Кеңестік қоғамның 10 артықшылығы мен 5 кемшілігі

/uploads/thumbnail/20170709054605505_small.jpg

Тарих қойнауында қалған Кеңес Үкіметі тұсында қызмет етпесек те, мектеп табалдырығын аттап, жүйенің оң және сол тұстарын көрген ұрпақпыз. Комсомол боп, пионер атанбасақ та, октябренок болып үлгердік. Алғашқы алған марапаттың символы ретінде кеудеге таққан октябренок қызыл жұлдызы әлі сақтаулы. Кеңес Үкіметін аңсап отыр дейсіз бе? Кім қалай десе де көзбен көргенді жоққа шығара алмайсың. Енді келмеске кеткен сол жүйенің біраз ерекшеліктерін, яғни жақсылы-жаманды тұстарын саралап көрейік.

Он  артықшылық:

1. Адамдар өз сөзіне жауап беруге, қоғамдық тәртіпке бағынуға, ұжымдық принциптерге қызмет етуге тәрбиеленді. Сондықтан, өтірікшілер, жағымпаз, опасыздар қызмет жолында өспейтін, оларға төменгі сортты жандар деп қарап, қадірлемейтін. Елдің алдында жексұрын болмас үшін адамдар барынша ар-ождан принциптерін ұстануға тырысатын.

2. Адамдар арзан сөзге әуес болмауға, ірілікке тәрбиеленді. Этика-эстетика кеңестік қоғамның басты ұстанымдары болды. Мәселен, театрға қолына сусын бөтелкесі, т.б. ұстап, қалай болса киініп барғандар болмайтын. Мәдени орындарға таза әрі үйлесімді киініп бару міндет сияқты еді. Қыздар жыртық джинсы,  егде әйелдер бұтын тыртитып тар шалбар киіп, әлем-жәлем боянып, мәдени мекеме есігін ашпайтын. Театр, концертте отырғандар ысқырып, қиқуламайтын. Қысқасы, жоғары мәдениетті болу әркімнің міндеті болатын.

3. Кітап оқу сән болған заман. Дүниежүзі классиктерінің барлық еңбектері орыс тіліне адуарылып, бұл жөнінен кеңес халқы түгел сауатты болды десек өтірік емес. Ауылдағы малшы, тракторшыларға дейін жүздеген мың тиражды республикалық және одақтық газет-журналдарды  ешкімнің мәжбүрлеуінсіз жаздыртып алып оқитын. "Кезінде әкем қойын өріске жіберіп қойып, мынадай-мынандай газеттерден бас алмаушы еді" деген әңгімелерді сол кездегі  ұрпақтың аузынан бүгінде естіп жүрміз.

4. Біреудің көңілдесі болып, бастықтың азаматтық некедегі әйелі болып жүріп қызметін өсірген, дипломды сатып алған, көпшіліктің алдында өзін дұры ұстауды да білмейтін, ыржалақтаған, қылмыңдаған бикештер болмайтын. Болғанның өзінде ондайларды тіпті хатшы етіп те жұмысқа қабылдамайтын.

5. Шет елдіктерге қатал сыни көзбен қарайтын. Онсыз да аз келетін кез-келген шет ел өкіліне Кеңес адамы күдікпен қарайтын. Көбінесе "тыңшылық мақсатта келді ме?" деп күдіктенетін. Соның арқасында миссионерлік сияқты елді бұзатын идеологиялық у ел ішіне тараған жоқ. СПИД сияқты аурулар болмады.

6.Еңбек адамы шынайы түрде бағаланды. Алпауыт бай және күнін әрең көріп отырған кедей деп бөлінбеген, тең қоғам болды. Кезінде көп қой өсірген, бүгінде зейнеттегі малшы әйелінің Мәскеудегі жоғары шенділерге арналған шипажайда қалай демалғанын өз аузынан естігенбіз.

7. Кез-келген адам министрге кіріп, мәселесін шеше алатын. Кез-келген Кеңес азаматының хаты құзырлы мекемеге жетіп, жауап алынатын. Ол кезде министр,т.б. шенділерді малшы, жай жұмысшыдан артық көріп, мәймөңкелеп, асыра құрметтемейтін. Яғни шенеуніктер халықтың шынайы "құлы" болатын. Салтанатты жиналыста зор еңбек сіңірген малшы, тракторшылар төрде отыратын.

8. Нан, сүт өнімдері, т.б. азық-түліктің сонымен қатар жеміс-жидектің 100 пайыз таза табиғи болуы. Мектептерде бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанатын. 1 сыныпта үш мезгіл тамақтандыру кезінде ішкен қою айранның дәмін әлі ұмытқан жоқпыз. Шырындар мен тәтті тоқаштар да 100 пайыз табиғи өнімдерден әзірленетін. Сондықтан ішек-қарын ауруларының жапай таралуы деген болмайтын. Азық-түлікке химиялық қосындылар салу 1990 жылдардың ортасында белең алды.  

9. Киім-кешек 1980 жылдарға дейін негізінен тапшы болса да 100 пайыз табиғи таза кездемелерден тігілетін. Денеге жұмсақ, денсаулыққа зиянсыз еді.

10.Қоғамдық тамақтандыру орындарын санитарлық мекеме жиі тексеріп, жұмысын қадағалап отыратын. Ондайда "пара беріп азуын алу" деген болмайтын. Сондықтан " жұқпалы дертті аспазшы", "астан улану" дегенді ел естімейтін.

Бес кемшілік:

1. Кеңес кезіндегі қазақ қоғамында орыс тілін жоғары қойып, орыс ұлтының өкілін қазақ ұлтының өкілінен биіктеу қойып (оны Мәскеу талап етпесе де), жағымпаздану деген дерт болған. Он қазақ жиналса міндетті түрде орысша сөйлейтін. Қазақша сөйлегендерге "орыс үкіметі" шектеу қоймаса да, кейбір қазақтар орыс тілін сән көретін.

2. Ол кездегі қазақ қоғамында (бұл тұрғыдан  Мәскеу тарапынан қысым көрмесе де) ұлттық салт-дәстүрді менсінбеушілік, қазақ мәдениетінің жауһарларын сырт көзге көрсетуді артта қалу деп түсіну тәрізді жарамсақтық әрекеттер болған.  

3. Тауар тапшылығы. Қазіргідей супермаркеттерде тауар толып тұрған кезді ол заманның адамдары көздеріне де елестетпеген шығар. Бірақ бұны кемшілік деуге де болмас. Өйткені, ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін жалғыз КСРО емес, әлемнің көптеген елдері экономикалық даму сатысының алғашқы баспалдақтарын өткеріп жатқан.

4. Маскүнемдердің көп болуы. Талай жақсы-жайсаң азаматтардың арақтың салдарынан құрып кеткені туралы әлгі күнге дейін айтылып, жазылып жүр. Арақ сол кездегі қазақ қоғамының басты дерті әрі жауы болатын. Аз санды ұлттарға арақты көбірек ішкізіп, ұлттық санасынан айыру деген жымысқы саясаттың жүргені туралы тарихи жазбалардан белгілі. Сібірдегі аз санды ұлттар да арақтың зардабын көп тартты.

5.Дүкендерде шошқа майы қосылған "колбасаның" көптеп сатылуы және оның қаладағы қазақ балаларының күнделікті асына айналуы. Асханаларда да осындай "колбасалар" берілетін...

Дана Қамшыбек

 

Қатысты Мақалалар