«АЛТЫН ДОМБЫРА» ЖАЙЛЫ АЛТЫ ПІКІР

/uploads/thumbnail/20170709184634466_small.jpg

3-4 желтоқсанда Алматыда «Алтын домбыра» кезекті аламан айтысы өтті. Қатарынан 5 жыл бойы өткізіліп келе жатқан бәсекеде Мұхтар Ниязов екінші рет «Алтын домбыраны» иеленіп, 3 миллион және Алматы әкімі тағайындаған 2  миллион, жиыны 5 миллион ақшалай жүлдеге ие болды.

Республика сарайында өткен айтыстың жүлде тапсырылар сәтінде халық бас жүлдеге Болатбек Оразбаевті лайық көріп шулады. Соған байланысты қоғамда әр түрлі әңгіме туындап, «Алтын домбыраның» артынан тағы да дау ерді.

Осыған байланысты «Қамшы» порталы оқырман назарына «Алтын домбыра» жайлы алты пікірді ұсынады.

Мұхамеджан Тазабек: Айтыс әділ өтті

Осы жолы айтысқа айтыскер ақындар қазылық етеді, деп шешкен екен, шақырылғасын, арасында мен де болдым. Алабөтен аласалық та, ес жидырмас ерекшелік те жоқ, сол айтыс, сол дода. Он бес жастан осы дудың ортасында келе жатқандықтан ба, көп нәрсеге көз үйренген,кез-келген жағдаятты түсінуге тырысасың. Саған жанын салып қолын ұрып отырған көрермен, қарсыласың қапысын тауып айтса, әп сәтте көңілі соған ауып кетеді. Аздан соң сенің қиыстырып тапқан қисынды сөзің үшін саған болыса бастайды. Толған эмоция; өрекпіген көңілдер, алып ұшқан жүректер, шартылдаған шапалақ, бүлкілдеген бүйректер, бұртиған еріндер...

Кеше шаршап,интернет қарай алмаған едім, бүгін қарасам, маған қатысты біраз пікірлер жиналып қапты. Айтыстың соңғы шешіміне ризашылық білдіріп, қызу қолдап жатқандар да, керісінше келіспей, сахнадағы жағдайды сан-саққа жүгіртіп жатқандар да бар екен. Келіспеушіердің біразы, мысалы "шешім әділ болмады", "Мұхтар емес, Болатбек алуы керек еді", "Мұхамеджан дін бауырым деп Мұхтарға алып беріпті", "Абай.kz сайты, Мұхамеджан қазылардың төрағасы болды", деп те дақпырт таратып жіберіпті. Әрине қасқырдың ауызы жесе де қан, жемесе де қан, атышулы адамға әрнәрсені бұра салу оңай, бірақ ол ақиқат емес қой. Болатбекке дауыс берген Қойлыбай Асанов, Қонысбай Әбілов, Аманжол Әлтаев, Дәулеткерей Кәпұлы "Мұхтар лайықсыз" деген сөзді айтқан жоқ , "біздің таңдау- Болатбек", деді. Менен бөлек Бауыржан Халиолла, қазылардың төрағасы Әділбек Ыбырайымұлы өзінің төрағалық бір дауысымен бірге "Мұхтар лайық" деген пікірде болды. Бірақ ешқайсысы, "Болатбек болымсыз" деп айыптаған жоқ. Пікір қайшылығы болғанмен бет жыртысқан берекесіздік, айғай-шу орын алған жоқ. Болатбекке деген жанашырлықтары көздерінен көрініп тұрғанмен, әкімшілік өкілдері де шешімге араласпады. Екі тарап келіспей қалғанда, төрағаның дауысы қай жақта болса, сол тараптың пікірі басымдық алатын қарапайым қағидамен шешім қабылданды, нүкте қойылды. Әркім пікірін айтқанмен дауыс та көтерілген жоқ, дау-дамайда болған жоқ. Өз басым Болатбекке екі айтыста да он балдан көтердім. Тоғыз көтерген төрағамыз неге олай жасағанын өз постында жақсы түсіндіріп берді. Жиырма жылдай айтысып жүріп, Мұxтардың да, Болатбектің де жағдайын басымнан өткеріп көргенмін. Айырықша бұрмалау немесе қиып түсер қиянат жасалды дегенге келіспеймін. Көрермен мен қазылардың ойы бір жерден шықпай қалуы , бүгін ғана орын алып тұрған жоқ, арагідік болып жатқан жағдай ғой. 

