Әлемдік мұнай бағасы АҚШ пен Иран арасындағы жаңа келіссөздер болуы мүмкін деген үмітке байланысты төмендеді.
Сауда барысында Brent маркалы мұнай шамамен 1%-ға арзандап, баррелі 98,4 доллар болды. Ал АҚШ-та сатылатын мұнай бағасы 1,7%-ға төмендеп, 97,4 долларға түсті.
Дональд Трамп Тегеран Вашингтонмен байланысқа шығып, келісім жасауға ниетті екенін мәлімдеді. Бұл мәлімдеме нарықта шиеленіс бәсеңдеуі мүмкін деген сигнал ретінде қабылданды.
Бұған дейін АҚШ Иран порттарына блокада енгізген соң, мұнай бағасы 100 доллардан асып кеткен еді. Сонымен қатар, Иран уран байытуды 5 жылға тоқтатуды ұсынған, бірақ АҚШ бұл мерзімді 20 жылға дейін ұзартуды талап еткен.
Сарапшылардың айтуынша, егер келіссөздер жалғасса және Иран ядролық бағдарламасын уақытша шектесе, бұл нарықтағы қысымды азайтып, мұнай бағасының тұрақтануына ықпал етуі мүмкін.
Дегенмен, Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдай әлі де басты қауіп факторларының бірі болып отыр. Әлемдік мұнай тасымалының шамамен 20%-ы осы бұғаз арқылы өтеді.