Педофилдерді қалай жазалау керек? (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170709060010371_small.jpg

Қоғамды дүрліктірген сұмдық жағдай осыдан бес күн бұрын болды. Ақтаудың  бірінші ықшамауданында орналасқан «Иваныч» дүкеніне апасымен еріп барған алты жасар бүлдіршінді, әлдекімдер ұрлап әкетіп, қорлап, қансыраған күйінде далаға тастап кеткен. Алғашында балақайды ата-анасы өз күштерімен іздеп, уақыт өткізіп алған. 2,5 сағаттан кейін полицияға хабар беріп, ішкі істер органының қызметкерлері бүлдіршінді қала маңындағы жағажайлардың бірінен тауып алған. Және оқиға орнында күдікті болуы мүмкін бір азамат қолға түскен, - деп хабарлайды Qamshy.kz 31-арнаға сілтеме жасап.

АМАНДЫҚ МҰҚАШЕВ, Маңғыстау облыстық ІІД бастығының бірінші орынбасары:

- Біздің патруль қызметкерлері  көліктерімен келгенде, ол азамат сол жақтан шығып келе жатқан. Полиция қызметкерлерін көре сала, оқиға орнынан қашуға әрекеттеніпті. Ұстадық, және сол сәтте ұсталған азаматтың шалбары мен беті қан болған.

Арнайы құрылған жедел -іздестіру тобы атышулы қылмыстық істегі басты күдіктіні қала іргесіндегі құрылысы бітпеген нысандардың бірінен тауыпты. Бүгінгі күні ұсталған азамат  сұрауға алынуда. Қазір оның бұл қылмысқа қаншалықты қатысы барын анықтау мақсатында бірқатар сот-медициналық сараптама тағайындалды. Күдіктінің Өзбекстан азаматы болуы мүмкін. Бірақ полиция тергеу жұмыстары бітпейінше, толыққанды ақпарат беруден бас тартып отыр.

Айта кету керек, дәл осындай,  адамның айтуға аузы бармайтын аса ауыр қылмыстардың қатарын сирету мақсатында биыл елімізде тұңғыш рет педофилдер туралы арнайы мәлімет картасы әзірленді. Онда 1991 жылдан бері дәл осындай ауыр қылмыс жасаған 120 адамның аты-жөні енгізілген.  Бұл құжат бойынша, Маңғыстау облысынан 23 педофил есепте тұратыны көрсетілген.

Дегенмен арамниетті адамдардың, қаршадай балалардың тағдырын талқан еткен жауыздардың аты-жөнін жариялау  арқылы - бұл сорақы қылмыстық қатарын қаншалықты сирете аламыз? Өйткені, ғаламтордан хабары жоқ ауыл адамдары бұл картаны көретін өркениеттен сонау алыста жатыр. Ойын баласына ойына келгенін істеп, ол аздай, өлімші күйде көшеге тастап кететін, не адамның, не айуанның қатарында жоқ қылмыскер атаулыны неге қалтамыздан қаражат шығарып, түрмеде бағуымыз керек деп өре түрегелгендер көп болды осы аптада. Қоғам - педофилдердің өмір сүруіне түбегейлі қарсы. Ал, біздің елдің заңы тек 2018 жылдан бастап, мұндай қылмыс жасайтындарға химиялық кастрация жасау тәсілін қолданбақ.

БІРҒАНЫМ ӘЙТІМОВА, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бұл бір реттік екпе. Яғни бір рет екпе салып, оның күші өмір бойы сақталады деген сөз емес. Және сот медициналық сараптамасының қорытындысынан кейін нақты шешім қабылданады. Менің ойымша, егер дәл осылай біз бір баланың өмірін сақтап қала алатын болсақ, бұл істі мықтап қолға алуымыз керек.

Заңгерлер болса, химиялық әдіспен арамниеттілердің қатарын азайту мүмкін емес деп отыр. Керісінше, жағдайды ушықтырып алармыз дейді.

КӘМИША ЕСМҰХАМБЕТҚЫЗЫ, Заңгер:

- Бұл заңның шикілігі бар. Мұны әлі де қарастыру керек. Не үшін химиялық кастрациямен, оның әрі қарай өмір сүруіне мүмкіндік беруіміз керек. Ол бүгін шығып алып, жыныстық қатынаста бұрын болса, енді басқалай талап етуі мүмкін. Білмейміз ғой оның не істейтінін.

Lemon Tree қазақстандық бірінші  мобильді қосымшасының "Сөздің шыны керек" жобасы үшін арнайы жүргізген сауалнама нәтижесіне көз жүгіртсек, қатысушылардың басым бөлігінің педофильдерге өлім жазасын сұрағаны байқалады. Педофильдерге қандай жаза тағайындалуы тиіс деген сауалға,  сауалнамаға қатысқандардың 56 пайызы "Өлім жазасы" деген жауапты таңдаған. Бас бостандығынан айыру жазасын - 19,  Химиялық кастрацияны 25 пайызы қолдаған.

Екі күннің бірінде осындай жағымсыз, әрі ауыр жаңалық естуден жалыққан "Қамшы кз" порталының Бас редакторы Дархан Мұқан педофильдерге ату жазасын қолдану қажет деген пікірде. Бірақ күдіктінің қылмысы түбегейлі дәлелденген жағдайда дейді. Дегенмен таяқтың екі ұшы бар, біздің жүйеде қылмыскердің дәл өзі ұсталатынына күмән келтірушілердің көптігі де ескерілсе екен дейді журналист.

ДАРХАН МҰҚАН, "Қамшы" сайтының Бас редакторы:

- Педофилдік белгісі анықталған, бірақ қылмыс жасамаған, жас балаларға теріс қылық көрсетуге оқталған адамдарға кастрация сияқты химиялық жолдарды қолдануға болатын шығар. Бірақ кешегі Ақтауда болған жантүршігерлік жағдайдан кейін қылмысы анықталған, дәлелденген адамға өлім жазасын қолдануға болады деп санаймын. Бұл өте жауыз адамдар ғой. Меніңше өлім жазасын беру керек деп ойлаймын.

Әлгі, аты жер жарған, әлі екі жыл зарыға күтуіміз қажет кастрация дегеніңіз - қылмыскердің жыныстық белсенділігін азайтатын препараттың көмегіне жүгіну ғана. Ал, түрмеден шыққан педофилдің соңынан "инеңді құйып ал" деп кім жүгіріп жүреді? Онсыз да туберкулездің ашық түрімен ауыратындарды дәрігерлер мәжбүрлі түрде емдете алмай, арттарынан қуып жүргенін бәріміз білеміз. Қазір міне, "азғындарды өлім жазасымен жазалау керек!" деп даурығып жатырмыз. Қоғам педофилдердің өмір сүруіне түбегейлі қарсылық танытуда. Бірақ дауыстары бәсең. Ертең немесе арғы күні бұл дауыс та басылады. Ал, ойын баласын үйде байлап ұстау қиын. Ана заң, мына жаза қажет деп жүргенде, уақыт өткізіп алмасақ, бармағымызды тістеп қалмасақ болғаны...

Қатысты Мақалалар