Мұрат Бошайұлы: Қанат Қытайдағы қазақ боксының соқпағын салды

/uploads/thumbnail/20170708151844050_small.jpg

Алыс-жақын шетелдерде ұлты үшін маңдай терін төгіп, елеулі еңбек етіп жүрген қандастарымыз баршылық. Соның бірі – Қытайдағы қазаққа ғана емес, миллиардтар еліне есімі мәлім, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Қанат Исламұлының алғашқы бапкері, ҚХР Алтай аймақтық бокс құрамасының бас бапкері Мұрат Бошайұлы. Жақында ғана жеке сапармен Астанада болып қайтқан жаттықтырушы қазақ журналистерімен сұхбаттасыпты.  

– Қытайдағы қазақ боксына елеулі еңбек сіңірген жалғыз қазақ азаматы екеніңізді ел жақсы біледі. Қанат Исламнан кейін арғы бетте қазақ боксы құлдырап кеткен жоқ па? – Олай деп айтуға болмайды. Қазір де талантты қазақ балалары жетіп артылады. Қанат Қытайдағы қазақ боксының сара жолын салып кетті. Ал, жол ұзара береді, керуен тоқтамайды. Әр нәрсенің өз уақыты болады, Қанат өзін өз дәуірінде танытты. Біз қазір 1996-2000 жылдар аралығында дүниеге келген балаларды тәрбиелеп жатырмыз. Бір Олимпиада чемпионын бір жылда болмаса екі жылда тәрбиелеп шығару мүмкін емес. Кейбір бапкерлер шәкіртін Олимп шыңына шығару үшін бүкіл өмірін сарып етеді.Сөйтіп жүргенде тіпті, чемпион шығара алмай кететіндері қаншама?! Сол үшін Қанаттан кейін Қытайдағы қазақтарда бокс мектебі жабылды деген ойдан аулақ болуларыңыз керек. – Қазір арғы бетте болашағынан үміт күттіретін жастардан кімдер бар? – Тура бұрынғы Қанаттың салмағында, яғни 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 1996 жылы туған Тоқтар Таңатұлы деген өте талантты баламыз бар. Мен оны 9 жасынан бері тәрбиелеп келемін. Тоқтар қазір Шынжаң өлкесінің үш дүркін чемпионы, ҚХР-дің жастар арасындағы біріншілігінде бір рет бас жүлдені, екі рет екінші орынды жеңіп алды. Тоқтарды былтыр осы Қазақстанда өткен бір жолдастық кездесуге жіберген едік. Өз салмағында екінші орынды алып қайтты. Сонда белгілі бапкер Тұрсынғали Еділов маған қоңырау шалып, мына шәкіртіңнің бойынан үлкен талантты байқадым. Мүмкін болса елге ертерек келуіне жағдай жасасаңшы деп еді. – Тоқтардан басқа тағы кімдер бар? – Ұлпар Қарқынұлы деген азамат бар. Бұл да 1996 жылдың тумасы. Ол қазір Бейжің өлкелік кәсіптік бокс мектебінің мүшесі. Жасөспірімдер арасында 70 келіде өнер көрсетіп жүр. Ұлпар қазір осы салмақта Қытай бойынша №1 боксшы болып тұр. Міне, осы екі бала қазіргі Қытай қазақтарының ішіндегі ең мықты балалар. Алдағы уақытта Азия, әлем біріншіліктерінде, тіпті, Олимпиада ойындарында топ жарады деген үмітіміз зор. Бұлардан бөлек 1999 жылы туған Ақерке Қанатұлы деген жас спортшымыз бар. Ақерке де Шыңжаңның екі дүркін чемпионы атанды. Бұл баланы осы жазда өтетін Қытайдың республикалық жастар мен жасөспірімдер біріншілігіне дайындап жатырмыз. Қытайдың біріншілігінде топ жару деген бүгінде Олимпиадада топ жарғанмен бірдей болып тұр. Дәл қазіргі қарқынынан танбаса бұл бауырымыз да болашақта үлкен белестерді бағындырады деген сенімдеміз. –Қанат кетіп қалған соң Қытай өкіметінің қазақ спортшыларына деген көзқарасы өзгеріп кеткен жоқ па? – Қанат алғаш кетіп қалған кезде аздап әңгімелер болғаны шындық. Бірақ, уақыт өте келе ұмытылды. Бұрындары қытайлар халықаралық жарыстарға, шетелдерге тек өз спортшыларын жіберетін. Мұны ұлтына қарап бөлді деуге болмайды. Ол кездерде аз ұлттар спортқа бүгінгідей ден қойып, бел шеше кірісе қоймаған. Мал бағып, тау-тасты аралап, көшіп-қонып жүрді. Бойында Алла берген күші бар жігіттердің ерлігі тек тас көтеріп, той-томалақта бір-бірін жыққанымен ғана бағаланып келді. Спортпен кәсіби түрде айналысқан жоқ. Қытайдағы қазақтардың спортқа деген қызығушылығы соңғы 10 жылдан бері арта түсті. Қазір Қытай өкіметі бізді ұлтқа бөліп жатқан жоқ. Мықтысың ба, өзіңді дәлелдедің бе, ешкім шетке қағып, кеудеңнен итермейді. Керісінше, қуана қарсы алады. Жағдайыңды жасайды. Тек олардың үмітін ақтай білу керек. – Өткен жылы күзде Алматыда бокстан әлем біріншілігі өтті. Сол біріншілікті өзіңіз де келіп тамашаладыңыз. Қытай боксшылары 2011 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатында 1 алтын, 1 қола медаль еншілеген болатын. Ал, Алматыда 10 боксшысының тоғызы алғашқы