"Ойбай, айтыс қайтыс болды, әділдік кеткен екен, айтыс сауда боп кетіпті", деген пікірлерді естіп келе жатқаныма 25 жыл болды . Жүрсін ағаны да ағаш аттың басына мінгізгендер көп болған. Бірақ, шынайы сурет мүлдем басқа. Сөз - таразыға тартып, мысқалдап өлшеп алғандай тауар емес. Сен көркем өлең іздеп отырсаң, біреуге әзіл маңызды, сен айтыс күтіп отырсаң, кей жанға толғау әсерлі. Көппен ойың бір жерден шыға бермейді. Айтыс - аты айтып тұрғандай айтыс. Қазылар құрамында әріптестерімен келіспей, жаға ұстасқан, өкпелеп орта жолдан кетіп қалғанды да көргенбіз. Қанша адам болса сонша пікір бар. Одан айтыс өлген жоқ, көрермен келмей қалған жоқ. Бізге қазір талқаны біткендей таусыла сөйлеп, ойындағысы болмаса озбырлық көргендей ынсапсыз пікір айту әдет боп жара жатыр. Болатбек ұтпаса ұтылған жоқ, ең бастысы елдің қошеметі мен қолдауын алып кетті. Ал, Мұхтар, Жүрсін аға айтпақшы, "жыл бойы жыртып келе жатыр". Жорғасынан бір жаңылған жоқ. Жылдың қорытынды айтысында оның бәрі ескерілуі тиіс. Бас бәйге алғанына қуанға ел көп. Мұхтарды "дінді айтты" деп қолдайтын болсам, намазханалардың жабылуы, орамал, сақал туралы Мұхтар емес, Болатбек көбірек айтты, халық куә. Әрі қазылар алқасы - айтыстың отымен кіріп, күлімен шыққан майталман ақындар ғой. Бәрі менің сөзімді құп алып, қарап отыратын қолбалаларым емес. Кеше ғана азуын айға білеген, кез-келген айтыскерге лайықты қарсылас бола білген, майталмандар. Әсіресе, батыстан келген Бауыржан Халиолламен осы жерде ойымыз бір жерден шыққаны болмаса, бұған дейін талай пікір қайшылығында жүрген адамдармыз. Сондықтан сақалды болғаны үшін ғана Мұхтарды қолдапты немесе жюрилерді жүгендеп отырыпты деген пікірлер - тым асығыс айтылған ойлар. Жалпы, жанкүйер қауым айтыскер ақындардың анасы секілді. Өнерпазға аналық кеңпейілділікпен, мейіріммен қарайды. Жақсы көрген ақынының жалы биіктеп, жолы болғанын тілеп отырады. Ал қазы болғанның қиын жері сонда, ақындарға мүлдем басқаша қарым-қатынаста отырасың. Эмоциядан гөрі салқынқандылықпен, сын көзбен сүзгілеп қарауға тырысасың. Қаншалықты айтыс жасап отыр немесе біржақты толғауға сүйеніп, көпті қоздырумен ғана қолдау тауып отыр ма, әлде әнсүйер қауымға әлдебір сиқырлы саздың көмегімен уақытша көңіл- күй сыйлап алдарқатуда ма? Жаттап келген дайындық пен суырып-салып отырған шеберліктің жымдасуы қаншалықты? Басқа жерде айтқанын бұл жерде қайталап отыр ма? Негізгі тақырып пен қарсыласына қатысты уәждің арасы қаншалықты байланысуда? Есте қалатын елдік сөздері қаншалықты? Осының бәрі ескерілетін, елеп-екшелетін дүниелер әрі ақынды бағалауға қажетті қасиеттер. Тоқсаныншы жылдары әуенімен жұртты баураған, сүйкімімен көзді сүйсіндірген Әзімбек ағама түгел он бермедің, деп ренжіген жанкүйерлер жарты сағат жер теуіп отырып алған. Әрине, қан қызып, көтеріліп алған кезде, Әселхан апамыздың өрнекті, терең тіркестері, Ерік ағамыздың саяси сауатты шумақтары көрермен тарапынан ескерілмей жатты. 

