Жақында 31 телеарнасынан «Ұят емес» бағдарламасы қалың көпшілікке жол тартты. Бұл бағдарлама белгілі адамдардың белгісіз қырлары, жасырын сырлары, осы уақытқа дейін елге айтылмаған құпиялары жайлы сыр шертеді. «Ұят емес» бағдарламасын ұятсыздыққа балаған Мұрат Алмасбекұлы Фэйсбук парақшасында мынадай сыни-пікір жазып қалдырыпты:
"Ұят емес" деген мыжыған бағдарлама шығыпты. "Ұят болады" деген бағдарлама неге шықпайды оның орнына? Ел алдында жүрген адамдарды студияға шақырып алып, «ұят емес» деп, суырыла, сұғанақтана сұрақ қойып, олардың ең бір өкінішті, жүрек ауыртар сәттерін, олардың өміріндегі жарқын сәтін, ең бір жүрек тербер, өзгеге үлгі болар, жақсы көңіл-күй сыйлар жайларын неге айтқызбайды?
Анау «атақты адам, әйгілі жұлдыз» дегендердің байынан таяқ жегені, күйеуінің көзіне шөп салғаны, немесе жағдайы жоқ болып қалған кездері, күйеуінің тоқал алып алғаны т.б. кімге қызық, кімге таңсық. Және оны былайғы жұрттың бәрі жанашырлықпен тыңдап, содан сабақ алады деу... Көбі соны қызыл өсек ретінде тыңдап, айызы қанып, ертең біреуге өсектеуге асығып, жайы келсе ананы табалап, күліп отырары анық. «Жаман сырын айтамын деп шынын айтыпты» деген сөз бар. Телеарналардың айналдыратыны сол бес әнші. Әрқайсысы әртүрлі айдар ашып, ат тағып солардың ішек-қарнына дейін ақтаруға ғана маманданғандай. Басқа қолдан келер сауатты дүниесі жоқ болған соң рейтинг жинаудың арзан, өздері үшін «ұят емес» жолын қумағанда қайтсін. Аудитория да осындай бағдарламаларға әбден байланып, есі-дерті ауып қалған. Енді не істесін, олардың санасын да жеңілтек қыз, көңілшек келіншектің мінезіндей қызыл-жасылға, сылдыр-сұйыққа әбден бейімдеп тастаса.
Қазақ сонау ата-бабасынан бері "Ұят болады" деген сөзбен жасап келеді. Сол ұят болады талай ұятты істерден сақтады. Өзіміз де сол «ұят болады» деген халықтық мораль кодексімен келеміз. Жаман болған жеріміз жоқ. «Әлемде ұяттан сұлу нәрсе жоқ» дейді Сократ. Әнші, жұлдыздар да адам. Біреудің отбасылық мәселесін, жан күйінісін халықтың алдында айтқызып, оны «ұят емес» деп үрлеп дабырайту ұятсыздықтың нақ өзі. Ұят емес дегенді санаға сіңіргенше, ұят болады деген ұғымды ұялатуға неге тырыспаймыз?! Онсыз да ұяты жұқарып, тәні мен жаны жалаңаштанып бара жатқан қоғамда ұят емес деген жарнама жасау – үлкен ұят".
Бұл пікірге Фэйсбук қолданушылары «Өте орынды жазылған», «жаманнан кесепат ... деген қазақ "мал құлағы саңырау" деп көрген ауыртпашылығына шүкір етіп, жаманды жалпақ жұртқа жаймаушы еді...» сынды пікірлер қалдырған.