Ұлы махаббат немесе Құлжа кешінде (Ақын Марфуға Айтқожинаның 80 жылдық мерейтойына арнау)

/uploads/thumbnail/20170709101848878_small.jpg

«Ауылым Алатаудың іргесінде,

Сыр жатыр ақ көйлектің бүрмесінде...»

Осылай өлеңдеткен өңшең ақын

Бас қостық Құлжа қала бір кешінде.

«Құлжадай қала бар ма жер бетінде?!» –

дегенің жанымызды тербетуде.

Тянь-Шанның асқақтығын Сізден көрдім,

Сайрамның суреті бар келбетіңде.

Тал бойың күміс сымға тыртылғандай,

Жан апа, көркің қандай, нарқың қандай!

Боздады тоқсандағы Мәди ақын,

«Шіркін-ай, қыз қайда, – деп,– Марфуғамдай!»

Іленің өткел бермес ағынысың,

Құлжаның қолға түспес лағылысың.

Ұлы ақын болмаса да, ұлы қартым

Қозғады қырық жылғы сағынышын.

Ол қазақ – бұл қазақтың бір бұтағы,

 

Қу тағдыр ақпа құмдай сырғытады.

Жас жігіт өлеңіңді жатқа соқса,

Ақын шал шарап емес, у жұтады.

Төлісің Үйсінтаудың ақ қар басқан,

Келесіз аппақ арға дақ салмастан.

Туған жер махаббатын көріп тұрдым,

Мәдидің жанарынан аққан жастан...

Ғалым Қалибекұлы,

ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

Қатысты Мақалалар