Астанада 7 мамырда сағат 11:00-де Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай ауқымды әскери шеру өтеді.
Шеру өтетін жерде қауіпсіздік пен бақылау шаралары күшейтіледі. Оған Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, әскери іс-қимылдардың ардагерлері, ҚР Қарулы Күштерінің үздік бөлімшелері, құрмет қарауыл роталары, ҚР Қарулы Күштерінің, өзге де әскерлер мен әскери құралымдардың, әскери құқық қорғау органдарының және т.б. ардагерлері шақырылған.
"Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және іс-шараларды реттеп өткізу мақсатында биыл парадты тікелей тамашалау шектелді. Мұндай шешім адамдар көп жиналатын жағдайларда қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттілігіне байланысты қабылданды. Трибунадағы орындар саны шектеулі және алдын ала бөлінген, бұл парад өткізу кезінде тиісті бақылау мен үйлестіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл – әскери техника мен авиация қатысатын ауқымды іс-шараларды ұйымдастыру кезінде қолданылатын халықаралық стандартты тәжірибе", – деп түсіндірді ведомство.