«Мал шаруашылығын дамытудағы жаңа инновациялық технологиялар» тақырыбындағы семинар өтті

/uploads/thumbnail/20170709180311519_small.jpg

 

 

            Елбасы Н.Ә.Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында ет өндірісі мен өңдеуді дамытуды міндеттеді. Бұл еліміздегі агроөнеркәсіптік кешеннің дамуындағы бірегей бағыттардың бірі – экспортқа ет пен ет өнімдерін шығаруға мол мүмкіндік береді.

            Малдың өсіп-жетілуі және одан сапалы өнім алу үшін құнарлы азықпен қажетті мөлшерде қамтамасыз ету тиімді. Сондықтан мал шаруашылығын дамыту үшін берік жем-шөп қорын жасау, азықтандыру мәселелерін ғылыми негізде ұйымдастырған жөн. Бұл туралы «Сыр маржаны» серіктестігінде өткен «Мал шаруашылығын дамытудағы жаңа инновациялық технологиялар» тақырыбындағы семинарда жан-жақты айтылды.

Ақтан батыр ауылындағы «Сыр маржаны» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің 500 басқа арнал­ған мал бордақылау алаңының жұмысын бастағанына да біршама уақыт болды. Жалпы Қазақстанда өндірілетін барлық еттің жартысына жуығын ірі қара еті құрайды. Өндірілетін осы еттің үштен бірі ет бағытындағы малдан алынады. Осы орайда ауданымыздағы «Сыр маржаны» мал бордақылау кешені ауыл шаруашылығы құрылымдары мен жеке тұрғындардан ірі қара малын сатып алып, семіртіп, табиғи таза ет өнімдерін сатуда. Бұндағы бағымға қойылған қажетті азықпен қамтылған мал тәулігіне 1100-1200 грамға дейін салмақ қосады. Жасы мен тұқымына байланысты 3 ай көлемінде бағылады. Болашақта алаңның қуатын 3000 басқа ұлғайту жоспарланған.

Семинарға арнайы келген Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ректорының кеңес­шісі Қазыбай Бозымов ««Сыр маржаны» ЖШС жағдайындағы сиыр етін өндіру технологиясына инновациялық әдіс­терді енгізу» атты баяндамасында мал шаруашылығын қарқынды дамытудың қолайлы жолдарын  айтты.

Оның айтуынша, ет өндірісін арттыруда малдарды бордақылау ерекше орын алады. Іс дұрыс ұйымдастырылған жағдайда еттің өзіндік құны төмендемей, етті мал шаруашылығы ең пайдалы салаға айналады. Бордақылаудың сәтті жүзеге асуы, оның деңгейіне, түріне және азықтандыру сапасына, тұқымдық ерекшеліктеріне, жасына, тез жетілгіштігіне байланысты. Айта кетерлік бір жайт, жастай дамып келе жатқан малдарды бордақылағанда бұлшық ет ұлпасы май ұлпасына қарағанда тезірек өседі екен.

Сондай-ақ, аналық төлдің бедеу­лігі, қысыр қалуы және акушерлік-гинекологиялық ауруларға ұшырауы – мал шаруашылығын дамытуға орасан зор кедергі әкеледі. Осы орайда малда кездесетін жыныстық ауруларды анықтап, алдын алу оларды емдеу үшін ультрадыбыстық диагностикалық аппаратты қолдану тәсілдері өндірістік тәжіри­бе жүзінде көрсетілді. Бұл – инно­вациялық технологияның бір түрі. Аппараттың көмегімен аналық сиырдың буаздығы, қысырлы­ғы және қандай аурумен ауыратын­дығы анықталады. Тіпті, буаз сиырдың ішіндегі төлдің неше айлық екендігі де экран арқылы көрініп тұрады. Гинекологиялық ауруларды ерте байқап, алдын алу сиырлардың ұдайы өсіп, дені сау төл төлдеуіне себеп бо­лады.

Аппараттың қолдану барысын көрсеткен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің био­технолгиялық зертхана директоры Әсел Құттыбайқызы: «Аппарат арқылы буаз­дықты дәл уақытында анықтағанда ірі қара табынының өсуі жақсарады. Буаздықты диагностикалаудың ультрадыбыстық сканер­ленуін қолдану арқылы қашыру нәтижесін бір айға ерте анықтауға болады. Нәтиже оңды болмаған жағдайда қайта қашыруға немесе малды жарамсыздыққа шығаруға мүмкіндік береді», – деді.

Бұдан кейін, «Мал шаруашылығын дамытудағы отандық биологиялық пре­параттардың рөлі» туралы «Микробиология және вирусология институты» РМК «Қолданбалы микробиология» филиалының директоры Ерік Шорабаев айтып берді.

