Жамбылдық ер адам 34 жыл «үйленгенін» банк қосымшасынан біліп, соттан неке жазбасын жойдырды

/uploads/thumbnail/20260114140204295_big.webp depositphotos.com

Жамбыл облысының тұрғыны банк қосымшасындағы «Мемлекеттік қызметтер» бөлімін ашып, 1991 жылы өз атына неке тіркелгенін көріп, есеңгіреп қалды. Жарты ғасырға жуық «үйленіп жүргенін» сол сәтте білген ол жазбаны жою үшін сотқа жүгінді.

Қысқа таныстық, ұзақ «неке»

Істің мән-жайын сот материалдары ашып берді. Ер адам 1991 жылы қызбен төрт ай ғана кездесіп, кейін айырылысып кеткен. АХАТ бөліміне барып, неке тіркетпеген, ешқандай құжатқа қол қоймаған.

Одан кейін әркім өз жолымен кеткен: қыз 1994 жылы басқа азаматпен ресми некеге тұрған, ал ер адам 2021 жылы отбасын құрған.

Алайда 2025 жылы банк қосымшасынан 1991 жылғы неке туралы дерек шыққанын көріп, азамат тіркеуді жоюды сұрап, сотқа арыз берген.

Сот не анықтады

Сот акт жазбасындағы қолтаңбаларды тексеріп, олардың ни ер адамдікі, ни әйелдікі емес екенін анықтады. Қолтаңбаларды үшінші тұлға қойғаны белгілі болды.

Сол жылғы азаматтық хал актілерінің түпнұсқа кітабын архивтік сақтау мерзімі өтіп, жойып жібергені анықталды. Дегенмен істегі көшірмелер мен өзге дәлелдер жеткілікті деп бағаланды.

Ер адамның жақын досы мен көршісі куә ретінде тыңдалып, ешқандай тіркеуге бірге бармағанын және құжатқа қол қоймағанын растады. Іске үшінші тұлға ретінде тартылған АХАТ өкілі сот отырысына келмеді.

Шешім қандай шықты

Сот 1991 жылғы неке тіркеуін заң талаптары өрескел бұзылып жүргізілген деп таныды: тараптар тіркеуге жеке қатыспаған, ал мұндай «қашықтан неке» заңда жоқ. Соның негізінде акт жазбасын жарамсыз деп таныды.

Оқиға азаматтық хал актілерін жүргізуде және дерекқорларды цифрландыруда қауіпсіздік пен тексеру рәсімдерін күшейту қажеттігін айқын көрсетті.

Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қатысты Мақалалар