Шерзат Болаттың өлімі бойынша өтіп жатқан сот процесінде айыпталушы Дархан Әскентайдың адвокаттары сотқа өтінішхат түсірді.
Алайда сот адвокат Ержановтың өтінішхаттарын ашық қалдырды. Судья алдымен Дархан Әскентайдан жауап алынатынын жеткізді.
Айыпталушы Дархан Әскентайдың адвокаты тергеу кезінде оның қысым көргенін айтып, оқиға болғаннан кейін оған медициналық көмек көрсеткен дәрігерлерді сотқа шақыруды өтінді.
Шерзат Болаттың бет тұсына соққы жасағаны туралы дерек бойынша Талғар аудандық ауруханасында Әскентайға медициналық тексеріс жүргізілген. Бірақ тексеріс кезінде қажетті медициналық көмек көрсетілмеді, соның салдарынан Дархан Әскентай тергеу кезінде толыққанды жауап бере алмады. Сонымен қатар, оның денсаулығы ескерілмей, барлық сот тергеуі заңсыз әрі қысыммен өткізілді, - деді адвокат.
Оның айтуынша, 28 күн бойы Әскентайға ешқандай ем көрсетілмеген.
Әскентай Дарханның көзінің астындағы сүйегі сынып, көзі іріңдеп кеткен. Оның денсаулық жағдайына байланысты, Қонаев қаласындағы уақытша ұстау изоляторына ауыстырылған кезде алғаш болып Қонаев ауруханасына жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілді. Осы мәселе бойынша уақытша ұстау изоляторының басшысын куә ретінде сотқа шақыруды сұраймын, – деді адвокат Ержанов.
Сонымен қатар ол жәбірленушінің заңды өкілі Нұрымов Қаржаубайдың сотта берген жауаптарынан кейін Әскентай Дарханның Ринат есімді жездесін қосымша куә ретінде жауап алуға, оны сотқа шақыруды өзіне жүктеуді өтінді.
Ол судьядан жәбірленушінің заңды өкілі Нұрымов Қаржаубайға қорғау тарапынан қойылмаған бірнеше сұрақ бар екенін айтты. Осыған байланысты Нұрымов Қаржаубайдан қайта жауап алуын сұрады.