Қызылорда облыстық «Инновациялық тәжірибені тарату және енгізу жөніндегі іс-шараларды жүргізу» 019 бюджеттік бағдарламасы аясында 2011 жылғы 22 желтоқсанда Қызылорда қаласында – осы өңірде ғылыми жобаларды орындаумен қатар, экология және ауыл шаруашылығына қажетті отандық биотыңайтқыштар мен биопрепараттарды өндіріске ендіру бағытында «Қолданбалы микробиология» филиалы ашылды. Аталған бюджеттік бағдарлама негізіндегі атқарылған ауқымды істер жетерлік. Бүгін солардың бір парасы – биологиялық препараттар таныстырылды. Қызылорда облысы жағдайында отандық «Бентобак» биологиялық препаратының көмегімен мал бордақылаудың тиімділігі және ет сапасын арттыру жағдайы ортаға салынды. Бұл малазықтық қоспа – ірі азықтардың жақсы сіңірілуіне, малдарда кетоза және ацидоза ауруларының қаупін төмендетуге мүмкіндік беретін бентонитте адсорбирленген, пропион қышқылды және целлюлолитикалық бактериялар негізінде жасалған. Оны улы химикаттардан бөлек 0-градус 8 температура аралығында сақтайды. Құрғақ препараттың сақтау мерзімі дайындалған күннен бастап 12 ай. Артықшылығы қойлардың тірі салмағын тәулігіне қосымша 120 грамм арттырады, яғни 100 күн азықтандырылғанда бір бас малдың салмағы 12 келіге, құстардың тірі салмағы 12 пайызға артады. Мал азығының шығыны 2,5-4 пайызға кемиді. Таза экологиялық өнім ірі азықтардың қорытылу үрдісін жақсартады. Бентобак мал азығына малдың бір келі салмағына 1,5 грамм есеппен қосылады. Мысалы, ірі қараның салмағы 200 келі болса, оның жеміне 300 грамм бентобак араластырылып беріледі. Бұл преапартты «Сыр маржаны» қолданып отыр.

Филиал директоры бұдан өзге, ауылшаруашылық малдары мен құстардың жас төлдерінде кездесетін аралас ішек ауруларының алдын алу және емдеу шараларына арналған полилактовит, қиын және жеңіл сүрленетін, сүрленбейтін дақылдарды сүрлеуге арналған казбиосил биологиялық препараттары туралы да толық мағлұмат берді.

Оңтүстік Қазақстан өсімдік шаруа­шылығы және мал шаруашылығы ғылыми институтының Атырау филиалының бөлім меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Болат Мұхамбетовтің айтуынша, «Қызылорда облысының тұзданған топырағын түйежоңышқа дақылы көмегімен қайта қалпына келтіру және құнарлығын арттыру» жобасын өндіріске ендіру нәтижесінде шаруалар жоғары сапалы кумарині өте төмен көк балаусадан мол өнім алуға қол жеткізген. Түйежоңышқа дақылы күріш ауыспалы егістігінің айналымында екі жыл егіледі. Сонымен қатар, фитомелиоранттық қызмет атқарады және топырақты өсімдікке сіңімді биологиялық азотпен байытады. Ақ түйежоңышқаның «Аркас» және «Сарайшық» деген сорттары бар. Бүгінге дейін облыстың Жаңақорған ауданындағы «Қожахан ата» шаруа қожалығында және Қазалыдағы «РЗА-Агро», Сырдариядағы «Мағжан и К» серіктестіктерінде түйежоңышқаның «Аркас» сорты егіліп, мол өнім алынған.

Семинар барысында сөз алған «Сыр маржаны» серіктестігінің директоры Мнажадин Өтеев кәсіпкерлік саласына қалай келгендігі мен мал бордақылау алаңын кеңейту және консервіленген өнімдер шығару жобасымен бөлісті. Көршілес аудандардан келген шаруа қожалық иелері де жоғарыда айтылған баяндамаларға қатысты ұсыныс-пікірлерін білдіріп, тәжірибе алмасты.

Мал шаруашылығымен айналысып, кәсіп көкжиегін кеңейтсем деген Арал ауданындағы «Берекет» шаруа қожалығының зоотехнигі, жас маман Нартай Жайназаровтың тындырымды істері мен алға қойған мақсатына көпшілік сүйсініп, елдің келешегі жалынды жастардың қарымды істері арқасында кемелденетіндігіне сенім білдірді.

Жалпы инновациялық технологияларды пайдалану арқылы халықаралық деңгейде экспортқа ет және ет өнімдерін шығару мақсатында өткен семинарда келелі ойлар, тың мәліметтер айтылды. Семинарға жиналғандардың көкейінде «Кәсіпкерге мол табыс, серіктестікке танымалдылық әкелетін экспорттау жұмысы жанданса, келешекте Қызылорданың етін Қытай, Жапония, Түркия елдері тамсанып жейтін халге жетеміз» деген арман-ниет тұрды.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

Қатысты Мақалалар