ҚАСЫМОВҚА ДА ТЫҚЫР ТАЯНДЫ МА?

/uploads/thumbnail/20170709060420109_small.jpg

Осы аптада екі күн ішінде төрт облыстағы Ішкі істер департаментінің басшылары ауысты.

Маусым айының басында ірі лаңкестік оқиғасы болған Ақтөбе облыстық ІІД бастығы Мақсұтқан Аблазимов Батыс Қазақстан облыстық ІІД бастығы Махамбет Абисатов екеуі кресло ауыстырды.

Атырау облыстық ІІД-ге де жаңа басшы тағайындалды. ІІМ-нің кадр резервіне өткен Арман Жалмұхамбетов бұған дейін бірінші орынбасары болып келген Аян Дүйсембаевқа орнын босатты.

Сондай-ақ, бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД бастығы полиция генерал-майоры Асқар Оспанов лауазымынан алынғаны туралы хабарланды. Оның орнына осыған дейін Қызылорда облыстық ІІД басқарған полиция полковнигі Жанат Сүлейменов тағайындалды.

Әзірге Қызылорда облыстық ІІД-ге кім баратыны белгісіз.

Асқар Оспанов

Асқар Оспанов

Ақтөбе мен Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының бас полицейлері лауазымдарын босатқанымен далада қалған жоқ. Дәрежесі тең басқа лауазымдарға жайғасты. Ал, Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нің бұрынғы бастығы Асқар Оспановтың жағдайы біршама қиын сияқты. Өйткені, бұған дейін маусым айында оның бұрынғы бірінші орынбасары Сәкен Айтбеков мемлекеттік төңкеріс жоспарлады деп айыпталып жатқан шымкенттік Тоқтар Төлешовтің ісі бойынша қамауға алынған еді. Осы оқиғадан сәл бұрын ІІД-нің төрт бірдей полковнигі өз еріктерімен қызметтен кету туралы баянат жазған болатын.

Ел арасында соңғы уақытта ішкі істер органдарының қызметіне көңілі толмайтындар көп байқалып жүр. Ондай наразы көңіл-күйдің қалыптасуын елде соңғы айларда болған терактілермен байланыстырушылар бар.

Естеріңізге салсақ, осыған дейін Алматы қаласы полицейлерініңі атынан деп жазылған анонимдік хат бірқатар ақпарат құралдарына тарап, онда Алматы қаласы ІІД бастығы С. Күдебаевтің қызметіне сын айтылған болатын.

Сонымен қатар, ІІМ министрі Қ. Қасымовқа қатысты да ақпарат құралдарында сыни материалдар жариялануда. Онда министрдің лаңккес қолынан қаза тапқан марқұмдармен қоштасу рәсіміне, жараланған полицейлерге халін сұрап бармағаны айтылады.

Ішкі істер органдарындағы кадрлық ауыс-түйістер осымен тоқтай ма, жоқ әлде жалғасын таба ма, ол жағы белгісіз. Бірақ та, 2011 жылдың сәуір айынан бері ІІМ-ді басқарып келе жатқан Қ. Қасымовқа қарата айтылып жатқан сын-ескертпелердің аз еместігін атап өткен жөн.

Қатысты Мақалалар