Талайға таңдай қақтырып, 7 жасынан өлең жазып, Қазақстанның рекордтар кітабына енген жас ақын Жамбылды білмейтін жандар кемде-кем. Сол бала Жамбыл отау иесі жасқа келіп, қалыңдық айттырып жатыр деген ақпарат тараған болатын. Осыған орай, ҚазАқпарат ақпараттың ақ-қарасын анықтау үшін Жамбылдың анасы Кәмшат Ибрайымоваға хабарласып, істің анық-қанығын сұраған.
«Анасы ретінде айтарым, бұл ақпарат мүлдем шындыққа жанаспайды. Өзім педагогпын. ҚазМУ-дың филология факультетін бітіргенмін. Мен балама мұндай тәрбие еш уақытта бермес едім. Жамбыл - бұл бүтін қазақ көзін тігіп отырған бала. Біздің ескіні жаңғырту ойымызда жоқ. Әр нәрсе өз уақытымен», - деген Жамбылдың анасы Кәмшат Ибрайымова.
Бала ақынның анасы Жамбылдың ертең өтетін шығармашылық кешінде «Мөлдір моншақ» деген әннің орындалатындығын атап өтті. «Шығармашылық кешінде «Мөлдір моншақ» деген әнінің орындалатындығы рас. Бұл бірінші шығарған туындысы, тұсауы кесіледі. Қазір оның композиторлықпен де әуестеніп жүргені шындық. Әңгіме осы әннен шыққан сияқты. Бірақ, ол ешкімге арналмаған. Жамбылдың екі кітабы жарық көрді. Енді міне, үшінші кітабы дайын тұр. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жақын арада «Өлеңім - өмірім» деген атпен шығады. Тұңғыш кітабы «Тәңірден келген тәтті сый» деген атаумен аудио түрінде шығып, балабақшаларға таратылды. Екінші кітабы Елбасы қорының қолдауымен «Періште тілек» деген атпен жарияланды», - деді Кәмшат Ибрайымова.