ҚазҰУ – Орталық Азиядағы білім беру көшбасшысы

/uploads/thumbnail/20260414124500515_big.webp автор

 
Қазақстанның жоғары білім беру кеңістігінде айрықша орны бар, елдің ғылыми-интеллектуалдық әлеуетін қалыптастырып келе жатқан жетекші оқу орындарының бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Уақыт сынынан сүрінбей өткен бұл білім ордасы жаһандану дәуірінің талаптарына бейімделе отырып, ұлттық кадрлар даярлаудың алтын бесігіне айналды.
ҚазҰУ – ғылым мен білімнің, дәстүр мен жаңашылдықтың тоғысқан ортасы. Университет қабырғасында қалыптасқан академиялық мәдениет, халықаралық стандарттарға сай білім беру жүйесі және үздіксіз жаңарып отыратын оқу бағдарламалары ҚазҰУ-ін Орталық Азиядағы алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының біріне айналдырды. Бүгінде ҚазҰУ әлемдік білім кеңістігінде Қазақстанның бренді ретінде танылып отыр.
Университет құрылымындағы маңызды бағыттардың бірі – География және табиғатты пайдалану факультеті. Факультет құрамындағы «Рекреациялық география және туризм» кафедрасы. Бұл кафедра еліміздегі туризм саласы үшін кәсіби мамандар даярлайтын бірегей ғылыми-білім беру орталығы болып саналады. Оның қалыптасуы мен дамуына көрнекті ғалым, туризмология ғылымының негізін қалаушылардың бірі Станислав Рамазанович Ердәулетовтің қосқан үлесі зор.
Кафедра – туризм индустриясының нақты талаптарына жауап беретін заманауи білім мен тәжірибені ұштастыратын орта. Мұнда білім алушылар тек теориямен шектелмей, қонақ үй бизнесі, туристік менеджмент, рекреациялық ресурстарды бағалау, маршруттық жоспарлау сияқты бағыттарда практикалық дағдыларды меңгереді. Нәтижесінде, түлектер еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасады.
ҚазҰУ-нің аталмыш кафедрасында білікті профессор-оқытушылар құрамы студенттерге сапалы білім беріп қана қоймай, олардың кәсіби бағдарын айқындап, ғылыми ізденіске жетелейді. Бұл – болашақ маманның жан-жақты дамуына негіз болатын маңызды фактор.
Кафедраның ерекшелігі – академиялық дәстүр мен белсенді студенттік өмірдің үйлесімінде. Студенттер түрлі ғылыми жобаларға қатысып, халықаралық байланыстар орнатып, кәсіби ортаға ерте бейімделеді. «ЖасТур» клубы сияқты ұйымдар жастардың көшбасшылық, ұйымдастырушылық және шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, туризмді насихаттауға бағытталған іс-шаралар мен жобалар студенттердің тәжірибелік дайындығын арттырып, салаға деген қызығушылығын тереңдетеді.
Ғылыми-зерттеу бағытында да кафедраның әлеуеті жоғары. Туризмді дамыту, рекреациялық ресурстарды тиімді пайдалану, аймақтық туризмді жетілдіру мәселелері бойынша жүргізіліп жатқан зерттеулер ел экономикасына нақты үлес қосып келеді.
Халықаралық әріптестік пен академиялық ұтқырлық бағдарламалары әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің жаһандық деңгейдегі беделін арттыра түсуде.
Бүгінде ҚазҰУ география және табиғатты пайдалану факультетінің түлектері еліміздің туристік компанияларында, халықаралық әуежайларда, мемлекеттік ұйымдарда және әлемдік қонақ үй желілерінде табысты еңбек етуде. Кейбірі халықаралық деңгейде қызмет атқарып, Қазақстанның туристік әлеуетін әлемге танытуда. Бұл – берілген білімнің сапасы мен жүйелілігінің айқын көрсеткіші.
Қазіргі таңда туризм – тек экономикалық саланың ғана емес, мәдени дипломатияның да маңызды құралына айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, «Рекреациялық география және туризм» кафедрасы – елдің имиджін қалыптастыратын, ұлттық брендті ілгерілететін мамандар даярлайтын стратегиялық орталық. Мұнда білім алған әрбір жас – Қазақстанның бейресми елшісі іспеттес.
Қазақ ғылымының қара шаңырағы - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – білім мен ғылымның, тәжірибе мен жаңашылдықтың үйлескен үлгісі. Бұл – тек маман даярлайтын орта ғана емес, елдің интеллектуалдық  болашағын айқындайтын маңызды күш.
 
Жаннат АЛИЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Рекреациялық география және
туризм кафедрасының доценті,
география ғылымдарының
кандидаты.

Қатысты Мақалалар