Ақтөбеде, 5 маусым күнгі теракт оқиғасы кезінде ерекше жұмысымен көзге түскен полиция қызметкерлері марапатталды. Қанды оқиғаның басында жүріп, бірнеше лаңкесті құрықтауға қатысқан Елек полиция бөлімшесінің қызметкері әріптестерінің арасында үздік қызметкер атанды. Бұл туралы aktobenews.kz жазды. Міндетін үздік атқарған Аслан Есентаев «Алтын адам» атағын иеленді.
«Сол кезде Елек бөлімшесінде кезекте болдық. Түскі уақытта «Паллада» дүкеніне қарулы шабуыл жасалғаны хабарланды. Сол кезде қала бойынша жүрген барлық полиция қызметкерлері шақырылған болатын. Біз «Паллада» дүкеніне барған кезімізде «Пантера» қару жарақ дүкеніне көмек сұрады. Ол жерге барғанымызда әріптестеріміздің қызметтік көлігінің ашық тұрғанын көрдік. Сол жерде біз ойланбастан атысқа қатысып кеттік. Жерде жатқан қылмыскердің қаруын алып, оған кісен салып, әрі қарай атыстық. Қасымда Жақсыбаев пен Нұғалиев есімді екі сержант болды. Нұрғалиев жарақаттанып қалғаннан кейін Жақсыбаев екеуміз атысты жалғастырдық. Сол күні кешке Кірпішті ауданында да шабуыл болды. Олар «нива» автокөлігін алып кетті. Сол жерден қару ұстап жатқан қылмыскерді көрдік. Атуыма тура келді,- дейді Аслан Есентаев.
Айта кетер болсақ, Биыл 5 маусымда Ақтөбеде теракт болған еді, оның салдарынан ондаған адам қаза тапты. Қазақстанда террорлық қауіптің сары деңгейі, ал Ақтөбеде қызыл деңгейі енгізілді.
«Біз мұның салафизм дәстүрлі емес діни ағымының зұлымдық әрекеті екенін білеміз. Республикадағы діни сенім бостандығын қамтамасыз ете отырып, біз сонымен қатар діни ұрандармен бүркеніп, елдегі жағдайды шайқалтқысы келетіндердің барлығына табанды тойтарыс беруіміз керек», - деген еді мемлекет басшысы аталған жағдайға байланысты Қауіпсіздік кеңесінің барысында.