Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит таяу уақытта ресейлік Евгений Тищенкомен қарымта жекпе-жектің болу-болмауы жайында пікір білдірді, - деп хабарлайды Qamshy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Мен кез келген боксшымен, кез келген елдің өкілімен шаршы алаңда кездесемін. Тек Евгений Тищенкомен ғана жұдырықтасамын деген ойымда жоқ. Ол ресейлік болса, ресейлікпен, америкалық болса рингте оған да қарсы шығамын. Ең бастысы, қарсыласыңның қызықты болғаны», - деді ол журналистерге берген сұхбатында.
Сонымен қатар Василий әуесқой боксты тастап, біржола кәсіби боксқа ауысу әзірше ойында жоқ екендігін атап өтті.
«Ең алдымен өзімнің басшылығыммен, отбасыммен ақылдасып алуым қажет. Одан кейін барып кәсіби боксқа ауысу-ауыспауды ойластыратын боламын», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Олимпиада ойындарының ақтық сынында ресейлік Евгений Тищенкомен шаршы алаңда кездескен Василий Левит төрешілердің шешімімен ұтылған еді. Ал мұндай шешімге сол кезде жарысты тамашалап залда отырған көрермендер барынша наразылық танытқан болатын. Осыдан кейін еліміздің Бокс федерациясы Василийге Олимпиада алтынын алған спортшыға берілетін сыйақы төлеу туралы шешім қабылдаған болатын.
«Василий Левит Олимпиада рингінің финалдық кездесуінде тамаша нәтиже, жеңіске де айрықша ерік-жігер көрсетті. Ол Олимпиаданың күміс медалін жеңіп алғаннан кейін оған мемлекет 150 мың доллар сыйақы береді. Бұған қоса, Қазақстан Бокс федерациясының президенті Т.Құлыбаевтың шешімімен аталған сомаға тағы да 100 мың доллар қосылады. Осылайша Левиттің сыйақысы «алтынмен» теңеседі», - деп хабарлаған еді федерациядан.
Айта кетейік, бүгін Василий Левит мерзімімен бұрын лейтенант әскери шенін алды.