Мемлекеттік нөмірсіз жүрген көлікті тоқтатқан жол сақшылары бастықтарынан «таяқ» жеді

/uploads/thumbnail/20170709184708890_small.jpg

Атырау облысында мемлекеттік нөмірсіз жүрген көлікті тоқтатқаны  үшін жол сақшылары бастықтарынан сөз естіді. нөмірсіз жүрген көлікті «неге тоқтатасыңдар» деген Махамбет аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығына ұқсайтын азамат, толтырылған хаттаманы жыртып, желге ұшырған. Сондай-ақ, өз қызметкерлерін балағаттаған бастықтың сөздері бейнетіркеуіште жазылып қалған.  Бұл туралы «31 арна» жаңалықтары хабарлады.

Махамбет аудандық Ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Нұрлыбек Досқайыровқа ұқсайтын азаматтың мемлекеттік номері жоқ көлікті тоқтатқан жол полиция қызметкерлеріне қоқан-лоқы көрсеткендігі мына әуесқой түсірілімнен байқалады. Бұл жолғы даудың басы  жергілікті әкімшілікке қарасты техникадан басталған. Номерсіз жүрген мына көлікті тоқтатқан тәртіп сақшылары аудан әкімі орынбасарынан да орынсыз айқай естігендігін анық аңғаруға болады. 

Желіні шулатып, тәртіп сақшыларына тосын сауал тастаған шенеуніктер әлеуметтік желіге тараған осы видеодан кейін өздерінің өкінетіндіктерін жеткізді. 
Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Мәлік Аманов, «Өте манағыға өкінеміз енді. Осындай жағдайға барып, осылай шығып кеткеніне. Мен полицияға сөйлегенде ештеңе айтпаған сияқтымын. Мен жаңа сұрадым, не үшін тоқтатқанын, тоқтатып тұрған кім екенін сұрадым», деп ақталған.
Әлеуметтік желіге тараған видео бойынша Махамбет аудандық  жергілікті полиция қызметінің бастығы жауап бермеді. Тілшілермен тілдесуге құлықсыз басшы «қолы бос еместігін» ғана айтты. Есесіне, Облыстық ішкі істер департаменті қарамағындағы қызметкерлерге қатысты тексеруді бастап кеткен. 
Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлназ Мұхтарова «Бұл факті бойынша ІІД-нің өзіндік қауіпсіздік басқармасымен қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Қосымша ақпарат тексеріс қорытындысы бойынша берілетін болады», деді.
Ал мемлекеттік нөмірі жоқ көлікті тоқтатып, хаттама толтырған қатардағы жол полицейлеріне қатысты қандай жаза қолданылғаны белгісіз.

Қатысты Мақалалар