Белгілі драматург, халық жазушысы Исраил Сапарбай өмірден өтті, деп жазады Qamshy.kz ақпараттық агенттігі. Қаралы хабарды Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов хабарлады.
"Бүгін таңнан суық хабар жетті.. Таңғы сағат төрт шамасында 85 жасына қараған шағында Қазақстанның халық жазушысы, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, аса көрнекті ұлт ақыны, белгілі драматург, талантты сазгер Исраил Сапарбай ағамыз дүниеден өтті. Иә, сағат тілі қасиетті жұмаға қарай ауғанда соңғы демі үзілді.
Исраил Сапарбай — қазақтың көрнекті ақыны, драматургі, аудармашысы және танымал ән мәтіндерінің авторы. Ол 1941 жылы 15 мамырда Өзбекстанның Самарқан облысында дүниеге келген. «Аққу арман», «Қызыл жел», «Жүрегіме ұя салған қарлығаш» сияқты лирикалық жинақтарымен танымал. Сонымен қатар «Сыған серенадасы», «Ауылдан келген ару» пьесалары театр сахнасында қойылып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген. «Парасат» орденінің иегері, Шымкент қаласының Құрметті азаматы.