Шымкенттік Артық Досалиев 120 тонна жүктегі 5 вагонды жалғыз өзі сүйреп, Қазақстан рекордын жаңартты
Шымкент қаласының тұрғыны, 52 жастағы Артық Досалиев салмағы 120 тонна болатын бес жүк вагонын жалғыз өзі сүйреп, жаңа Қазақстан рекордын орнатты. Тәуекелі мен табандылығын дәлелдеген спортшы бұл жетістікке бір жыл бойы дайындалған.
Ол шойын жол бойындағы вагондарды тоқтамастан 21 метр 40 сантиметрге дейін жылжытты. Рекордты тіркеуге келген Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі рельстердің көлбеулігін, жүктің нақты салмағын және арақашықтықты мұқият тексеріп, нәтижені ресми түрде растады.
Артық Досалиев пауэрлифтинг спортымен соңғы үш жыл бойы айналысып келеді. Осы уақыт ішінде ол 5 мәрте Әлем чемпионы, 2 дүркін Еуропа жеңімпазы және 8 рет Азия жүлдегері атанған. Ол бұл ерекше жетістігін Жеңістің 80 жылдығына, сондай-ақ ел Тәуелсіздігі жолында жанын қиған батырлар мен ұлы тұлғалардың рухына арнады.
Артық Досалиев, пауэрлифтингтен Әлем чемпионы:
«Бұл – менің соңғы рекордым емес. Алдағы жылы Жеңіс мерекесі қарсаңында 6-7, тіпті 20 вагонға дейін сүйреуді жоспарлап отырмын. Бұдан бөлек, “Боинг” ұшағын, Ақтауда танкер сүйреу ойымызда бар».
Бақытжан Тастүлеков, Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі:
«Бұл әрекеттің әлем рекордына айналуы әзірге белгісіз. Өйткені біз ол жайлы мәліметтерді зерттеген жоқпыз. Дегенмен, Артық Досалиевтің жетістігі – Қазақстандағы ресми түрде тіркелген жаңа рекорд».