Жұма намазына бара жатыр едім. Жол үстінде екі баласын жетелеп кетіп бара жатқан әйелді балаларымен бірге машинама отырғызып ала кеттім.
Қарасам орыс ұлтының әйелі екен. «Қайда жеткізіп тастайын?»,- деп едім «жұма намазына мешітке бара жатырмын»,- дегеніне таңырқай қарағанымды сезген ол әңгімесін былай сабақтап әкетіп еді:
- Мына отырған ұлым алты жасқа толғанда қатты ауырып ауруханаға түсті. Баламды зертханалық сараптамадан өткізген дәрігерлер оның диагозын «обыр (рак)» деп айтқанда маған аспан айналып жерге түскендей болды. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалдым.
Балама ем-шаралар жасап жүрген дәрігерлер «балаңызды үйде күтсеңіз қайтеді»,- деп шарасыздық танытқан соң не дейін «тар құрсағыма сыйған балам, сыртыма да сыйар», - деп баламды ауруханадан шығарып үйде күттім.
Баламның қиналғанын көргенде оған көрсетпей жылап - сықтап аламын. Ондай жаман ауруды адам баласына бермесін. Әйтеуір демидрол, морфин беріп, баламның ауруын басқан боламын. Қалқиып қалған баламды өлімге қалай қыяын, емдетем деп талай тәуіптерге көрсетіп «бармаған жерім, баспаған тауым қалған жоқ», шіркеудің де табалдырығын тоздырған шығармын, бірақ бәрінен де қайыр болмады.
Осындай ауыр қайғымен баламды арқалап көше бойлап келе жатсам, аспанға әуелете шыққан «Аллаһу Акбар, Аллаһу Акбар» деген әуезді үн тұла бойды шымырлата өзіне тартып бара жатты. Бұл құдіретті үн Науан хазіреті мешітінің мұнарасынан айтылып жатқан азан екен.
Азанның әуезді үні көңілге үміт ұялатып, мешітке кірсем, мүминдер жұма намазын оқуға сапта тұр екен. Балам екеуміз намазға тұрған адамдардың соңғы жағына отыра қалып, имамның күмбірлеген әуезді даусына ұйып, құдіретті Алладан баламның ауруына шипа тілеп, құлшылық етумен болдым. Содан кешке дейін Алланың үйінде баламның деніне саулық тілеп, мешіттен қас қарая үйге қайттым.
Үйге келе баламды төсекке жатқызып, жанына қисая кетіп едім, көзім ілегіп кетіпті. Бір кезде күбірлеген дауыстан оянсам, балам «Мама су берші»,- деп жатыр екен, содан аузына су тамыздым. Таңертең тұрып баламның көзіне көзім түсіп еді, жанарынан жарқ еткен үміт сәулесін көріп шайлығып қалған жүрегімде сенім пайда болды.
Балам «тамақ ішкім келеді» деген соң құстың етінен дайындаған сорпаны аздап беріп едім рахаттана ішті. «Сыртқа шығармай бойына сіңімді болса екен», - деп бауыр етім езіле тілеумен болдым.
Тамақтан соң баламның бойы жіпсіп ұйықтап кетті. Жанында отырып құбылаға бетімді қаратып, Алладан баламның амандығын тілеумен болдым. Біраздан соң, ұйқысынан оянған балам, тағы тамақ сұрағанда қуанғаннан жылап жіберіппін...
Сол күннен бастап балама аз-аздап қазақтың қымыз, айран, ірімшік, қазы, қарта басқа да тағамдарын ұсынғанда, оны рахатанып жегенін көргенде менің де жаным жадырап көңілім жай тапты. Ең негізгісі баламның демидрол, морфинге деген тәуелділігі жойыла бастады.
Содан баламның беті қарай бастады, жұма сайын мешітке барып, тілек тілеп, балама Алладан саулық тілеумен жүрдім.
Бірде дәрігерге апарып баламды тексертіп едім, оның бойынан «обыр» белгісін табылмай «балаңды қалай емдедің»,- деп таңғала сұрағандарына «Алланың шарапатының арқасында жазылды»,- деп бар болған жағдайды айтып едім, ол маған сенді ме, сенбеді ме білмеймін, ал мен бұл шипаны құдіретті Алланың мейірі деп білдім.
Алла тағаланың шарапаты арқасында балам ауруынан айығып, екінші рет дүниеге келгендей болды. Қазір балам 12 жасқа келді. Содан бері үзбей жұма намазына қатысып, Аллаға құлшылық етіп жүрмін. Жұма намазына қатыспасам, балам қайтадан ауырып қалатындай қорқамын. Бүгін қатарыма қызымды қосып алдым.
Қазір екі ойлы болып жүрмін, ислам дініне кірсем бе деймін. Имаммен сөйлесіп едім, оның айтуынша пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Алланың жер бетіне жіберілген соңғы елшісі және ислам діні бір ғана ұлтқа емес бүкіл адамзатқа түсірілген дін екенін білдім, мүмкін сол себепті шығар біз сияқты «адасқандарға» Алланың шарапаты тигені.
Өзімнің туған -туысқандарыма Алланың хақ екенін, оның құдіретінің және мейрімінің шексіз екенін айтып отырамын,- деп әңгімесін аяқтаған еді христиан дінінің өкілі.
Намаздан соң, әлгі орыс әйелдің балаларымен жүздерін құбылаға бұрып, Аллаға тағзым етіп отырғанын көріп, шынында бұлар Алланың мейіріміне бөленетін жандар екен деп ойладым...
Үйге келген соң орыс әйелінің әңгімесін келіншегіме айтып едім, оның да көзі жасаурап «баламыз ауруханада жатқанда, дәрігерлер оның бір бүйрегін алып тастаймыз дегенін білесің ғой, сол кезде мен де Науан хазіреті мешітіне барып, Аллаға құлшылық етіп, баламның ауруына шипа тілегенмін, содан балама Алланың шарапаты тиіп, ауруынан жазылып кетті», - деді.
Р/S. Бірде жұма намазына барып едім, таныс орыс әйелі баласымен мешіт жанында тұр екен, амандасып едім, ол мені танып «балам, ислам дінін қабылдады»,- деді жүзі бал - бұл жайнап. Мен де оның бұл шешіміне риза болдым. Иә, Алла Тағаланың мейірімі де, құдіреті де шексіз ғой.
Ерсін Ерғалиев