Біреудің бабы шабады, біреудің бағы шабады. Шын тұлпарға тұсау жоқ. Уақыт өте келе шын тұлпар бойын жазып, жүйріктігін дәлелдесе, жабылар жанын қинағанмен бірінші кездескен биікте-ақ алқынып сыр береді. Болатбекке де, Жансаяға да, Еркебұланға да, басқа ақындарға да шын тілектеспін. Әлі талай бәйгенің шаңы көтеріліп, әлі талай доданың даңқы бұйырар. Ең бастысы тәуелсіздігіміз баянды боп, айтысты аялайтын ағайын аман болсын! "Алтын үшін емес, xалқым үшін келдім" деген сөзді еріннің ұшы ғана емес ет жүрегімізбен айтып жүргенімізге айғақ болатын ұлтжанды ауызбіршілігімізден Алла ажыратпасын!

 

Олжас Отар: Шынында Мұхтардың бəсі жоғары тұрды

image

Ардақты, айтыс сүйер ағайын! Бүгінгі айтыс туралы бір ауыз...

Мұхтар Ниязов та, Болатбек Мейірбекұлы да, Жансая Мусина да, Серікзат Дүйсенғазы да, Мейірбек Сұлтанхан т.б аламан айтысқа қатысқан Алаштың аяулы ақындарының еш қайсысын бөле - жара қарамайықшы? Алтын айдар ұлдарыңнан жүлдені қызғанбайық та? Айтыстың барысын, ақындардың аяқ алысын байқап көрдім... Мұхтардың айтысынан мін тауып беріңіздерші? Шынында Мұхтардың бəсі жоғары тұрды. Болатбектің де айтысы керемет болғанына келісемін. Жансая да керемет айтыс жасай білді. Еркебұлан Қайназар тамаша ойларымен биік тұрды ғой. Ақындардың бəрінің Серікзаттың да, Мейірбек пен Өміржанның, Ершат пен Ержанның, Қалижанның т.б. айтыстары жоғары деңгейде өтті. 

Халықтың разы болмай шулағанын... баяғыда 1998 жылы Бекарыс бас жүлде, Оразалы марқұм бірінші орын алғанда да көргенбіз... Қуаныш Мақсұтов алу керек деп төбелес шығаруға да барған халық қой... Ал, бірақ та, сол айтыста Бекарыс пен Оразалы марқұм лайықты бағасын алған. Əділ қазылардың: Қонысбай Əбілов пен Қойлыбай АсановАманжол Әлтай бен Мұхамеджан ағаларымыздан, Дəулеткерей мен Бауыржан Халиолла бауырларымыздан артық айтысты бағалай аламыз ба?

"Беліңді бекем буып байтақ елім,

Бірлігіңнің бітімін бұзып алма"?.....

 

Manas Kaiyrtaiuly: Мұқтар Ниязовтың көп ақыннан бәсі биік

"Алтын домбыраның" буы, шуы біразға дейін азық болатын секілді. Әділ, әділ емес деген пікір қашан айтылмап еді? Әділ дегенге қосылатыным: айтыс синкретті өнер болғанмен, негізгі шарты шаппа-шап. Сол үдеден қарағанда Мұқтар Ниязовтың көп ақыннан бәсі биік. Барша ақындарды жүлделерімен құттықтаймын. Ел айтыс пен айтыскердің мұраты дүние қуу деп түсінбегені игі.

 

 

Айгүл Орынбек: Мұхамеджан Тазабек тарт қолыңды айтыстан

image

Сəлəфиттер айтыстың жаназасын шығарып, кейбір ақындарды баяғыда дүбəрə қылып жіберген

