Қазақстанда шілде айының алғашқы жексенбісі — Ұлттық домбыра күні ретінде аталып өтеді. Биыл бұл мереке 6 шілдеге сәйкес келіп отыр. Домбыра күні 2018 жылы президент жарлығымен бекітілген.
Жыл сайын әр өңірде домбыра күніне байланысты түрлі шаралар ұйымдастырылады. Алайда ұлттық аспап ретінде домбыраны ұшаққа қол жүгі ретінде алу мүмкін болмай отыр. Бұған қатысты қоғам белсенділері үнемі өз наразылығын білдіріп, домбыраны ұшақ салонына емін-еркін алып кіруге қатысты арнайы заң қабылдануын ұсынуда.
Бұған дейін бұл мәселе Мәжілісте де көтерілді. Депутат Ринат Зайытов ұлттық аспаптарды ұшаққа кіргізуге рұқсат етілу керек деп есептейтінін жеткізді.
"Қазір әуе компанияларында қазақтың ұлттық аспаптарына қарсы бір әдейі жоспарланған нәрсе сияқты жүріп жатыр. "Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра" деп Қадыр Мырзалиев айтпақшы, бұл біздің мемлекетіміздің айнасы. Әуе компанияларыңызға дұғай сәлем айтыңыз. Осы мәселені шешіп беріңіздер. Қазақтың саусаққа толмастай 4-5 ұлттық аспабы бар. Сол аспаптар ұшаққа кіргізуге рұқсат алсын", деді депутат.
Qamshy.kz ақпараттық агенттігі осыған қатысты оқырман арасында сауалнама жасауды жөн көрді. Ал сіз қалай ойлайсыз, домбыраны ұшақ салонына алып кіруді заңдастыру қажет пе?