ҚЫТАЙ ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ АРЕНДАҒА ЖЕР АЛА АЛМАҒАН СОҢ ҚАЗАҚСТАН ӨНІМДЕРІНЕН БАС ТАРТЫП ОТЫР МА?

/uploads/thumbnail/20170709060050059_small.jpg

Азық-түлік өнімдеріне зәруілігі күн санап артып отырған шығыстағы көршіміз біздің елден баратын еттің сапасына күмәнданып отырған көрінеді. Енді қазақ етінен күмәнданған қытайлар ресейлік өнімге деген сұранысын арттырып отыр. Осылайша, ТМД-да ет экспорттау көлемі бойынша бірінші орын аламыз деген Қазақстан Ауылшаруашылық министрлігінің жоспары күл-талқан болып, Ресей алдымызға шығыпты.

Қытайдың қазақ етінен бас тартуына оларды кінәлаудың да бәлендей қажеті жоқ. Бұл жерде басты кінә тағы да өзімізден болып отыр. Ресми мәліметтерге сенсек, биыл елде күйдіргі ауруының күрт асқынуы қытайлықтардың күмәндануына себеп болыпты. Қазақстандағы девальвация, яғни, теңгенің құнсыздануы, тауар экспорттауға керемет мүмкіндік болғанымен, аты жаман ауру қолды байлап отыр.

Есесіне Қытай осы жылдың бірінші шілдесінен бастап Ресейден ауылшаруашылық өнімдерін кіргізуге қойылған шектеуді алып тастаған.

Алайда, ішкі нарықта «ет бағасы екі есеге дейін қымбаттайды екен» деген сыбыс желдей есуде. Базарлардағы сатушылар мен ұсақ саудагерлер етті қытайлар Қазақстаннан сатып алып, сыртын әдемілеп, қымбат бағаға Еуропа асыруда деп санайды. Бұл ақпараттың шындыққа қаншалықты жанасатыны белгісіз, бірақ, базарларда ет өнімдеріне деген сұраныстың артып отырғанын жоққа шығара алмайсыз.

Қазақстанның ет одағы да ет бағасының қымбаттайтынын болжап отырғандарын хабарлады.

«Иә, фермерлер жаңа бағалар дайындап жатыр. Ол бағалар өсу бағытында жоспарлануда. Бірақ, оның себебі мүлдем басқа. Былтыр теңге бағамы екі есеге жуық құнсызданды. Ал, ет бағасы өзгермеді. Содан кейін мал ұстау да қиынға соғуда. Ауылшаруашылық техникасы, басқа да керек-жарақтар шетелден сатып алынатындықтан, қымбаттап кетті. Мал азығының да бағасы өсті. Жалпы айтқанда, фермерлердің шығына барлық бағыт бойынша артып кетті, ал, кіріс төмендеді», - дейді Қазақстан ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев.

Ет өндірушілердің дені осындай пікірде. Олардың көпшілігі бағаның өсуін күтіп отыр. Бірақ, бағаның өсуі тек 10 пайыз көлемінде жоспарланып отырған көрінеді. Олардың айтуынша, бағаның күрт өсуі жаңа жыл жақындағанда болуы мүмкін.

Ет одағы ұсынған мәліметтерге сай, ет өнімдеріне деген ішкі сұраныс қатты арта қоймағаны байқалады. Бұған да күйдіргі ауруының шығуы себеп болса керек. Ет одағындағылар қазір Қазақстанның ресми түрде ешщбір елге ет экспорттап отырмағанын, жекелеген фермерлердің сыртқа ет шығаратынын, бірақ, олар өнімдерін Қытайға емес, басқа елдерге шығарып жатқанын айтқан.

«Оңтүстіктегі фермерлерге етін Қырғызстанға өткізген тиімді. Өйткені, онда баға долларға байланған», - дейді Мақсұт Бақтыбаев.

Ет одағының басшысы жақын күндері қытай тарапы да ірі қара етін кіргізуге қойған шектеуді алып тастайды деген ойда.

«Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда әлеуеті үлкен. Қазақстан онда жылына шамамен 50 мың тонна ет жеткізе алады. Қазір елдер арасындағы Қытай нарығына ауылшаруашылық өнімдерімізді жеткізу жөніндегі келіссөздерді жандандыра берген маңызды. Ал, басты міндет – біздің ел аумағынан баратын өнімдердің ветеринарлық қауіпсіздігінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету», - дейді ол.

Осы орайда Қытайдың біздегі зертханалар жұмысына сенбейтінін айтып отырғандар да бар. Премьер-министрдің Шығыс Қазақстанға сапары кезінде өңірдегі фермерлер осы мәселені көтеріпті.

«Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамытуда өнімдерге қойылатын талаптарды белгілейтін стандарттар жоқ. Мысалы, ірі қара мал мен жылқы етін экспорттаған кезде Қытайдың құзырлы органдары ондай зерттеулер Қазақстанның ветеринарлық зертханаларында да жүргізілетініне қарамастан Ресей Федерациясы зертханаларының ветеринарлық қорытындыларын талап етеді», - дейді «Ырысақ-Ата» шаруа қожалығының басшысы Кенжебек Сауытов.

Бұл логикаға салсақ, Қытайға ет сату үшін Қазақстан Ресейден рұқсат сұрауы тиіс болып шығады. Сондай-ақ, Қытай Қазақстанның бал сатушыларына да қатаң талаптар қойып отырған көрінеді. Мәселен, олар Қазақстанның ҚХР инспекциялық қызметтерін шақырып, омарташылардың шаруашылығын тексертуін талап етіп отыр.

Осылайша, Қазақстанның азық-түлік өнімдеріне жоғары сұранысы айқын бола тұра, шығыстағы көршіміз қату қабақ танытуда. Араға Ресейді салып, неғұрлым Қазақстаннан баратын тауарды сыртқа тебуге тырысуда. Саяси-дипломатиялық мәселелерде ешқандай даулы мәселелердің жоқтығына, қос тараптың да сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға мүдделілігіне қарамастан ҚХР-дың бұл қыңырлығын түсіну қиын. Күйдіргіге шалдыққан малды алға тартуы да сылтау ма дерсің? Әлде бұл Қазақстан халқының ауылшаруашылық жерлерінің ұзақ мерзімге қытайлық компаниялар мен азаматтарға жалға берілуіне табанды түрде қарсылық көрсетуімен байланысты болып отыр ма екен?

Жомарт Абдоллаұлы

Қатысты Мақалалар