Айтыстың тұрақты көрермені ретінде кешеден бері өтіп жатқан айтысты толық көріп шықтым. Қазақтың дәстүрлі салт дəстүріне айналған айтысқа сақалдылардың араласуы бұл енді шектен шығу. Айтыс қайтыс болыпты шынында да. Енді бұндай айтысты өткізіп қажеті жоқ! Халықтың жан айқайын естімеген Байбек кімдердің сойылын соғып жүргені түсінікті болды. Жеті- сегіз əділ қазы мүшелерінің бағасы, сарайда толып отырған мыңдаған халықтан артық болып тұр ма? "Болатбек" деп айқайлаған халықтың жан айқайы Байбектің жүрегіне, құлағына неге жетпеді екен? Жəə жарайды бұндай жағдай қоғамда бірінші рет болып жатқан жоқ . Қарапайым халықтың жан айқайын биліктегілер қашан естіп қарық қылып жүрген еді? Бүгінде сол баяғы спектакль қойылымы қойылды. 
Ақындарға келетін болсақ Muhtar Niyazov інімді жақсы білмесем де, бір екі шəй ішіп сəлеміміз түзу əпке іні болып араласып жүрген азамат. Ал Болатбекпен біраз сөзге келіспей ілісіп қалғаным бар. Бұл жеке бас араздығы. Ал халқым қолдаған Болатбекті бұл айтыста мен қолдаймын , өйткені халықтан биік дүние жоқ мен үшін. Егер мен Мұхтардың орнында болсам халықтың тілеуін орындап "Алтын домбыра " ны Болатбекке ұсынар едім. 
Халықтың тілегінен, халықтың ниетінен, халықтың батасынан жоғары дүние жоқ мен үшін. Сол халықтың батасы орындалмай қалғаны қандай өкінішті.

Мұхамеджан Тазабек тарт қолыңды айтыстан, сенің жүрген жеріңнен шөп шықпайтын болды ғой!

 

Асхат Садырбай: Тұрақты қазылардан бөлек арнайы тәуелсіз сарапшылардың, көрерменнің де дауысы ескерілу керек


Қайбір жылы Түркияға барғанда қандастар "айтысты қатты сағынамыз, интернеттен іздейміз, таппаймыз" дегенде біраз ойды ішіме түйіп, үндемей кеткенмін. Өйткені қазіргі әбден монтаждалған, мың сүзгіден өткен айтысты интернетке ешкім салмайды, салса да қызық емес... Өкінішке орай, ары тартып, бері тартып берекесін қашырдық, жұлмалап-жұлмалап жұпыны күйге жеткіздік. Мың жерден жаттанды болса да айтайын, мазмұны жағынан бүгінгі айтыс бұрынғы айтыс емес, ал сыртқы көрінісі сол баяғы. Иә, заман талабына сай бәрі өзгереді, жаңарады, бірақ біздің айтыскерлердің отыратын саxнасы, жері, киімі, қазылар алқасының бағалау жүйесі, көрерменге көрсету теле нұсқасы еш өзгермеді. Оның үстіне эфирде біресе бар, біресе жоқ. 
Ақындар өлеңді жаттап шығады, алдын-ала келісіп алады дегенді естісек те айтысқа деген маxаббатымыз сөнген жоқ. Барып жүрміз, көріп жүрміз. Демек айтыс өлмейді, оны өлтіреді. 
Айтыс партияның, ұйымның, бір топтың, тұлғаның айтысы болғанда оны өлді дей беріңіз. Қазір айтысты ана арнадан көрсету керек, мына арнадан көрсету керек деген ұсыныстар көбейді. Мен олардың ешқайсысына қосылмаймын. Меніңше, айтысты интернет арқылы онлайн (youtube,f-book т.б) көрсету керек. Қайталауын қай арна көрсетсе сол арна көрсетсін. Ал, саxнаны, ақындардың отыратын жерін әлемдік деңгейдегі шоулардан кем қылмау керек, жарық, дыбыс бәрі мықты болуға лайықты. Бағалауға келетін болсақ, тұрақты қазылардан бөлек арнайы тәуелсіз сарапшылардың, көрерменнің де дауысы ескерілу керек. 

 

Ерканат Копжасар: Халықпен келіспеген айтыстың қажеті де жоқ

Жүрсіннің сөзі айтыста жүрмейтін болған сыңайлы. Кешегі "Алтын домбыра" соның айғағы. Қазылар xалықты қадірлемейді. Кешегі айтысқазылар қатарында болғандардың осы уақытқа дейінгі абыройын айрандай төкті. Айтысты xалық көреді. Халықпен келіспеген айтыстың қажеті де жоқ. Белден басып, дәл осылай бұра тарту болады деп ойламаппын.

Қатысты Мақалалар