Қазақ тіліндегі контент үлесі аз телеарналарға айыппұл салу ұсынылды

/uploads/thumbnail/20250627142304201_big.webp

Қазақ тіліндегі хабар аз болғаны үшін телеарналарға әкімшілік жаза қолдану ұсынылды

Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақ тілінде жеткілікті көлемде хабар таратпаған телеарналар мен радиостанцияларға әкімшілік жауапкершілік енгізуді көздеп отыр. Жаңа нормаға сәйкес, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап апталық эфир уақытының кемінде 55%-ы қазақ тіліндегі контентке арналуы тиіс.

Аталған талап бұған дейін де заңда көрсетілгенімен, оны бұзғандарға ешқандай жаза қолданылмаған. Енді бұл ережені сақтамаған БАҚ-тарға айыппұл салу ұсынылып отыр.

Қазіргі уақытта әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қоғам талқысында. Азаматтар өз пікірлерін 10 шілдеге дейін білдіре алады.

Жоба аясында тілдік квотадан бөлек, жарнама уақытына қатысты талаптарды бұзған теле-радио хабар таратушыларға да жаза қолдану ұсынылған. Қолданыстағы заң бойынша, жарнама эфир уақытының тәулігіне 20%-ынан аспауы керек.

Сонымен қатар, министрлік әлеуметтік желілер мен видеоплатформаларда құқыққа қайшы контент таратқандарға айыппұл салу жүйесін енгізуді ұсынуда. Ведомствоның мәліметінше, 2024 жылы отандық онлайн платформаларда 78,5 мыңнан астам заңға қайшы материал анықталған, бірақ оның тек 24,3%-ы ғана жойылған.

Жоба шетелдік тәжірибеге де сүйенеді. Еуропалық одақ елдерінде, Ұлыбритания мен Оңтүстік Кореяда тілдік және жарнамалық талаптарды бұзған медиа ұйымдарға миллиондаған еуро көлемінде айыппұл салынып, тіпті платформаларды бұғаттау шаралары қолданылады.

Қазақстан билігі мұндай қадам медиа мекемелердің жауапкершілігін арттырып, мемлекеттік тілді дамытуға серпін береді деп санайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін бекітілген 2030 жылға дейінгі Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 2029 жылға қарай мемлекеттік телеарналардағы қазақтілді бағдарламалардың үлесін 85%-ға, ал халықтың қазақ тілін меңгеру деңгейін 84%-ға жеткізу жоспарланған.

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар