаңалықты алғаш көргенде еріксіз мырс еттім: осы оқиғадан екі күн бұрын ғана, өздерінің идеологиясын тықпалағаннан шаршамайтын мүғалімім плагиат жайында арнаулы бір сағат сөйлеген еді. Сөздерінің дәлелі ретінде Гарвард университетінде оқитын Каавья Вишванатан (үнді-американ) деген студенттің плагиат жасағаны жайында айтып еді. Американдық апайым аталған студенттің плагиат жасады делінген кітаптарының барлығының басылымдардан шектелгендігін және оның Гарвард университетінен өздігінен оқудан шегінгендігін айта келіп, Америкада плагиат жасаушының «жазаланатынын» айтқан еді.
Ол кезде мен де өз пікірімді білдіріп, плагиаттың бүкіл дүниеде қабылданбайтындығын айтқан едім. Алайда, американдық апайым келіспеген сыңай танытқан болатын. Сонша табандап, «Америкада ғана осылай»,- деген пікірінде қалған апайымның сабағынан екі күн өтпей жатып, «Ертең президент болады-ау»,- деген адамның әйелі дүйім елдің алдында плагиат жасап масқара болды. Енді келергі сабақта апайымды қалай көрер екем?-деп американдық мүғалімім үшін ұялып отырмын.
Талғар Дәлелғазы
Чикаго, АҚШ