Қазақстанда жолаушылар пойыздарын бейнебақылау жүйесімен жабдықтау қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта төрт мыңға жуық бейнекамера орнатылған. Жыл соңына дейін ел ішіндегі барлық 112 бағыттағы пойыз толық бейнебақылаумен қамтылмақ.
Мамандардың айтуынша, пойыздардағы камералардан түсетін бейнематериалдар нақты уақыт режимінде арнайы ситуациялық орталықта бақыланады. Бұл стандартты емес жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бейнежазбалар жолаушылардың ұмыт қалдырған заттарын табуға да көмектеседі.
"Қазақстан темір жолы" компаниясының мәліметінше, бейнебақылау жүйесін енгізгелі бері пойыздардағы құқықбұзушылықтар саны 21%-ға, ал жолаушылар тарапынан келіп түсетін шағымдар үштен біріне азайған. Ұмыт қалған заттардың әрбір тоғызыншысы иесіне қайтарылған.
– "Бейнеаналитикалық жүйе арқылы пойыздағы түтінді, бұзақылықты, сондай-ақ бет-әлпетті тану сияқты ерекше жағдайларды анықтай аламыз. Бұл жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған", – деді "Жолаушылар тасымалы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Төрегелдин.
Айта кетейік, жаңадан сатып алынған барлық вагондар бейнебақылау жүйесімен толық жабдықталған күйде жеткізіліп жатыр.