Мәжіліс кулуарында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ең төменгі жалақыны көтеру жөнінде пікір білдірді.
Министрдің айтуынша, бұл мәселе күн тәртібінде тұр. 2024 жылы алғаш рет ең төменгі жалақыны есептеудің жаңа әдістемесі қабылданған. Қазіргі уақытта үш ғылыми-зерттеу институты еңбек өнімділігі, өңірлік және салалық медианалық жалақы көрсеткіштері бойынша зерттеу жүргізіп жатыр. Бұл деректер ең төменгі жалақы мөлшерін есептеуге негіз болады.
– "Біз әдістемені қабылдадық. Қазір нақты талдау жүріп жатыр. Соның нәтижесінде ең төменгі жалақы мөлшері анықталады. Егер зерттеу нәтижелері оң болса, ең төменгі жалақы 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап көтерілуі мүмкін", – деді министр.
Министрлік бұған дейін Дүниежүзілік банк сарапшыларымен бірлесіп, әдістеме жобасын әзірлеген болатын.
Айта кетейік, Халықаралық еңбек ұйымы елдерге Кейтц индексін қолдануды ұсынады. Бұл индекс бойынша ең төменгі жалақы медианалық жалақының кемінде 50%-ына тең болуы тиіс. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш орта есеппен 55%-ды құрайды. Ал Қазақстанда 2023 жылы Кейтц индексі небәрі 34% деңгейінде болған.