іріктеу сынында, бір боксшысы екінші айналымда жарыс жолынан шығып қалды. Бұл нені білдіреді? – Бұл жерден ешқандай саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Алматыдағы әлем чемпионатына Қытай кілең өрімдей жас боксшыларын алып келді. Олардың барлығы 18-21 жас аралығындағы жастар. Қытайдың өздерінің төрт жылда бір өткізетін спартакиада ойындары бар. Міне, осы жарысты қытайлар Олимпиада Ойындарынан да жоғары бағалайды. Әлем біріншілігінің алдында сол спартакиада ойындарын өткізген болатын. Әлем чемпионаты Қытайдың негізгі құрамасы сол аламаннан кейін демалысқа кеткен уақытқа тура келді де, сол бәйгеде 4-5-6-орындарға ие болған боксшыларын тәжірибе жинақтасын деген мақсатпен ғана алып келген болатын. Олардың барлығының да алғашқы іріктеуден ары аса алмауының себебі сол ғана. – Қытай спорты соңғы жылдары қатты дамып кетті. Құпиясы неде? – Қытай қол созым жерді емес, көз ұшындағы жерді көздейді. Соның арқасында тек спорты ғана емес, барлық саласы адам танымастай өзгеріп дамып кетті. Бірақ, спорт түрлерінің ішінде боксқа кішкене бас ауыртып отырған жайы бар. – Ол қандай бас ауру? Жоғарыда қазақтардан талантты жастар шығып келеді деген жоқсыз ба? – (Күлді) Екі-үш қазақ Қытайдың ұлттық құрамасын толықтыра алмайды ғой. Олардың бас қатырып отырғаны 2016 жылы Бразилияда өтетін жазғы Олимпиада Ойындары. Қытайдың ұлттық құрамасындағы мықты боксшыларының қазір жастары келіп қалды. Осының алдындағы спартакиадада топ жарған боксшыларының да 2016 жылға дейін жастары ұлғаяды. Олар сол үшін қазірден бастап жұмыс істеп жатыр. Үш дүркін әлем, екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған жеңіл салмақтағы саңлағы Зоу Шимин кәсіпқой боксқа кетіп қалғанын жақсы білесіздер. Енді сол Зоу сияқты таланттарды жасақтап, жаңа команда құрмақшы. – Өзіңіз жаттықтырып жатқан балалардың ішінде басқа ұлт өкілдері бар ма? – Бапкер шәкірттерін ешқашан ұлтқа бөлмеуі керек. Шыңжаң өлкесі Қытайдың көп ұлт қоныстанған аймағы. Қабаның өзінде бірнеше ұлт өкілдері тұрады. Менің тәрбиелеп жатқан командамның 90 пайызы қазақ балалары. 10 пайызы ғана басқа ұлт өкілдерінен. Оның ішінде ұйғырлардың үлесі көптеу. Сосын дүңгендер де бар. Ал, қытайлардан бір-екі бала тер төгіп жүр. Қытайлар боксқа қатты қызыға бермейді. Қызығушылықпен келіп, шыдамай кетіп қалатындары да аз емес.Қай ұлт өкілі болсын, ол ұстаздық өнеріңді құрметтеп, сыйлап жатса, бірдеңе үйренгісі келсе, қалай кеудесінен итересің?! Спортқа өз еркімен келген спортшыдан бірдеңе шығады. Қазақта «жетектегі тазы түлкі алмайды» деген сөз бар. – Осы еңбегіңізді Қытай өкіметі қалай бағалап жатыр? – Менің атқарып жатқан іс-шаруаларыма Қытай өкіметі қатты қолдау көрсетіп келеді. Алғашында өзім бастаған шағын орталығымды мемлекет қамқорлығына алып, бұл кәсібімді ары қарай дамытуыма үлкен мүмкіндіктер жасады. Аз ұлттар қоныстанған Алтай аймағының боксын дамытуды маған сеніп тапсырды. Жыл сайын барлық жағдайларды жасап, қаржылық, материалдық жағынан ештеңесін аяп жатқан жоқ. Сондықтан қытай өкіметіне ешқандай өкпеміз жоқ. – Өзіңіз қазақ еліне жиі келіп тұрады екенсіз. Біздегі бокс мектебіне деген көзқарасыңызды білсек... – Біз баласы атқа мініп, бәйгеге шапса, үйде отырып, тақымын қысып отыратын қазақпыз ғой. Алыста жүрсек те қазақ елі боксшыларының аламанда аты озып жатса біздің де рухымыз көтеріліп, бойымыз сергіп қалады. Қазақ елі боксшыларының тәуелсіздік алған жылдардан бері Азиададан, Олимпиадада Ойындарынан, әлем чемпионаттарынан құралақан қайтқан кезі болған емес. Міне, бұл Қазақстан боксының әлемдік деңгейге жеткендігінің белгісі. Мен өз басым сондай жарыстарда топ жарған қазақ елінің боксшыларын өзім тәрбиелеп жатқан қазақ бүлдіршіндерінің құлағына мақтанышпен құйып отырамын. Жақсы дайындық жасап, жақсы еңбектенсеңдер сендер де сондай боласыңдар деуден жалыққан емеспін. Қазіргі 7-8 жастағы қазақ балалары Бекзат, Ермахан, Бахтияр, Бақыт, Серік сынды Олимпиада чемпиондарын жатқа біледі. Сол ағаларына еліктеп, суреттерін бастарына жастап жататындары да жоқ емес. – Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге көп-көп рахмет!

Әңгімелескен Күнсұлтан ОТАРБАЙ, «SKIFNEWS.KZ».

Қатысты Мақалалар