Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 3-4 желтоқсан күндері Алматыда «Алтын домбыра» атты аламан айтыс өтті. Оның бас жүлдесін қызылордалық айтыскер ақын Мұхтар Ниязов жеңіп алған болатын.
Бұл құрметті атаққа ол 2012 жылы да қол жеткізген еді. Араға төрт жыл салып, екінші мәрте «Алтын домбыра» иегері атанып отыр. Бүгін айтыс аламанының жеңімпазына арнайы қоңырау шалып, жеңісімен құттықтап, айтыс төңірегінде әңгіме өрбіттік.
- Мұхтар, екінші рет жеңіп алған «Алтын домбыраң» құтты болсын...
- Рахмет!
- Жалпы айтыс қалай өтті? Ұйымдастыру деңгейі көңіліңізден шықты ма? -
Жалпы айтыс өте жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастыруы да біз ойлағаннан әлдеқайда жоғары болды деп нық сеніммен айта аламын. Себебі, бұл айтыс бұрынғыдан өзгерек еді. Сондықтан Алматы қаласының әкімдігі тікелей өздері бақылауына алды. Қала әкімі Бауыржан Байбек мырза өзі жетекшілік етіп, төл өнерімізді Алматы төріне көтергені үшін алғыстан басқа айтарым жоқ. Жалпы ақындар еркелеу «халық» қой. Бұл айтысқа әр облыстан 20 ақын келді. Барлығын қонақүймен қамтып, ас-суына дейін беріп, еркеліктерін көтеріп, ешкімді ренжітпей жіберді деп ойлаймын.
- «Бұл айтыс бұрынғыдан өзгерек» деп айтып қалдыңыз. Несімен ерекшеленді? -
Өзгерек деп айтыстың қамтыған тақырыбын айтып отырмын. Біріншіден бұл айтыс тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына, екіншіден оңтүстік астанамыз Алматының 1000 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Сонымен қатар, жаңа жыл өтісімен Алатау бөктерінде өтетін Дүниежүзілік студенттер ойынын да жырымызға арқау еттік.
- Ал осы тақырыптарды әріптестеріңіз жеріне жеткізіп жырлай алды ма?
- Жеткізді деп ойлаймын. Себебі, ақындардың айтысына Алатау бөктерінде қол соқпаған ешкім қалмағандай көрінді. Айтыстың алғашқы күнінен бастап, Ершаттың ұтымды сөздері, Арқаның сырбаз серісі Мақсат Ақанов пен семейлік ару Әсем Ережеқызының «қыз бен жігіт» айтысы, оралдық Жансая Мусина мен алматылық Шұғайып Сезімханның сөз сайыстары, Алматылық Рүстем Қайыртай мен Арқадан келген Өміржан Көпбосынов, астаналық Еркебұлан Қайназаров, павлодарлық жас пері Аспанбек Шұғатай мен алматылық Болатбек Оразбаев және басқа да әріптестеріміз аталған тақырыптар төңірегінде түйдек-түйдек жырларымен елді тәнті етті. Екі күндік тартысты өткен айтыстың нәтижесінде қазылар мені жеңімпаз деп танып, бас жүлдені берді.
- Жыл сайын осы «Алтын домбыра» айтысында жеңімпаз болған ақынға көрермендер тарапынан көптеген пікірлер айтылып жатады. Неге?
- Бұл халықтың айтысқа деген жанашырлығы болар. Кейде осындай талқылаулар да керек шығар деп ойлаймын. Баяғыда бір анадан біреу: «Қай балаңызды жақсы көресіз», деп сұрапты. Сонда әлгі ана: «Жазылып кеткенше, ауруханадағы баламды, үйге жеткенше, жолдағы баламды жақсы көрем» депті. Сол сияқты егер «Алтын домбыраны» менен басқа біреу алса, «Мұхтар» деп шулауы мүмкін. Ол жерде қанша халық көрермен болса, сонша көзқарас, сонша пікір болады. Қазір әлеуметтік желілер «қайнап» жатқанын көріп жатырмын. Мен ешкімге ренжімеймін. Әркім не айтқысы келеді? Соны айта берсін.
- Жүлде тапсырғанда халық «Болатбек Оразбаев» деп шулады. Халыққа Алматы әкімі Бауыржан Байбек басу айтып, сабырға шақырды. Осы кезде сіз қандай көңіл күйде болдыңыз?
- Менің «Алтын домбыраны» алуым кездейсоқтық емес. Мен осы жылдың басынан бері Ташкентте, қызылордада өткен халықаралық айтыстардан бас жүлдені еншіледім. Атырауда, Ақтөбеде де республикалық айтыстардан жеңімпаз атанып, биылғы ақындардың рейтнигінде бірінші орында тұрмын. Осыған дейін нәтижесіз келіп, аяқастынан «Алтын домбыраны» әлдебіреулердің ықпалымен алып кете салған жоқпын. Сондықтан, сахнада айғай-шу болып жатса да өзіме сенімді, жоғары көңіл күйде болдым. Халықтың шу көтеруінен түсінгенім, Болатбек Алматының тумасы болғандықтан, өздерінің ішкі сезімінде «Алтын домбыраны» Алматыда алып қаламыз деп, оның иесін алдын-ала өздері белгілеп қоюуынан деп ойлаймын.
- Төрешілер дұрыс шешім жасады деп ойлайсыз ғой...
- Екі күндік жыр сайысында айтыстың өз өкілдері төрелік етті. Олардың арасында Қойлыбай Асанов, Қонысбай Әбіл, Аманжол Әлтаев, Мұхамеджан Тазабеков, Дәулеткерей Кәпұлы, Бауыржан Халиолла бар. Әділқазылар алқасының төрағасы - белгілі ақын, «Алаш» сыйлығының иегері Әділбек Ыбырайымұлы. Бұл кісілер сөздің қадірін білетін, өлеңнің өресін түсінетін белгілі тұлғалар. Әр ақынның ауызынан шыққан әр жыр жолын көңілдеріне түйіп, саналарына салып, сараптап барып, шешім шығарды деп ойлаймын. Сондықтан өз басым төрешілерге айтар уәжім жоқ.
- Айтысқа дейін биыл екінші рет «Алтын домбыраны» жеңіп алам деген алдыңызға мақсат қойдыңыз ба? -
Әрине, адамда мақсат болу керек. Енді осы «Алтын домбыраны» үшінші рет жеңіп алсам деген ой да жоқ емес.
- Әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан Нұрсұлтан Отарбай