|
Мемлекеттік көші-қон және қазақ диаспорасы агенттігін құру кезек күттірмес мәселе. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің атына жолдаған депутаттық сауалында депутат Нұрлан Жазылбеков осы мәселені көтерді.
Сауал барысында депутат жақында ел Үкіметі шетелдегі қандастарды көшіруді жеделдету мақсатында құқықтық және әкімшілік тетіктерді оңтайландыруға бағытталған аса маңызды саяси шешім қабылдағанын атап өтті. Оның пайымынша, ұлттық мемлекетімізді бекемдеу жолындағы мұндай игі бастамалардың дұрыстығы дау тудырмайды, бірақ осы бағыттағы шаралар әлі де жеткіліксіз. Себебі, депутаттың ойынша, шетелдерде тұратын қазақ диаспорасының ұлттық болмысына төнген қатер жыл өткен сайын ауырлай түсуде. Бұл ретте Н. Жазылбеков миллионға жуық қандастар тұратын көрші Ресейде бірде-бір қазақ мектебінің жоқтығын, сондай-ақ Қытай мен Өзбекстанда қазақ мектептері жыл сайын жабылып жатқанын алға тартты. Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты шеттегі қандастармен мәдени байланысты күшейтуге міндеттелген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жұмысын да сынға алды. «Олар бар болғаны қоғамдық ұйым ғана. Сондықтан да, мемлекеттік көші-қон және диаспора агенттігін құрудың маңызы ерекше. Израиль, Ресей, Германия және Қытай елдерінде өз диаспораларының құқықтық мүддесін қорғауға бағытталған арнайы мемлекеттік құрылымдар аса өнімді жұмыс істеп келеді», - дей келе депутат Н. Жазылбеков елімізде бүгінге дейін осындай орасан зор міндетті атқаратын мемлекеттік орган жоқ екендігіне назар аударды. «Ішкі істер министрлігіндегі көші-қон департаментінің қызметі тек визалық рұқсат берумен шектеулі. Қоғамдық ұйымдар мұндай жүкті көтере алмайтыны да анық. Сондықтан құлашын кеңге сілтейтін құзыреті бар Көші-қон және қазақ диаспорасы агенттігін құру күттірмес мәселе деп білеміз. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа кіріп отырған сәтте, шетелдегі қандастарымызды атамекеніне тарту арқылы қанатымызды қатайтып, керегемізді кеңейте түсудің маңызы үлкен», - деді депутат.kazinform.kz
|